Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Дәуір мен дата: қазақтың жаңа тарихы жазылады

Дәуір мен дата: қазақтың жаңа тарихы жазылады

Бауыржан КЕЛАМАН, Қ.Жұбанов атындағы

Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын оқып шықтым. Расында, біз күнделікті тұрмыс қуып жүріп, жеткен жетістіктерімізді байқай бермейді екенбіз. Отыз жылда шыққан белесіміз де бар. Мемлекет басшысының тәуелсіздігімізді нық ұстап тұру жайында айтқан сөздері әріден қамтып, болашақ ірі істердің жолын ашып бергендей болды. Әсіресе, тарихқа бойлағаны қуантты. Президенттің өзі айтқандай, биыл — даталы жыл. Тек тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын ғана ескермей, сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бастап, 1921-1922 жылдардағы нәубетке 100 жыл толуын, Желтоқсан оқиғасына 35 жылдың болғанын айта келе, сол оқиғаларды әлі де жан-жақты зерттеу керектігін пысықтады. Сонымен қатар жыл аяғына дейін тарихымыздың осындай елеулі тұстарын атап өтпекпіз.

«Қазақстанның жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні — осы. Мұның бәрі  халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осы жолда құрбан болған арыстарымыздың есімі ұлықталмақ. Президент осы мақаласында соңғы кезде үлкен дау тудырған «Жерді Ресей Қазақстанға сыйға берді» деген сөзге нүкте қойды. «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз — ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Тарихымыз 1991 жылмен  немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын орда, Түрік қағанаты, ғұн, сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүріп, өсіп-өнген» деп қадап айтты.

Шекарамызға көз алартқан кейбір шетелдіктердің арандатушылық әрекеттеріне тойтарыс беру керектігін баса айтты.

Соның бір шарасы — қандастарымызды еліміздің солтүстік, шығыс аймақтарына қоныстануға қолайлы жағдай жасалмақ. Президент биыл Наурыз тойын атап өтіп, мерекенің мәнін байыта түсетінін айтты. Бұл бірліктің бастауы болмақ. Міне, мақалада осылайша ұлттық қасиеттеріміз бен құндылықтарымызды дәріптей отырып, экономикасы мығым, қуатты елге айналдыру көзделген.

Ендеше, бәріміздің көкейіміздегі мәселелерді тап басқан Президенттің бұл айтқандарын қолдап, іске асыру барша қазақтың парызы деп білемін. Алыпқашпа әңгімелерге ермей, тұтастығымызды сақтап, бірге әрекет етейік!

 

https://aqtobegazeti.kz/?p=96280