Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қоғам кеселімен күресушілерге құрмет

Қоғам кеселімен күресушілерге құрмет

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай облыс әкімі Оңдасын Оразалин сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосқан бірқатар белсенді азаматты марапаттады.

«Antikor ortalyǵy» сервистік орталығы ғимаратында өткен жиынға арнайы мониторингтік топ пен ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ журналистер жиналды.

— Ең алдымен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өткізіп отырған осынау кездесудің өзі кездейсоқтық емес дегім келеді. Өйткені ұлық мереке — Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіміз — Алланың берген сыйы. Міне, 29 жылдың ішінде қандай жетістіктерге жеттік, бұрын жағдайымыз нешік еді, көпшілігі бұны біледі. Талай қиыншылықтарды бастан кешірдік. Бірақ Елбасының сарабдал саясатының арқасында көптеген инвестициялар келе бастады, өзіміздің кәсіпкерлер қалыптасты, біртіндеп ауыртпалықтар артта қалды. Әу бастағы мен қазіргі жағдайды салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Енді мәңгілік ел боламыз десек, болашағымызды ойласақ, таза, ашық, қазіргі заманның талабына сай қоғам құруымыз керек. Бұл — Мемлекет басшысының бізге жүктеп отырған басты тапсырмасы. Ол үшін әуелі сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажет. Бұны мемлекеттік қызметшілер, қоғам болып бақылауға алып, жанашырлық танытуымыз керек. Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні осы іске барлығымызды жұмылдыруда да өзіндік оң әсер етері сөзсіз, — деген облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы атаулы күнмен құттықтай келе, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың Алғыс хатын тапсырды. Олардың арасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ермек Имантаев бар. Ал облыс әкімінің Алғыс хатымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штабтың мүшесі, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, т.б. марапатталды.

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков қоғам мен мемлекеттік органдардың ашықтығының маңызы туралы айтты:

— Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні 2004 жылдан бастап, жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтіледі.  Бұл айтулы күннің біздің елде де алар орны ерекше. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндеттер атқарылып келеді.

Осы жыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өзгерістерге аз болған жоқ. Біз ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасы аясында қызмет етудеміз. Тұжырымдаманың басты мақсаты — азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату. Ал тұрақты диалогты орнату үшін мемлекеттік органдар тарапынан ашықтық пен жариялылықтың болуы шарт. Мемлекеттік саясат сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуге тиіс.  

Өз тарапымыздан тұрғындарды сыбайлас жемқорлықтың алдын алу іс-шараларына белсенді қатысуға, параны алмауға және бермеуге, өсіп келе жатқан жастарымызды парасаттылық пен адалдық қағидаттарына сай тәрбиелеуге шақырамыз. Сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз ету арқылы қазіргі заманғы мемлекет азаматтарының жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Бүгінгі таңда бірлесіп жүргізген белсенді әрі жүйелі жұмысымыз — келешек ұрпақтың игілігі болмақ, — деп, өз атынан жоғарыда аталған арнайы штабтың мүшесі Құдайберген Бекенов, «Екі езу» сатира театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан сынды бір топ белсендіге Алғыс хат ұсынды.

Марапатталғандардың атынан сөз сөйлеген Раукен Отыншин «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда» ғана биік белестерді бағындыратынымызды айтып, бірлік ұғымы һәм Елбасы саясатының маңызына тоқталды, артынша ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Басқосу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша дайындалған  бейнеролик көрсетілді. Жиналғандар естелік суретке түсті.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=95499