Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өткен жыл қорытындыланды

Өткен жыл қорытындыланды

Бүгін Жұбанов  университетінде Жаңа жылға арналған мерекелік кеш өтті. Жиналғандар алдымен университеттің кейінгі уақыттарда және ағымдағы жылда жеткен жетістіктерін паш еткен фильмді тамашалады.

Мерекелік кеш шымылдығын университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков құттықтау сөзбен ашып, оқу орнының тарихы мен  бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерімен таныстырды. Сондай-ақ оқу орнының басшысы Бауыржан Ердембеков Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды іс-шаралар,  университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы халықаралық рейтингтердің рөлі, білім беру жүйесіндегі докторантураның орны және басқа да өзекті тақырыптарға тоқталды.

Жаңа жылдық мерекелік кеште университет ректоры Б.Ердембеков жыл қорытындысы бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізген университет факультеттері мен бөлімдеріне 150 дана моноблок табыстады.

Салтанатты шарада  университеттің бір топ профессор-оқытушылары мен қызметкерлеріне Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және университет ректорының Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар мерекеге орай  аталған оқу орнының барлық қызметкерлеріне бір айлық жалақы көлемінде сыйақы тағайындалды.

Одан әрі мерекелік шара университет өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.