Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Қадірлі ағайын!

Құрметті жерлестер!

 Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі — Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік — ата-бабаларымыздың сан ғасыр бойғы арман-тілегінің ақиқатқа айналған, ғасырлар тоғысында бой көтерген тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты мерекесі.

Тәуелсіздік  дәуір мен уақыттың бізге берген үлкен сыйы, Мәңгілік ел болуға талпынған халқымыздың мәңгілік құндылығы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсiздiк — ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты», — деген болатын.

Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ.  Еліміздің Тәуелсіздігі — ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің  көк байрақты жеңісі.

Қай кезде де өткен тарихтың өнегесін өз ұрпағы заманға сай жауапкершілікпен, кезеңге сай кемелдікпен, болмысқа сай бағамен, жағдайға сай мүмкіндікпен өлшеген. Сондықтан да өткен дәуірдің жұмбағы мол, бүгінгі уақыттың ұтқаны зор.

Ұлан далада сан ғасырлық қоғамдық құбылыстарды басынан өткізген ел мен халық үшін Ұлы дала сахнасында болған тарихи оқиғалар ізсіз кеткен жоқ.

Сол соқпақты жолды сүріп өткен бабаларымыз талай ғасыр азаттықты аңсап өтсе де, рухы мықты, өр халық намысын ешкімге таптатпады. Мың жарым жылға жуық халық болып бірігуді, ел болып қалануды, еркіндікті аңсаған халықтың арманы 1991 жылы жүзеге асты, тарих бетінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті қалыптасты.

29 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елі түрлі қиындықтардан аман өтіп келеміз.

Тарихта атамекенінен айырылып, атажұрты тарылып, көбейген елден төбелдей елге айналған ұлт қаншама. Ал бізде  ел де бар, жер де бар. Ең бастысы, абыройы артқан, төрткүл дүниеге мәртебесін мойындатқан мемлекетіміз бар.

Тарихи тұрғыдан алғанда 29 жыл аз мерзім болғанымен, ғасырға татитын жұмыстар атқарылды. Біз бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат етіп, дүбірлі дамудың даңғыл жолына түстік, өз жолымызды айқындадық.

Бүгінгі Қазақстан — өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын елге айналды.

Тәуелсіз Қазақстан — шекарасы нақтыланған, рәміздері қалыптасқан, тілі мен төл теңгесі бар, әскери күші әлеуеттенген, тәуелсіздігінің белгісіндей әлемді сүйсінткен Астанасы бар іргелі мемлекет.

Қазақстанның бүгінгі бағындырған биіктерінің ең басты тұғыры — бірлік пен береке. Бірлігі жарасқан елдің ғана босағасына береке ұялайды.

«Үдеудің сыры — бірлікте, жүдеудің сыры — алауыздықта» деп бекерге айтылмаса керек. Еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді.

Елбасының сара жолын жалғастырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқын жұмылған жұдырықтай бірліктің арқасында алмай­тын асу, жеңбейтін кедергі болмайтынына сендіріп, еліміздегі сан түрлі этнос өкілдерін қоғамдық ұйысуға, жарасты ынтымаққа бастап келеді.

Шүкір дейміз, Қазақстанда этносаралық жанжал мен қоғамның ұлтына, дініне қарай жіктелуіне жол берілген жоқ.

Қазақ елінің бір бөлшегі, ежелден халықтар достығының дәстүрі қалыптасқан құт мекен Ақтөбе жерінде де ондаған этностардың тағдырлары тоғысып, олардың ата-бабаларының талай ұрпағының өмірі жалғасып келеді.

Біз — бірлігінен шашау шықпаған, ынтымағы берік, тату тірлігі жарасқан құтты мекен Ақтөбе жұртшылығы Мемлекет басшысының дамыған мемлекет болу жолындағы жасампаз істеріне әрдайым қолдау білдіреміз!

Тәуелсіздік — біздің ұрпаққа берілген үлкен бақыт, ата-бабалар аманаты. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында негіз қалай алдық.

Ақтөбе өңірі де тәуелсіз Қазақстанның бір бөлшегі, Елбасы атаған «Құтты мекен — Ақтөбе» аймағы Тәуелсіздік мерекесіне өз жетістіктерімен келіп отыр.

Соңғы жылдары облысымызда халықтың әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетімізді жаңғырту ісінде қыруар жұ­мыстар жасадық. Білім-ғылым, денсау­лық, мәдени-әлеуметтік, спорт салалары айрықша даму үстінде. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, тағы басқа да салаларда жаңа сипаттағы қарқын қалыптастыра алдық.

Даму белестеріне қадам басқан киелі өлкеде өркениеттің жаңа көші басталды. Бір сөзбен айтқанда, осының бәрі  тәуелсіздігіміздің, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған кемел саясатының жемісі.

Алдымызда үлкен міндет-мақсаттар бар. Ол үшін біз жұмылған жұдырықтай бірігіп, жаңа бастамаларды іске асыруды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа заманның жаңа шақыруларына біріге жауап іздеп, біріге қимылдауымыз қажет.

Өркениетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатындағы іс-қимылды әр азамат өзінен бастауы қажет. Егер әрбір азаматтың мүддесі мемлекет мүддесімен ұштасып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, Қазақстанның алмайтын асуы, бағындырмас биігі болмайтынына сенімдімін.

Біз — бір шаңырақтың астына топтасқан мүддесі бір, мақсаты айқын халықпыз.

Біз бүгін — өзіндік бет-бейнесі бар, әлемдік деңгейдегі өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымы бар, берекесі мен бірлігі жарасқан табысты мемлекетпіз.

Ендеше Тәңір тарту ерткен тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Ақтөбе облысының әкімі

Оңдасын ОРАЗАЛИН.