Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбанов феномені

Жұбанов феномені

Ақтөбе қаласындағы  Жұбановтар көшесінен  өткен әр адамға,  Жұбанов университетінде білім алған жастарға, осы оқу орнында қызмет ететін әр маманға «Көше мен  білдей оқу орнына аты беріліп, ескерткіші қойылған Қ.Жұбановтың өмірі мен қызметі туралы не білемін?» деген сұрақ бір мәрте болса да ойына оралғаны хақ. Соған байланысты  Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың   ғылымипедагогикалық және әлеуметтікқоғамдық  қызметтері  жөнінде бірүзік  деректер беріп отырмыз.

Ахмет Байтұрсынов қазақ тіл білімінің негізін салғаны мәлім. Ал қазақтың академиялық, профессионалды тіл білімінің негізін қалаған ең алғашқы қазақтан шыққан тілші-профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов екенін екінің бірі білмейді. Қазіргі қазақ тіл білімі араб әліпбиіне негізделген төл жазу жүйемізді жасап, қазақ терминологиясына 300-ден астам лингвистикалық төл термин енгізген Ахмет Байтұрсыновқа қалай қарыздар болса, әлемдік лингвистиканың озық дәстүрлерін игере отырып, қазақ тілінің ғылыми базасы мен мектебінің іргесін көтеріп кеткен Құдайберген Жұбановқа да соншалық қарыз.

Шартты түрде айтқанда, қазақ лингвистикасының «Алаш» кезеңіндегі «Байтұрсынов дәуірі» өтіп, Ахмет Байтұрсынов қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін «Жұбанов дәуірі» орнады. Бұл дәуір соқпақты, қалтарысқа толы болды. Себебі  Жұбановша айтар болсақ, ол кезде «қазақ тілі жүйелі түрде тексеріліп, ғылым тезіне түспеген тіл» еді. Жұбанов бір өзі үлкен бір «институттың» рөлін атқарды, қазақ тілін ғылым сатысына көтеруді мақсат етті. Иә «институт» деп айтуымызға уәж де бар. Олай дейтініміз ғалымның өз қолымен жазып қалдырған архив деректеріне сүйенсек, ол орыс, неміс, ағылшын, француз, араб, парсы, түрік, монғол, грузин, коми, чуваш сынды оннан астам тіл білген полиглот болды, қазақ тілінің бір саласын ғана емес, бар саласын зерттеп, түркологиялық ізденістер жасады, салыстырып қана емес, салғастырып зерттеді. Бүгінгі азат күннің өзінде ондай қарым-қабілетке ие, полиглот тілші академиктердің өзі некен-саяқ.

Қ.Жұбанов ҚазПИ кафедрасын басқара жүріп, қазақ лингвистикасының мектебін қалыптастырды. Қазақ тіл білімі шежіресінің қос тармағы Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбановтан бастау алады десек, Қ.Жұбанов тармағы өркен жайып, бұл мектептен А.Ысқақов, М.Балақаев, Б.Шалабаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев сынды ғалымдар мен академиктер түлеп шығып, бұлардың әрқайсысы қазақ тіл білімінің салаларына маманданып, ұстаз жолын жалғап, өз мектептерін қалыптастырып, шәкірт тәрбиеледі.

Профессор ұлттық педагог кадрларды даярлауға, қазақ халқын ағарту ісіне өмір бойы қызмет етті.  Сол тұстағы ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқара жүріп, Қазақстанның Ағарту халық Комиссариатындағы методика және программа секторын басқарып, республиканың мемлекеттік терминология комиссиясының тұңғыш төрағасы болған. КСРО Орталық атқару комитеті жанындағы жаңа алфавитке көшудің Бүкілодақтық Орталық комитетіне Қазақстаннан өкіл ретінде қатысқан және КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының тіл-әдебиет секторын меңгерген.  Қазіргі таңда бірнеше адам атқарып жүрген осындай ел жүгін бір өзі қайыспай арқалаған Құдайберген қара нар еді. Жұбанов —  қайраткер. Сонымен қатар Қ.Жұбанов қазақ әдебиеті мен мәдениеті жайлы да құнды еңбектер жазып қалдырды. Алғашқы болып Абайды «қазақ әдебиетінің классигі» деп таныған да осы Жұбанов еді. Ол күй өнері туралы да қалам тербеген. Қазіргі таңда бұл еңбектері ғалымдар тарапынан өзіне лайықты бағасын алды.

«Он үш жас күш» атты мақаласында ғалым қазақ оқығандарының алды болған он үш жас маманның қайраткер болатынына сенім білдіреді. Шәкірттері естеліктерінде оның қамқорлығын, көрегендігін жазды. Ол болашағынан зор үміт күткен он шақты студентін аспирантурға жіберген, қолындағы соңғы тиынын аш-жалаңаш жүрген қазақтың баласына берген. Ғалымның жары Раушан естелігінде оның үйде жұмыс жасап, еңбектерін жазып жатқан кезінде балалары қанша жерден аунап-қунап мазасын алса да, тырп етпейтін жайсаң мінезі туралы жазды. Тіпті өзінің қуғындалуына себеп болған шәкіртінің «Социалистік Қазақстанға» жазған мақаласын оқып отырып, әйелі Раушанға: «Ол болашағынан үлкен үміт күттіретін зерделі бала еді. Неге шалыс басты екен…» деп, алаңдаушылық білдіреді. Мұның өзі ғалымның нағыз азаматтық келбетін, парасаттылығын танытса керек.

Ғалым 1938 жылы небәрі 38 жасқа аяқ басқан шағында репрессияға ұшырап, ату жазасына кесілді. Артында алты баласымен әйелі қалды, кеше ғана дүниеден озған ғалым Асқар Құдайбергенұлының туғанына ол кезде небары алты-ақ күн болған еді. Кітапханасындағы кітаптарынан бастап, ілулі тұрған пальтосына дейін тәркіленді. Ғалымның қолжазбалары із-түзсіз жоғалды. Ғалым Р.Сыздық бізге жеткен «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» еңбегі он сериялы еңбек болғанын, екі сериясы ғана баспа бетін көріп, сегізі «халық жауының» еңбегі ретінде жойылғанын айтады. Өкінішке қарай, ғалымның қаламынан шыққан он жетіге жуық еңбегінің бізге аты ғана жетті.

Дегенмен Құдайберген — Құдай бақ берген тұлға. Себебі артынан есімін өшірмес еңбегі, асылдан тұяқ қалды. Қазақтың азаттығына білімімен қызмет етіп, жанын пида еткен қаншама қазақ қайраткерлері тұяқсыз өткені көпке аян. Ал Жұбановтың артынан қалған ұрпағы қайраткердің өзіндей еліне қызмет етті: үлкен ұлы Ақырап Қазақстанға еңбегі сіңген суретші болса, Есет және Асқар Жұбановтар әке жолын жалғап, ғалым атанды, ал қыздары Мүслима педагог, Қызғалдақ экономист болып еңбек етті.

Жұбановтың ғалымдығы көп қырлы алмас секілді. Оның еңбектерін ақтара отырып, құрылымдық грамматиканың шеңберінде қалып қоймай, әлемдік лингвистикада ХХ ғасырдан бастап зерттеле бастаған бағыттардың бірі антропоцентристік парадигмадағы зерттеулерді сол кездің өзінде-ақ қарастырып кеткені таңғалдырады. Ал антропоцентристік парадигмадағы зерттеулер отандық тіл білімінде әлі де кенже қалып, зерттелмей келе жатыр.

Бір сөзбен айтсақ, Құдайберген  — Құдай берген дарынымен қоса, тынымсыз еңбекқорлығы астасқан, заманында бір өзі қалың қазақтың жүгін арқалаған ел ағасы бола білген, қайраткерлік жолдан таймаған феномен.

Құдайберген феноменін сіз бен біз болып, дәстүрлі дәрістер тыңдау арқылы ашайық дегім келеді. Алмасты егесең, жарқырай түсетіні секілді, Жұбановтың сан қырын ашатын, «жанды жанға сұққанға сөзді айтар», қайраткерлерді тану арқылы тарих пен мәдениетімізге бойлап, одан сабақ алатын кез жетті.

 

Білім жолында

 

Құдайберген 1899 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысының бұрынғы Темір уезінің Темірорқаш болысына қарасты 9-ауылдағы Қосуақтам деген жерде дүниеге келген. Қуан орта шаруа ауыл адамы болса да, көзіқарақты адам болыпты. Ол балаларының сауат ашуына айрықша көңіл бөліп, үйдің үлкені Құдайбергенді Оспан ишанның мешітінде мұсылманша үш жылдай оқытады. Кейін жәдид немесе төте оқу жүргізіле бастағанда, аз-маз мұсылманша сауаты бар, ежелеп қана хат танитын, орта шаруа Қуан өз ақшасын жұмсап, ауылына төте жазуды оқытатын мектеп салғызып, оған Уфаның Ғалия медресесін тәмамдап келген Абдолла Беркінов деген мұғалімді шақырады. Бұл сол дәуірдегі қазақ қоғамының ояну дәуірінің көрінісі еді. Құдайберген өзінің алғашқы ұстазы деп осы Абдолла Беркіновті көрсетеді.

1914-1916 жылдары ол Орынбордағы «Хусайния» медресесінде білім алады. Онда ол араб, парсы, шағатай, түрік, татар, башқұрт тілдерін үйренеді және орыс тілін үйренуді мақсат тұтып, ауылындағы орысша болыстық мектепте, кейін Жұрын стансасындағы орыс мектебінде де бір жыл оқиды. Оны місе тұтпай, Күйікқалаға барып, сондағы училищенің 5-6 сыныптарын бір жылда бітіріп шығады. Бұл болашақ ғалымның оқуға деген талабы мен табандылығы, бағы мен бабы қатар шапқанын аңғартқандай.

1929-1932 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының «Түркологиялық семинарында», кейін Тіл және ойлау институтының «Яфетидологиялық семинар» бөлімінде білімін тереңдетеді. Алдыңғы қатарлы лингвистикалық мектептен білім алып, В.Бартольд, Н.Я.Марр, А.Н.Малов, И.И.Мещанинов, Е.Д.Поливанов сынды атақты ғалымдардың алдын көріп, дәрісін тыңдайды. Бағы мен бабы қатар шапты деген осы болар!

1932-1937 жылдар аралығында ҚазПИ-дің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарып, ұлт кадрларын даярлау жолында үлкен еңбек атқарды. Осылайша білім жолына аяқ басқан Құдайберген ғылым жолына түседі.

Ғалым

Қазақ тіл білімінің құрылымдық парадигмадағы зерттеулердің қайнар көздерін іздейтін болсақ, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов еңбектеріне кеп сүйенетініміз анық. Бір қызығы әлем ХХ ғасырдың тұсында ғана аяқ басып, зерттеу нысанына алған антропоцентристік зерттеулер осы Қ.Жұбановтың зерттеулерінен бастау алады.

Профессор тіл білімі саласының фонетика, грамматика, қазақ әдеби тілінің тарихы мен дамуы, жазу, термин мәселесі, оқулық, әдістеме, мәдениет, өнер мәселелеріне қатысты жан-жақты зерттеулер жүргізді. Бұл ұлттық лингвистика, оқу-ағарту ісіне қатысты ешбір мәселе ғалым назарынан тыс қалған жоқ дегенді аңғартса керек.

Ғалымның лингвистикалық лабораториясы ауқымды, ғылыми түйсігі мықты болғаны таңдай қақтырады.

Ол Ленинградтың Бодуэн-Щерба идеясы дәуірлеп тұрған кездегі лингвистикалық мектептен өтіп, ғылыми принциптерін айқындады. Сондай-ақ ол жалпы тіл білімінің тарихын терең білген. Өз еңбектерінде әйгілі Женева мектебінің өкілі Ф. де Соссюр, И.А.Бодуэн де Куртенэ, Х.Штейнталь, О.Бетлинг, Н.И.Ильминский, П.М.Мелиоранский, В.В.Радлов, В.А.Богородицкий, Е.Д.Поливанов, А.Н.Самойлович, Н.Э.Вундцетель, Чобан-Заде, К.К.Юдахин, А.М.Пешковский, Ф.Ф.Фортунатов, А.Б.Шапиро, М.Н.Петерсон, С.О.Карцевский, Н.Я.Марр, В.В.Бартольд, С.Е.Малов сынды ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасай отырып, олардың пікірлеріне қатысты сыни көзқарастарын да білдіріп отарды. Жұбанов еңбектерін оқып отырып, қазақ тіл білімі жөнінде ғана емес, сонымен бірге жалпы тіл тарихы туралы мәлімет алуға болады.

Қазіргі таңда ғылым кез келген зерттеулердің өзегі адам болуы тиіс деген бағытты ұстанып, антропоцентристік парадигмадағы зерттеулерге бет бұрғаны белгілі. Осыған орай тіл, ойлау, сөйлеу мәселеріне қатысты зерттеулердің өзектілігі арта түсті. Қазіргі тіл білімінің тіл бірлігі, сөздің этимологиясы, функционалды семантика, тілдік тенденциялар, когнитивті лингвистика, псиохолингвистика, этнолингвистика, паралингвистика, гендерлік лингвистика сынды, т.б. жаңа бағыттарының теориялық негізі  Қ.Жұбановтың зерттеулерінде алғаш ғылыми  негізі қаланғаны бүгінгі зерттеушілер еңбектерінде айтылып келеді. Мысалы, ол өзінің «Микро-космический период» атты еңбегінде «…Ежелгі дәуір адамдарының алдымен өзінен басқа заттарға ат қоятыны, өзін сол басқаларға ұқсата айтатыны — өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге де әсер еткен. Мысалы, орысша небо — аспан, неба — таңдай; қазақ тіліндегі таң — аспан әлемінің аты, яғни жоғары жаққа тән қасиеттің иесі; таңдай — адам денесінің жоғарғы жағы», десе, тағы бір еңбегінде: «…Ол заманда әйелдер құдайының аты Ұмай болған. Кейіннен сөз басындағы қысаң «ұ» дыбысы түсіп қалып, май деп айтылып кеткен. Қазақтың: «От ана, май ана, жарылқа!» дейтін және «Май әулие, майсыз жарылқайтын қай әулие?» (Ұйғыр мақалы) деген мақалдары да осы ұғымнан туған», — деп, тілдің танымдық табиғи болмысын ажырата зерттейді.

«Қатын деген сөз ерте замандарда ханның әйелдеріне ғана арналған атау болған, кейін келе ханның уәзірлерінің әйелдерін де солай деп атаған, ақыр соңында байға тиген барлық әйелдерді қатын деп атап кеткен», — деп, сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы мәселесіне де тоқталады.

Жұбановтың ғалымдық сан қырын аша түсетін еңбектерінің бірі әліпби мәселесіне қатысты. Оның әліпби реформасына белсене атсалысып, ХХ ғасырдың өзінде латын графикалы әліпбидің қазақ қоғамының таңдауы болуы тиіс екенін тайға таңба басқандай айтып кеткен көрегенділігі көзге түспей қоймайды. Ғасыр өтіп тәуелсіз қазақ елінің латын графикасына көшу мәселесіне қайта оралуы — мұның айқын айғағы.

Бұл Жұбановтың ғалымдық, зерттеушілік диапазонының анағұрлым ауқымды болғанын аңғартады. Ол қазақтың профессионалды тіл білімінің негізін қалап қана қойған жоқ, қазіргі кездің өзінде проблемалық мәселеге айналған сұрақтарға да жауап іздеп, зерттеу жүргізді.

Қазақтың әлеуметтік өміріне белсене араласқан Қ.Жұбанов өзінің публицистикалық шығармаларында қоғамдық мәселелерге деген көзқарасын таныта отырып, публицист дәрежесіне жетті. Ғалымдар Құдайберген Қуанұлын қаламы ұшқыр публицист, тілші ретінде де таниды. Оның 1934 жылы жарық көрген «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» мақаласы ғалымдар тарапынан үлкен бағаға ие болып, абайды тану мен таныту жолындағы жасалған алғашқы қадамдардың бірі деп бағаланады. Бір өкініштісі, бұл мақала аяқталмай қалды. Десе де, алғашқылардың бірі болып Абай шығармашылығына ғалым мынадай баға береді: «Абайдың осы алды жоққа жуықтығы, салған жолының сонылығы — еленбеген ерекшелігінің бірі», — дей келе, «Абайдың арқасында ХІХ ғасырда қазақтың әдебиеті өзінің атам заманғы «азалы ақ көрпесін сілке тастап», Еуропаның классик әдебиетінің қалыбына түседі, сөйте тұра қазақ әдебиеті болушылығын да бұзбайды. Бұлайша ескіні жаңаға ұштастырып, жан бітіру — үлкен шеберлікпен ғана болатын іс. Абайдан біз осы ірі шеберлікті көреміз», — деп, бас ақынның қазақ поэзиясында тыңнан сүрлеу салып, қазақтың сөз өнерін Абайға ғана тиесілі поэзиямен өрнектеп кеткенін дәйектей түседі.

Жалпы, ғалым әдебиеттану саласының дамуына да зор үлес қосты. Оның түркі тілдерін білуі түркі әдебиетінің тілін зерттеуге, қолжазбаны оқи отырып, әдеби пайым жасауға негіз болды. Сондай еңбектерінің бірі — Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» кітабы туралы жазылған қолжазба туындысы. Сонымен бірге «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы (тіл мен тарих деректері)» атты еңбегі оның ғажап лингвист қана емес, музыка саласынан да хабары бар көп қырлы тұлға екендігін танытады.

Қ.Жұбановтың ғалымдық жолын шәкірттері жалғады. Жұбанов мектебінен Р.Сыздық, А.Ысқақов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Х.Есенжанов, Т.Ақшолақов сынды ғалымдар сусындап шықты. Құдайберген Қуанұлы бір өзі негізін қалап, зерттеу жүргізген проблемалық мәселелерді салаға бөліп зерттеді. Атап айтар болсақ, фонетиканы І.Кеңесбаев, синтаксисті С.Жиенбаев, М.Балақаев, орфография және терминологияны C.Аманжолов пен М.Балақаев, т.б. ғалымдар ғылыми объект ретінде зерделеді. Ал аты аталған ғалымдардың жалғасы ретінде қазіргі таңда ғалымдар түлеп шығып, шәкірт тәрбиелеуде. Бұл тұтас бір шәкірттер желісі — ғалым Құдайберген Жұбанов мектебінің заңды жалғасы.

Парасат

Қазақ лингвистикасының Шолпан жұлдызына айналып, өзгелерден биік жарқыраса да ақыл-парасат, адамгершілік  майданында Құдайберген жеңілмеген. Бұған біз куә болмасақ та, замандас, пікірлес, дидарлас болған азаматтардың естеліктері куәгер. Бұл сөзімізді ғалымның жары Раушанның естелігі айғақтай түсері сөзсіз: «Құдайбергеннің жүріс-тұрысынан, ісінен, сөзінен парасат есіп тұрушы еді ғой. Кісілігі қандай еді. Кішілігі қандай еді».

Ғалымның стенографисі болған Данабике Байқадамқызы: «Құдайберген ағаның қарапайымдылығы, ізгілігі әулиеге пара-пар еді. Ешкімнен ештеңе дәметпейтіні, бірдеңені пайда қыла қояйын демейтіні оны періштедей-ақ көрсететін», — деп, Құдайбергеннің ғалымдығы адамгершілікпен астасқан тұлға болғанын сөз етеді.

Әліпби мәселесіне, тілдегі бірқатар мәселелерге келгенде Қ.Жұбанов пен А.Байтұрсынұлының арасында пікір қайшылығы туындап отырғанын қос ғалымның еңбектерінен көре аламыз. Десек те ғылымдағы қайшылық қос алыптың адами қатынасына кедергі бола алған жоқ. Пікірі бір жерге тоғыспаса, бастары сыйыспайтын қазіргі заман адамдарынан ерекшелігі қос ғалымды ғылымға деген адалдық, бір мүдде, бір мақсат алға жетеледі. Бұл сөзге дәйек те, дәлел де табылады. ҚазПИ-де қызмет атқарып жүрген кезде Қ.Жұбанов «халық жауы» деп айыпталған А.Байтұрсынұлын дәріс оқуға шақырады. Бұл үлкен тәуекел әрі құрмет еді. Ел арасында А.Байтұрсынұлымен кездесу қылмыспен тең болған кездерде Құдайберген Қуанұлының жолы кесіліп, күйсіз қалған Ахаңа аударма жасатып, қаламақысын төлеп отырғаны туралы әңгімелер де бар. Қ.Жұбанов А.Байтұрсынұлының үздік аудармашы екенін де мойындаған. Өз бағасын білген адам ғана өзгенің қадірін ұғады, жақсы мен жаманды баса таниды.

Ал оның ауылдан шыққан біршама қазақ баласын қанатының астына алып, оқытқандығы, тіпті үйіне тұрғызып, пана болғаны жайлы естеліктер жетерлік. Ол — нағыз ел ағасы бола білген азамат.  Бір адамның бойында парасат пен ұшан-теңіз білім ұштаса бермесі анық. Сол парасат Жұбановты өмір теңізінде теңселтпей, мәңгілік өмір — елдік жол сілтеді.  Ондай Тәңір сүйген құл ілуде біреу. Жұбановты қазақ арыстарының ішінде кісілік кемелділігі толық адам деп ауыз толтырып айта аламыз.

«Азамат, сені сақтадым…»

Махамбеттің «Азаматы» — қазіргі тілмен айтқанда, интеллигенция, элита. Азамат — алдымен, елдің абыройы. Қазақтың талай азаматы қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақ талай азаматынан айырылды. Ал сол азаматты халық жадында сақтау ұлттың тарихи жадын жаңғырту іспеттес. Бір тұлға — тұтас бір дәуір. Жұбанов дәуірі — қазақтың профессионалды тіл білімінің негізі қаланған дәуір, халықтың ағартушылық санасының  өкілі Құдайберген Жұбановтай азаматты ел жадында сақтауға атсалысу тұтас бір дәуірді қайта сүріп, елдің тарихи санасын жаңғыртуға атсалысу деп білеміз.

Ақтөбе жұртшылығы үшін ғана емес, жалпы қазақ үшін Жұбановтар әулеті тектіліктің үлгісіне айналды. Қазақ көксеген, армандаған және қазір де армандап келе жатқан, ғасырлар толғатқан Азамат бейнесінің прототипі Құдайберген Жұбанов болса, тектіліктің үлгісі — Жұбановтар әулеті.

 

«Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы

https://aqtobegazeti.kz/?p=95799