Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > 16 озат оқушы грант иегері атанды

16 озат оқушы грант иегері атанды

Мектеп оқушыларының ғылыми әлеуетін арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсету және олардың шығармашылығын арттыру, мектеп бітірушілерді ұлттық бірыңғай тестілеуге  дайындау – Жұбанов университетінің басты бағдарының бірі. Осы мақсатты нақты іске асыру орайында оқу орнында  Zhubanov  олимпиадасы өтті.

Бір аптаға созылған білім сайысында мектеп бітірушілер  физика, математика, биология, география, химия, тарих, құқық, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті және шет тілі, шығармашылық (музыка, хореография,  визуалды өнер, көркемсурет, графика және жобалау)  бейіндік пәндері бойынша сынақтан өтті.

Өңірдегі орта білім беру ұйымдарының оқушылары қатысқан пәндік  олимпиада ҰБТ-ның жаңартылған форматында өткізілді. Білім додасында аудан, қала мектептерінің  ең үздік 800-ге жуық оқушысы өздерінің білімдері мен қабілеттерін көрсетті. Олимпиада нәтижесінде 41 жеңімпаз оқу ақысына  жеңілдіктер беретін сертификатқа ие болды.  Ал, ұпай көрсеткіші ең жоғары 16 озат оқушы Қ.Жұбанов атындағы білім грантының иегері атанды.

Айта кетейік, Қ.Жұбанов атындағы білім грантына қол жеткізген жеңімпаздарға Жұбанов  университетіне түсуге жол ашылды. Олимпиаданың әр бейіндік  пәнінен жеңімпаз атанған оқушылар таңдаған мамандығына сай келген және  ҰБТ-ның қажетті өту балын жинаған жағдайда аталған сертификаттарды пайдалануға мүмкіндік мол.

Олимпиада қазақ және орыс тілдерінде өтті. Сондықтан еліміздегі екі тілде білім алатын оқушылар үшін бұл білім бәйгесі үлкен мүмкіндік тудырды.   

ҰБТ форматында өткізілген білім додасы қатысушылардың қызығушылығын оятты. Себебі, қаңтар айында өткізілетін алғашқы ҰБТ-ға дайындықты күшейтті. Олимпиада кезінде ара қашықтықты сақтау, аудиторияда тыйым салынған заттарды қолданбау, ұялы байланыс құралдарын  қолдануға тосқауыл қою әділетті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Пәндік комиссия мүшелерімен қатар  «Саналы ұрпақ» және «Парасаттылық мектебінің» өкілдерінен бақылаушылар тобының құрылуы олимпиаданың әділетті өткізілуіне септігін тигізді. Соның нәтижесінде  ойлау мен белсенділік танытқан оқушылар жеңіске жетті.

Нақты айта кететін жайт, талантты да, білімді жастарды анықтауға септесетін бұл білім додасының ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл біз үшін үлкен абырой деп білеміз, – дейді кәсіби бағдар беру және қабылдау комиссиясы бөлімінің басшысы Рауан Жалтырбаева.

Рауан Серікбайқызының айтуынша, олимпиада  шеңберінде  мамандықтар бойынша кәсіби бағдар жұмыстары мен ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын тапсыру ережелері түсіндіріліп, қажетті пәндер бойынша шеберлік сағаттары, тренингтер, студенттік клубтар, білім бағдарламаларының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар  университетке сапары барысында  оларға экскурсиялар ұйымдастырылды.

Қорытынды кезеңде университеттің белсенді білімгерлері концерттік бағдарлама ұсынып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.