Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білім беру жүйесінің дамуы талқыланды

Білім беру жүйесінің дамуы талқыланды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Жұбанов университетінің «Тәуелсіз елдің тұғырлы білімі» тақырыбында пікір алмасу алаңы өтті.

Университеттің тарих факультеті ұйымдастырған онлайн және офлайн форматтағы басқосуға университет басшылары, ғалымдар, оқытушылар, сарапшылар қатысты.

Жиынды алғысөзімен ашқан Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков алдымен Ұлы дала елінің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Өз кезегінде университет басшысы білім берудің қазіргі басым бағыттары туралы айтып, мұғалімдерді қолдау және мұғалім мәртебесін көтеру сынды өзекті мәселелерге жіті тоқталды.

Жиында Лафборо университетінің түлегі Нұрбек Дүймұханов пен Сакария университетінің магистратура түлегі Айдана Құлманова «Болашақ» бағдарламасының қазақстандық жастарға арналған мүмкіндіктері туралы айтты. Сонымен қатар басқа да баяндамашылар университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы халықаралық рейтингтердің рөлі, білім беру жүйесіндегі докторантураның орны туралы талқылады.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Жұбанов университеті күні бүгінге дейін басынан сан алуан тарихты өткізе отырып, білікті мамандар даярлауда еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді.

Жұбанов университетінде білім және ғылым жүйесін одан әрі дамыту басты мәселе болып табылады. Батыс өңіріндегі ең ірі жоғары оқу орны сексен бес жыл ішінде елдің қалыптасуына өз үлесін қосқан жүз мыңнан астам маман дайындады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда оқу орны өзінің міндеті ретінде батыс өңірін өзгертетін, жаһандық міндеттерді шешуге қабілетті заманауи тұлғаларды қалыптастыруда.

Айта кетейік, аталған оқу ордасы білім беру сапасын арттыру үшін QS халықаралық рейтингісіне, Erasmus+, «Болашақ» халықаралық жобаларына қатысады. Сондай-ақ, университетте білім беру бағдарламаларын әзірлеу, өзектендіру, жетілдіру және енгізу жүзеге асырылады.