Среда, Май 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Рухани жаңғыру»: тәу етер жалғыз киемізге арналады…

«Рухани жаңғыру»: тәу етер жалғыз киемізге арналады…

«Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл — қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады».

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан.

 Алаш елінің азаттық алғанына биыл — 30 жыл. Атаулы дата аясында елімізде, соның ішінде Ақтөбеде бірқатар мерекелік шаралар һәм жобалардың ұйымдастырылатыны белгілі. Бұлардың дені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша іске асырылмақ.

Әлқисса…

Үш жылдағы үлес

Өткенге қысқаша шолу жасасақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы — «Туған жер» арнайы жобасы аясында жерлес меценаттардың демеушілігімен 2017-2020 жылдары 11 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып, 2020 жоба іске асырылды. Былтырдың өзінде аталған акция аясында 1 миллиард 180 миллион теңгенің 368 жобасы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар осы бағдарлама аясында республикалық маңызы бар киелі орындардың қатарына өңірден 12 нысан енгізілген-ді. Олар — Қобда ауданындағы Абат-Байтақ қорымы, Қобыланды батыр мемориалдық кешені және Исатай батыр кесенесі, Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымы, Кенесары ханның қарындасы — Бопайдың моласы, Темір ауданындағы Досжан ишан мешіті, Шалқар ауданындағы Есет-Дәрібай батырлар кесенелері, Алға ауданындағы Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешені, Хромтау ауданындағы Ойсылқара қорымы, Ырғыз ауданындағы Жаманшың метеорит кратері, Алға ауданындағы Әубәкір Кердерінің кесенесі, Байғанин ауданындағы Қызылүйік ғибадатханасы. Ал «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында барлығы 97 ескерткішке, оның ішінде қала аумағындағы 39 ескерткішке, аудандардағы 58 ескерткішке бірегей және жекелеген QR-кодтар орнатылды. Биыл облыс бойынша тағы 50 ескерткішке QR-код орнату жоспарланып отыр.

Ескерткіштер ашылып, жаңа құрылыстар басталмақ

Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасеновтің айтуынша, өткен жылы жүзеге асырылған жобалар мен атқарылған жұмыстарды қорытындылап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын  ілгерілетуге бағдарланған жаңа мақсат-міндеттер сараланды, іле-шала 147 тармақтан тұратын 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары жасақталды. Оған облыстық басқармалар, 12 аудан әкімдіктері мен жоғары оқу орындары атсалысыпты.

— Биылғы ірі шараларға тоқталсақ, Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы мәдениет орталығы, облыстық архив пен кітапхана құрылыстары жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру — ұлт болашағының жарқын бағдары» облыстық конференциясы, «Тәуелсіздіктің 30 жылы» атты кездесулер циклі ұйымдастырылып, «Асыл қазына» жобасы жүзеге асырылады, — дейді өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасенов.

Аудандарда да биыл біршама оң өзгерістер болғалы тұр. Айталық, Алға ауданында батыр Есет Көтібарұлы мен ұлы ақын Абайдың ескерткіштері орнатылса, Қобда ауданында тарихи-өлкетану музейін, Хромтау ауданында Көктау ауылдық клубын ашу жоспарланып отыр.

Мұнымен бірге әңгімелесушімізден қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Ұлт ұстазы — Ыбырай» атты оқырмандар конференциясы,  қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Арынның 85 жылдығына арналған республикалық конференция, ал ақын Әбубәкір Кердерінің 160 жылдығына «Тамырларым — тереңде, бұтақтарым — биікте» республикалық термешілер байқауы мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай I облыстық «Жырлайды жүрек» байқауының өткізілетінін білдік. Әйгілі қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты аударыспақтан ересектер арасында облыстық турнирі және шымылдығын түрмек. Бұлардың барлығы ел егемендігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылады.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан-ақ 2017 жылы Ақтөбеде жобалық кеңсе өз жұмысын бастады. 2019 жылы «Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып ресми түрде ашылды.

Мекеме қызметінің негізгі мақсаты — бағдарламалық мақаланың шеңберінде іске асырылатын жобаларға қолдау жасау, өңірдегі мемлекеттік саясатты ілгерілету. Орталық 2 бөлімнен тұрады. Мұнда барлығы 10-ға жуық адам жұмыс істейді.

Жаңғыру һәм жаңару

Жаңа арнайы жобаларды жүзеге асыру мақсатында өңірдегі білім беру ұйымдарының жанынан «Дәстүр мен ғұрып» мектептерін ашу, сондай-ақ барлық мектептерде ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлерді, ойындарды, қазақтың ұлағатты сөздерін насихаттау мақсатында «Аналар мектебі» мен «Әкелер мектебі» жобасын ұйымдастыру қолға алынған.

Жоспарға сай биыл археологиялық қазба жұмыстары бойынша ерте көшпелілердің элиталық ескерткіштерін зерттеу, Байғанин ауданындағы Доңызтау аймағына ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастыру жұмыстары енген.  Исатай, Алып ана және Едіге ескерткіштеріне этноархеологиялық зерттеу жүргізіп, облыс аумағындағы ғұн кезеңі ескерткіштерін кешенді зерттеу де көзделіп отыр.

Ұлттық құндылықтар мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық қолдау үшін арнайы бейнероликтер мен инфографикалар әзірлеу, «Ақтөбе облысының киелі жерлері» жинағы мен «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» фольклорлық антологиясын жарыққа шығару биылғы жылдың еншісіне түскелі тұр.

Жастарға рухани жаңғыруға бағыттайтын іс-шараларға келсек, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің «Ақтөбе ақтаңгерлері» ғылыми-танымдық жобасы мен «Жұбановқа жомарттық» акциясын, «Ақтөбе – Ақбөкендер мекені» және  «Жұбанов керуені» кәсіби бағдар беру жобаларын атап өтуге болады.

«30 жыл — 30 нақты іс»

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойында формальды шаралар мен науқаншылдыққа жол берілмейді. Сол мақсатта осы жылы «30 жыл — 30 нақты іс» жобасы өз бастауын алды. Аталған жоба аясында облыстағы әлеуметтік, идеологиялық және экономикалық салалар бойынша 30 нақты әрі мазмұнды жобаларды іске асыру жоспарға енген. Бұл туралы алдағы уақытта толығырақ мәлімет беретін боламыз.

Менің ойымша, рухани жаңғырудың мақсаты — санасы сау, тарихын білетін, прагматизмді сақтайтын, заманауи талаптарды жатсынбайтын, білімдар қоғам қалыптастыру. Олай болса, әр ісімізден нәтиже шығарып, Тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолында тек еңбектенуіміз керек, — дейді Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасенов.

P.S. Ел егемендігінің мерейлі датасына орайластырылған айтулы шаралар мұнымен шектелмек емес. Біз тек жоспарға еніп, жауапты мамандар нақтылы іске асады деген жобаларды тілге тиек еттік. Ең бастысы, бастамалардың барлығы баянды болып, атаулы жылды ойдағыдай өткеруге жазсын!

 

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

https://aqtobegazeti.kz/?p=96655