Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Абай > Ақын тойы — ел мерейі

Ақын тойы — ел мерейі

Биыл қазақтың бас ақыны, ғұлама, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай республикамызда және шетелдерде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде Ақтөбе жерінде ұлы ақынға арналып еңселі ескерткіш ашылып, кіші сәулет нышандары орнатылды.

Жыл соңында біз ұлы ақын мерейтойына орай елімізде және облыста ұйымдастырылған атаулы шараларды оқырмандар назарына ұсынамыз. 

Елордадан басталған той

Биыл жыл басында күллі қазаққа ортақ алқалы той Арқа төріндегі Алаш астанасынан бастау алды. «Астана Опера» мем­лекеттік опера және балет театрында өткен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған «Қазақ халқы — Абайдың халқы» атты салтанатты кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде жыл бойына өтетін мерекелік шараларды ресми түрде бастап берді.

Сондай-ақ жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көріп, тұтас ұлт тарапынан зор қолдауға ие болды.

 «Абай аманаты»

Биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы ақын Абай Құнанбайұлы туралы «Абай аманаты» атты мақаласы жарық көрді.

Елбасы мақаласында ұлы тұлға жайында алдымен тіл білімінің тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың 1936 жылы «Әдебиет майданы» журналының 11-12 сандарында жарық көрген «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты ғылыми-зерттеу еңбегіне сүйене отырып, хакім Абай өмір сүрген дәуірдің ерекшелігіне тоқталды, Абайды танудың қазақ руханияты үшін қандай маңызы болғаны туралы баяндады.

Телеарна ашылды

Ұлы ақынның 175 жылдығына орай Қазақстанда мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасы ашылды.

Салтанатты шараға қатысқан ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев жаңа телеарна еліміздің мәдени-ағартушылық саласына үлес қосып, ұлт қазынасын толтыруды көздейтінін жеткізді.

«Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру өте орынды. Өйткені ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғасады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етеді. Бұл турасында ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге», «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек. Ұлы ақын тағы бір сөзінде: «Адам баласын заман өсіреді» — дейді. Біздің жаңа телеарнамыздың жұмысы да қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді», — деді Д.Абаев.

 Абай күні

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қаулысымен 10 тамыз — Абай күні болып белгіленді.

Қаулыда: «Қазақстан Республи­ка­сын­дағы мерекелік күндердің тіз­бесін бекіту туралы» Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 Қаулысына (Қазақстан Рес­публикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мы­на­дай толықтыру енгізіл­сін: көрсетілген Қаулымен бекі­­тілген Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы мерекелік күндер­­дің тізбесі: мынадай маз­мұн­дағы 22-1-тармақпен толық­ты­рылсын: «22-1. Абай күні — 10 тамыз». 2. Осы Қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін қолданысқа енгізіледі», — делінген.

 Ақынға арналған ескерткіш

Ақтөбеде қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды. Ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған ақын-жазушылар, елорда мен Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келген қонақтар қатысты.
Жиында қазақтың бүгінгі қаламгерлері атынан Ұлықбек Есдәулет пен белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева сөз сөйлеп, ақтөбеліктерді қуаныштарымен құттықтады.

Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынов министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.

Айта кету керек, аталған ескерткіштің авторлары — ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков пен қаламыздағы мүсінші Жеңіс Жұбанқосов. Ескерткіштің биіктігі — 6,2 метр. Ұлы ақын ескерткіші оның есімін иеленген даңғыл мен Есет батыр көшесінің қиылысына орнатылды.

Ақтөбедегі қос мурал

Биыл ұлы ақынның мерейтойына орай Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданы мен Абай көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің қабырғасына Абай Құнанбайұлының портреті бейнеленген мурал салынды. Аталған екі муралдың авторы — ақтөбелік суретші, мүсінші Төлеген Дарбаев.

— Ұлы ақынның портретін салу — мен үшін мақтаныш, үлкен жауапкершілік. Муралды салғанда көп іздендім, еңбектендім. Сондықтан тұрғындардың көңілінен шыққанына ерекше қуандым. Бұған дейін мен қаладағы балабақшалардың, караоке-клубтардың қабырғаларына балалардың, әлемдік жұлдыздардың суреттерін салып жүрмін. Қасымда жас қыз-жігіттерден құралған көмекшілерім бар, — дейді мүсінші.

Хакімнің қарасөздері

Ұлы ақын мерейтойына орай биыл Ақтөбедегі Абай даңғылына хакімнің қарасөздері жазылған кіші сәулет нышандары қойылды. Сондай-ақ бұл жерде ақынның бейнесі бар үлкен кітап та өзімен аттас даңғылдың сәнін келтіріп тұр.

Қалаға көрік беріп тұрған кіші сәулет нышандарын қалалық әкімдіктің тапсырысымен «Қайсар Relations» ЖШС басшысы Қайырбек Таханов жасап берген.

— Даңғылға сән берген кіші сәулет нышандары ақынның қарасөздерінің кеңінен таралуына, оған халықтың назарын аударуға үлес қосады деп ойладым. Абайдың суреті салынған кітабын әзірлеп жасадық. Біздің серіктестік осындай кіші сәулет нышандарын жасаумен айналысады. Ондағы мақсат — қазақты өзге жұртқа таныстыратын, қазақтың қазақ екенін көрсететін ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Абай — біздің халықтың ұлы ақыны, ол арқылы бізді әлем таниды. Қаламызға келген қонақтар, тұрғындардың өздері де серуендеп жүріп, хакімнің қарасөздерін оқып, тым құрыса, хабардар болады, — дейді Қайырбек Таханов.

Көшпелі көрме келді

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің «Абай мұрасы — рухани қазына» атты көшпелі көрмесі ашылды.

Көрмеге 50-ден астам экспонат қойылды. Олардың қатарында Абай Құнанбаевтың 1885 жылы Семей өлкетану музейіне берген заттары — ер-тоқым, кісе белбеу, асатаяқ, сыбызғы, тоғызқұмалақ секілді жәдігерлер, сондай-ақ ұлы ақын оқыған Семейдегі Ахмет Риза медресесінің шатырынан табылған араб тіліндегі оқулықтар, Абайдың үшінші әйелі — Еркежанның киімі бар.

Орталық және онлайн-конференция

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай және ұлттық руханият» тақырыбында республикалық онлайн-конференция өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Орал, Ақтау, Ақтөбе қалаларынан белгілі филологтар, абайтанушы ғалымдар мен оқытушылар қатысты.

Онлайн-конференцияда филологтар мен ғалымдар ұлы ақын шығармашылығы туралы баяндамалар оқып, өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ университет жанынан ашылған «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығында Абайға қатысты, жалпы ұлттық руханият, қазақ әдебиетіне байланысты әртүрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, мәдени іс-шаралар өткізілді.

Айта кету керек, университеттің Н.Байғанин атындағы оқу ғимаратында орналасқан «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығында бүгінгі күні Абай Құнанбаевқа қатысты 60-қа жуық еңбек, ақынның портреттері, Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайы сыйға тартқан баннерлер мен Абайды зерттеген ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Әдебиет Молдахановтың 300-ге жуық кітабы бар.

 

Данагүл ҚАЗИХАН

 

https://aqtobegazeti.kz/?p=96152