Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тәуелсіз ел жастары — кәсіпкерлікке

Тәуелсіз ел жастары — кәсіпкерлікке

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұжымы мен жас стартапшылар Тәуелсіздік күні қарсаңында бас қосты. Университет ректоры Бауыржан Ердембеков пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова қатысқан шара барысында қолөнершілер мен  жас стартапшылардың өнімдер көрмесі ұйымдастырылып,  көпшілік назарына ұсынылды.

Кездесуде университет ректоры Бауыржан Ердембеков облысымыздың бренд тауарларын көбейтіп, оны тиімді пайдалануға болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол университет студенттерінің кәсіпкерлік дағдыларын үйрету және жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасалғанын атап өтіп, жас стартапшыларға жетістіктер мен сәттілік тіледі.

Стартап академиясы университет ректоры Бауыржан Ердембековтің бастамасымен ашылған болатын. Жастар жылы ашылған Стартап академиясы студенттердің дамуына мол мүмкіндік беріп отыр. Мұнда тігін цехы, биологиялық зертхана, мүсін жасау шеберханасы және аспаздық бөлмелері жабдықталған. Қазіргі кезде Стартап академиясы өздері ойластырған жобаларға сәйкес өңірдегі бренд тауарлар түрін көбейтіп, оны тиімді түрде пайдалану жолдарын белгіледі. Сондай-ақ мұнда олардың инновациялық жобалары қолдау тауып, идеялары іске асады.  Өңірдегі аталған оқу орнындағы Стартап академиясы  аз уақыттың ішінде инновациялық идеясы және нақты жобалары бар білімгерлерді шоғырландырып, оларға ары қарай даму бағыттарын көрсетіп отыр. Мұнда әбден аяқтан тұрып, кәсібін дөңгелетіп әкеткен кәсіпкерлер шеберлік сағаттарын өткізеді. Әр салада жетістікке жеткен жастар мотивациялық сессиялар ұйымдастырады. Жалпы, құлшынысы бар әрбір жас осы жерде көмек алады. Яғни академияда бизнестің қыр-сырын үйретуден бөлек, құқықтық көмек те көрсетіледі. Жастар ойға алған ісін соңына дейін жеткізу үшін жағдай жасалады.

Өз кезегінде сөз алған  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова талантты жастарды қолдау мақсатында университетте қолға алынған бастамаларға ризашылығын жеткізді. Шара барысында Анар Даржанова «Қ.Жұбанов» медалімен марапатталды.

Университеттегі стартап-жобалар Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасымен бірлескен түрде жүзеге асырылып келеді. Түптей келгенде, мұндай жұмыстар оқу орнының өңірдегі интеллектуалды ресурстарды шоғырландыру орталығына айналуына мүмкіндік береді.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=95834