Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Көзқарасты ашық білдірудің өзі — қоғамның даму көрінісі

Көзқарасты ашық білдірудің өзі — қоғамның даму көрінісі

Рахым БЕКНАЗАРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Тәуелсіздіктің 30 жылдығында елімізде кешенді реформалар жасалатынын айтты.

Реформалардың басты бағыты — саяси жаңғыру. Әрине, қарапайым халық саяси реформалардың нәтижесін тез көргісі келеді. Қандай да болмасын реформа тез бола қоймайды, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Біздің елде де саяси реформалар эволюциялық тұрғыда дамып келеді.

Мемлекет басшысы сайлау жүйесін одан әрі дамыта түсу керектігін, биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтетіндігін атап өтті. Ауыл әкімдерінің сайлауы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға оң ықпал етеді деп ойлаймын.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқанын, шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс екендігін атап өтіп, «Барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн», — деген ұсыныс айтты. Алдағы уақытта саяси бюллетеньге «Бәріне де қарсымын!» деген баған енгізілсе, бұл да азаматтардың сайлау құқығының қорғалғаны емес пе?!  Ел тұрғындарының бүкіл эмоциясын жинап қойып, көзқарасын, қолдап-қолдамайтынын ашық білдіруінің өзі — демократиялық қоғамның даму көрінісі.

Реформаларды жариялау бір бөлек, оны іске асыру бар. Іске асыру жолында саяси тұрғыдан сауатты,  білікті мамандар қажет. Ал кешегі сайлауға түскендердің көбі — жастар. «Жас келсе, іске» дегенді ескерсек, көңіл қуантады.

 

https://aqtobegazeti.kz/?p=96727