Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттер алғысқа бөленді

Студенттер алғысқа бөленді

Бүгін «Жұбанов парасаттылық ордасы» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосқан студенттер марапатталды.

Салтанатты шара  Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов пен Ақтөбе облысы Әділет департаментінің құқық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жақсылық Жуминнің  қатысуымен өтті.

Шараны кіріспе сөзімен ашқан Жұбанов университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев   оқу орнында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.  Оның айтуынша, аталған оқу ордасында бүгінде  жемқорлықтың алдын алу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы бағытта «Жұбанов парасаттылық ордасы» жобасы ашықтық, жариялылық принциптеріне сүйене отыра «Саналы ұрпақ», «Парасаттылық мектебі», «Адалдық дүкені», «Ізгілік Елшісі» жобаларын жүзеге асырады.

Еске сала кетейік, университетте «Жұбанов парасаттылық ордасы» жобасы аясында да кешенді жұмыс төрт бағытта жүргізілуде. Бірінші – академиялық процесті ұйымдастыру мен қаржыландыруда әділ шешім қабылдау мақсатында алқалы органдарға сүйенеді. Екінші – «Бір терезе» қағидасын ұстану, үшінші – адалдық принциптерін сақтау және төртінші – студенттер мен қызметкерлер арасында адалдық мәдениетін қалыптастыру. Бұл тұрғыда студенттер тарапынан   «Адалдық дүкені», «Саналы ұрпақ» клубы, «Парасаттылық мектебі» нәтижелі жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, 2017 жылы Тәртіптік-сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі құрылды. 2019 жылы «Академиялық адалдық Кодексі» жасақталды. Әр оқу жылының академиялық кезеңдерінде Сапа мониторингі бөлімі тарапынан «Оқытушы студент көзімен», «Білім беру сапасы», «Таза сессия» сауалнамалары жүргізілуде. Білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми жазба жұмыстары университеттегі Антиплагиат бағдарламасынан тексеруден өткізіледі. Университетте студенттердің  өзін өзі басқару ұйымы – студенттік парламент құрамында 17 студенттік ұйымдар мен клубтар жұмыс жасайды.

Салтанатты шарада бір топ студент  «Жұбанов парасаттық жобасы» ордасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, адалдық, әділдік, парасаттылық құндылықтарын насихаттауға белсенді үлес қосқаны үшін ректор Б.Ердембековтің алғыс хатына ие болды.

Өз кезегінде  сөз тізгінін алған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін студентерге алғысын білдірді.

Бұдан соң Ақтөбе облысы Әділет департаментінің құқық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жақсылық Жумин волонтер-заңгерлермен және заң қоғамдастықтары өкілдерімен өмірлік қиын жағдайда жүрген азаматтар мен адамдарға құқықтық мәселелер шегінде консультациялық көмек көрсету жұмыстарына белсенділік танытқан студенттерге алғыс хаттар табыс етті.

Басқосу соңында жиналғандар естелік суретке түсті.