Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Үмбетбай Уайдин атындағы оқу кабинеті ашылды

Үмбетбай Уайдин атындағы оқу кабинеті ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің педагогика факультетінде белгілі жазушы Үмбетбай Уайдин атындағы оқу кабинеті ашылды. Туған жерін бар жанымен сүйген қаламгердің ғазиз есімі енді өзі туып-өскен өлкедегі ең ірі оқу орнының төрінде тұратын болды.

Оқу кабинетінің ашылу салтанатында аталған университеттің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков қаламгерге деген құрмет «Ақтөбе ақтаңгерлері» жобасының аясында көрсетіліп отырғанын атап өтті.

— Оқу орнымыздың осы жобаны қолға алғанына үш жыл уақыт өтті. Мұндағы мақсат —сонау алыс ғасырлардағы тарихи тұлғалардан бастап, бүгінде халқымызды бар әлемге танытып жүрген Димашқа дейінгі аралықтағы Ақтөбе топырағынан шыққан белгілі тұлғаларды жас ұрпаққа дәріптеу, үлгі-өнеге ету. Өнегелі тұлғалар есімін санасына сіңірген жастар соларға еліктейді, сондай адам болуды армандайды, солардың жолын жалғайды. Сондықтан бүгін белгілі сатирик-жазушы, ардақты ұстаз Үмбетбай Уайдин атындағы оқу кабинетінің ашылуы — біз үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта осы жерде Үмбетбай Уайдинді еске алу, оның шығармашылығын насихаттау үшін ұйымдастырылған іс-шараларда бас қосатын боламыз, — деді Бауыржан Ердембеков.

Сондай-ақ жиында жазушының жары Мариям Алданова, белгілі публицист, ақын, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы, ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы құттықтау сөз сөйлеп, оқу кабинетінің ашылуына ұйытқы болған университет басшылығына ризашылықтарын білдірді, әдемі естеліктер айтты. Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев жазушының туған өңірінің ыстық сәлемін жеткізді.

Жазушының жары оның қарапайымдылығын, көзі тірісінде туған еліне, халқына адал қызмет етуден басқа еш мақсат-мұрат қумағанын айтты:

— Үмбетбай Уайдин — көзінің тірісінде атақ қуып, марапат алу үшін, шен-шекпендіні жағаламақ түгіл, ондайды тіпті ойламаған адам. Ол: «Жазғаныңды халық оқыса, бағаласа, қаламгер үшін ең басты марапат — сол», — дейтін де, бұл тақырыпты жаба салатын. Расында, соңына ұрпақтарға рухани азық болатын мұра қалдырған, лайықты адамды халық ешқашан ұмытпайды, барынша құрметтейді екен. Бүгін соған тағы бір көзім жетті, — деді Мариям апай.

Университеттің бас корпусында орналасқан педагогика факультетіндегі Үмбетбай Уайдин атындағы оқу кабинеті жазушының отбасының қаржылай демеушілігімен жабдықталған. Ең төрге оның еңбектері қойылған кітап сөресі ілінген. Қабырғаларға жазушының нақыл сөздері, өлеңдері мен ән мәтіндері жазылыпты. Сондай-ақ бұл кабинеттен жазушы Үмбетбай Уайдин туралы мақалаларды, естеліктерді, белгілі адамдардың пікірлерін таба аласыз. «Адамның ажары да — бірауыз сөзден, ажалы да — бірауыз сөзден», «Нағыз намыс жарқ етіп жанады, жалған намыс жалп етіп сөнеді», «Жақсы адам жан-жағына күн шашып жүреді, жаман адам жан-жағына күл шашып жүреді», «Күлкісі көп адам да — қауіпті, күлкісі жоқ адам да — қауіпті», «Күн көрінбесе, көп айтылады», т.б. әдемі тіркеспен, жинақы жеткізілген байыпты ойлар осы жерде білім алған жастар үшін көнермес қазына, жан азығы боларына сенеміз.

Жиында университет ректоры Бауыржан Ердембеков жазушының жары Мариям Алдановаға «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне — 85 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті, арнайы шақырылған басқа да қонақтарға сый-сияпат көрсетті.

Өз кезегінде Мариям апай да университет басшысына Үмбетбай Уайдиннің өзі өмірден өткеннен кейін жарыққа шыққан кітаптарын табыстады. Соңынан университет студенттерінің орындауында Үмбетбай Уайдиннің сөзіне жазылған әндер шырқалды.

 

Индира ӨТЕМІС

https://aqtobegazeti.kz/?p=95467