Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тәуелсіздік философиясы

Тәуелсіздік философиясы

Ұлттық идеяның арқасында елдің территориясы қорғалып, ұлттың тарихы мен мәдениеті нығайып отырған.

Қазақ халқының тәуелсіздік идеясы ел болып өмір сүруді үйретуден басталған. Сонау қазақ хандығы құрылған тұстағы жырауларымыздың рухани мұраларына көз жүгіртер болсақ, атамекенді, соның ішінде ел болмысының тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған көзқарастың ілгері тұрғанын көреміз. Бұндай көзқарас, идеялар шынымен де ұлттың тарихи санасының қалыптасуына арқау болған.

Асан қайғы даналығында қай уақытта да қоғамға қажет ойлар бар:

Бақыты оянған ерлердің

            Әрбір ісі оң болар.

            Дәулеті күнге артылып,

            Не қылса да, мол болар.

            Тазылары түлкі алып,

            Қаршығасы қаз іліп,

            Сөз сөйлесе, жөн бөліп,

            Не десе де жарасар…

 

Арғымаққа міндім деп,

            Артқы топтан адаспа.

            Күнінде өзім болдым деп,

            Кең пейілге таласпа.

Елдік, бірлік, бақ пен ар қашанда елдің тәуелсіздігіне, рухтың биіктігіне негіз болған. Бұны түсінген алаш тұлғалары қоғамның болмысына қажетті дүниелерге зер салып, оның мәнін қоғамға түсіндірумен келді. Тағы да Асан қайғыға жүгінсек, одан бүгінгі уақыт үшін пайдалы мынадай терең ойлардың астарын көреміз:

Артық үшін айтысып,

           Достарыңмен санаспа.

           Ғылымым жұрттан асты деп,

           Кеңессіз сөз бастама.

           Жеңемін деп біреуді,

           Өтірік сөзбен қостама.

Қазақ жырауларының ұғымымен түйіндейтін болсақ, ел бар жерде елдік сана бар. Елдік сана тарихи сана арқылы қалыптасып, ұлттық санадан күш алады. Елдік сананың негізінде ғана ел өзінің діттегеніне жетеді. Ал елдің болмысы берік, рухы биік болуы үшін қоғамның танымы терең, адамының ой-өрісі кең болуы қажет. Сонда ғана қоғам уақыт ағымымен орайласып отыратын кедергілерден сүрінбей өтеді.

Қазақ халқының тәуелсіздік философиясының қалыптасу негіздеріне қарайтын болсақ, одан алдымен халық пен оның ішінен шығып отырған  ұлт зиялыларының сезімталдық қасиеттерін байқаймыз. Ұрпақтың ұлттың игілігі жолында бірде жеңіп, бірде жеңіліп отыратындығын ойшылдарымыз сол кездің өзінде-ақ түйіндесе керек. Қазақ жырауларының поэзиясында әдептілік, асыл мінез, ақыл-парасат, рухани тереңдік, табандылық жөнінде үнемі сөз болған. Сол кездегі, яғни қазақ хандығы тұсындағы ойшылдар мектебіне қарап көп нәрсені ұғынуға болады. Мәселен, грек философы Аристотель өзінің саясат туралы жазған еңбегінде «ізгілік — саясаттың үлкен бір бөлігі» деген. Бұдан нені түсінуге болады? Яғни мемлекетке, қоғамға көмектесетін нәрсе — адамгершілік. Осы адамгершілік жүрген жерде, оның мәнін қоғам тегістей түсінген жерде ғана мемлекет мүддесіне керекті тәжірибелер қалыптаса бастайды. Сондықтан да қазақ тарихындағы ойшылдардың даналығына терең көңіл бөлуде бұл мәселеге ғасырлар бойы қоғам тарапынан ерекше назар аударылғандығын байқау қиын емес. Қазақ жырауларының дәстүрінің негізінде ізгілікті қалыптастыру мәселесі тұр. Шынымен де ұлттың тарихы мен мәдениетіндегі құндылықтар оның игілігіне айналуы үшін алдыменен қоғамның бойында ізгілік болуы қажет.

Қазақ хандығы құрылған дәуірден бастап қалыптасып отырған ұлттық идеямыздың өрісіне зер салатын болсақ, одан тарих бойы уақыт сынынан сүрінбей өтіп отырған феноменді байқаймыз. Ата-бабаларымыз жердің тұтастығы елдің тұтастығы деген ұғымда болған. Олар атамекенді қорғау үшін көшпелі тұрмысты таңдап алды. Көшпелі тұрмыста ұлттық бірегейлік, болмыстың терең болуы, ұлттық рух тарихи мәнге ие дүние. Осы себептен қазақ ойшылдарының рухани мұраларында көтерілген мәселелер бүгінгі уақыт үшін де үлкен маңызға ие болып отыр. Қазақ ойшылдары ұлт болашағына көңіл бөлуде, алдымен мемлекет пен адамды біріктіретін тарихи сана, тіл, өнер, тұлғалық құндылықтарға жиі назар аударған. Бұндай тәжірибенің өркениетті елдердің тарихында да орын алғандығын ескерсек,  тарих философиясы, тарихи санаға қатысты қалыптасқан қазақ руханияты ел болашағы үшін таптырмас құндылыққа айналғандығы анық.

Тәуелсіздік алған тұста мемлекет алдына үлкен міндеттер жүктелді. Ең бірінші көңіл бөлінген мәселе елдің тұтастығын қамтамасыз ету болды. Ұлттың тарихын, мәдениетін зерттеу, оның ақтаңдақ беттерін ашу мәселесі де орын алды. Осы бағытта мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстар ұлттық философиямыздың дамуына негіз болуда. Соның ішінде осы тұста айта кететін нәрсе, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп отырған тарих пен мәдениетті зерттеуге, ғылымды дамытуға қатысты бағдарламалар болашақта да халқымыздың тәуелсіздік философиясының зерттеулеріне ықпал еткені анық. Бүгінгі жаһандануда бұндай бағдарламалардың, соның ішінде «Рухани жаңғыру» идеясының маңызы зор. Кешегі уақытта ғасырлар бойы қалыптасып отырған ұлттық идеямыздың жалғасы деп осы бағдарламаларды айтамыз. Мәселен, қазіргі уақытта біз ғылым, қоғам, мәдениет, экономика дамуы қажет дейміз. Әрине, бұлардың бірінсіз қоғам дамыған емес. Десек те барлық әлеуметтік дамуға қатысты мәселе айналып келгенде адамның санасына, қоғамның әлеуметтік танымына келіп тіреледі. Бұған қатысты мәселелерді Елбасы өзінің еңбектерінде, сұхбаттарында үнемі көтеріп отырады.

Елбасы Н.Назарбаевтың бағдарламалық мақалаларында қоғамдық сананың дамуына қатысты мәселелерді қазақ халқының тәуелсіздік философиясының зерттелуіне келешекте де ұйытқы болатын бастама деп айта аламыз. Әсіресе, қазіргі қоғамдағы ұлттық бірегейлік, тарих, тарихи санаға қатысты мәселелерді көтеруде оның тәжірибесіне терең көңіл бөлген. Бұндай тәжірибені батыс елдері де басынан өткізді. Тарихи сана тұлғалардың рухани деңгейі арқылы қазақтың тарихы мен мәдениетінің негізіне айналып отырған.

Тәуелсіздік философиясы бүгінгі уақытта даму үшін тарих толығымен зерттелуі қажет. Осы «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде жүз томдық «Бабалар сөзі» жарыққа шықты. Қазақ тарихының әлемдік тарихпен ұштасып жатқан тұстарының зерттелуіне үлкен жол ашылды.

Әрине, тәуелсіздік жылдарында атқарылған істерді бір мақала көлемінде айтып шығу мүмкін емес. Мемлекет тарапынан ұлттық идея қалыптасу үшін үлкен істердің атқарылып отырғаны белгілі. Тәуелсіздік мәселесі бір уақытпен шектеліп қалмайды. Ол еліміз өркениет биігіне шыққан дәуірде де қажет.

Тәуелсіздік — ұрпақтан-ұрпаққа табысталып отыратын дүние, негізгі мұра. Бұны табыстайтын — ұлттың өзі. Табыстауды талап етіп отыратын — уақыт. Уақыттың талабына сай ел мүддесіне қызмет етуде кез келген жаңа буын міндетті түрде өз заманының жаңа дүниелерін меңгеріп, соның негізінде елдің дамуына үлес қосуы тиіс. Қазіргі уақытта ұлттық мүдде құндылықтарына үлес қосудың, елдің болашағына қызмет етудің бірден-бір құралы — ғылым. Елбасы өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде атап көрсеткендей, «Ұлы даланың ұландары ұлағатты тарихын ерлікпен жазған. Енді сол тарихты біз тәуелсіздік жылдарында еселі еңбекпен, халықтық қайратпен жазып жатырмыз.

Еңбек — өмірдің ұстазы. Ерен еңбектің терең сабағын алған сайын елдің әл-ауқаты артып, қуаты күшейе береді».

Уақыттың қиын-қыстау кезеңдерінде елдің басына түскен қиыншылыққа қарамай, ел деген ұғымнан ажырамаған бабалар танымы қашанда осы тәуелсіздігіміздің рухын көрсетіп отырары анық. Бұған көңіл бөлу біздің де, бізден кейінгі ұрпақтың да міндеті.

Айтып өткеніміздей, тәуелсіздік философиясы барлық елде бар. Ел болуды ойлаған қоғам бұған терең мән береді.

Оның іске асуына үлес қосуды өздеріне жүктеп отырады. Біз де бүгін солай жасауымыз керек. Мемлекетіміз бар, оның тәуелсіздігін нығайтуды діттеген идея да қалыптасты. Ал оның жүзеге асуына себепкердің бірі — ұрпақ, яғни халықтың өзі.

 

 Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің кафедра меңгерушісі.

 

https://aqtobegazeti.kz/?p=95612