Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылым сапасын арттыру – басты назарда

Ғылым сапасын арттыру – басты назарда

Бүгін Жұбанов университетінде  Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.  Жиынға университет проректорлары мен құрылым басшылары қатысты.  Шараға жиналғандар алдымен ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады. Мұнда студенттер мен ғалымдардың  үздік деп танылған жобалары көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеде университеттің жас ғалымдары жылу электр станциясында қақ көмегімен өнеркәсіптік ағынды суларды тазарту жобасын ұсынды. Түйіршіктелген шлам негізіндегі тазарту технологиясын аймақтағы әртүрлі өнеркәсіптік компаниялар қолдана алады. Сондай-ақ бірегей офтальмологиялық пленка жасау жобалары, стартап жобалары,  балалар университетінің жобалары, диатомит негізінде отқа төзімді кірпіш өндіру, қиярдың жаңа сорттарын өсіру және тағы да сол сияқты үздік  ғылыми  жобалар көрмеде көрініс тапты.

Бұдан кейін күн тәртібінде университеттің 2020 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттері талқыланды.  Жиын тікелей эфирде Zoom платформасында ұйымдастырылды.

Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров университеттің  Халықаралық рейтингі жоғарғы журналдардағы мақалалар саны мен  PhD докторлардың  (2018 жыл – 14, 2020 жыл – 18) және магистрлердің (2018 жыл – 120, 2020 жыл-184) өткен жылдармен  салыстырғандағы өсу динамикасын атап өтті.

Рахым Бекназаровтың айтуынша, 2020 жылы «Физика» және «Металлургия» кафедрасының төрт ғалымы «Қауымдастырылған профессор» атағына ие болды. Сонымен қатар, Жұбанов университетінде дене шынықтыру және спорт, педагогика және психология, қазақ тілі мен әдебиеті, шетел филологиясы, экология,  металлургия мамандықтары бойынша  PhD докторантураның 6 мамандығы, магистратура бойынша ағылшын тіліндегі информатика,   дизайн, философия, музыкалық білім, сандық маркетинг,  электр энергетикасы  мамандықтары ашылды.

Бүгінгі басқосуға жиналғандар зертханалар мен ғылыми-зерттеу орталықтарын жабдықтау, қолданбалы ғылымды дамыту, студенттердің ғылыми-зерттеу қызметі және республикалық олимпиадалардағы көрсеткіштерді жақсарту  сынды мәселелері көтерді.

Кездесуге қатысқан «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова өз кезегінде Жұбанов университетінде кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастырудағы стартап жобалардың рөлін туралы баяндады.  «НИИ Батыс Экопроект» ЖШС өкілдері білікті кадрларды даярлауда  және өндірісті дамытуда ғылымның өндіріспен байланысының маңыздылығы туралы әңгімеледі.

Айта кетейік, 2020 жылы Жұбанов университетінің ғалымдары өздерінің кәсіби шеберліктерін дәлелдеп, 160 миллион теңге көлеміндегі гранттарды жеңіп алды. Филология мамандығы бойынша  PhD  докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялық Кеңес ашылып, математика мамандығы  бойынша  екі  диссертация қорғалды. Сондай-ақ университеттің Хирш индексі үш позицияға өсті.

Университеттегі ғылым саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың жалпы бағдары, оны жетілдірудегі мақсат-міндеттер айқындалды.

Жиында Инновациялық технологиялар паркі базасында «Робототехникалық жүйелер», «3D модельдеу»,  «Бағдарламалау» зертханаларында жобаларды іске асыру, гранттық жобаларды қорғау және нейрондық жүйелеу бойынша математикалық анализдеу ғылыми-зерттеу зертханасын ашу,  Балалар университеті базасында Ақтөбе облысының мектеп оқушылары үшін қысқы және жазғы мектептерді ұйымдастыру, ҚР ҰҒА филиалын ашу және  тағы да басқа жаңа міндеттер алға қойылды.