Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мансап апталығы басталды

Мансап апталығы басталды

Жұбанов университетінде  Мансап апталығы басталды. Апталық аясында  студенттер үшін бос орындар жәрмеңкесі, HR-компанияларының өкілдерімен, аудандар мен қала кәсіпорындарының басшыларымен кездесулер ұйымдастырылады.

Апталық аясында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының жеңімпазы,  Талдысай ауылдық округінің әкімі Қазбек Аққайыр Жұбанов университетінің студенттерімен онлайн форматта кездесіп, өз кезегінде мансап құруға көмектесетін кеңестерімен бөлісті.

Кездесуде Жұбанов университетінің 2004 жылғы түлегі, кір тасын көтеру спорты бойынша 12 дүркін әлем чемпионы және 20 дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шебері, Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров мансап құрудың құпияларымен бөлісті.

Мансап апталығы аясында мамандар жаңашыл  идеяларымен және кәсіби дағдыларын ортаға салып, өзекті трендтер мен сұранысқа ие digital дағдылар, цифрлық технологиялар туралы баяндайды.  Сонымен қатар, жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп, электронды бос орындар жәрмеңкесі өтеді.

Спикерлерден басқа онлайн-шараға қазақстандық жоғары оқу орындарының мансап орталықтарының өкілдері қатысады, олар түлектерді жұмысқа орналастыру тәжірибесімен бөліседі.

Айта кету керек,  Жұбанов университетінде  білім алушылардың өндірістік практикасын ұйымдастырудан бастап жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қыз­метті «Кәсіби даму және мансап» орта­лығы үйлестіреді.

Орталық ел Президенті жанындағы «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық қауымдастығының» және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен былтыр жұмысын бастады. «Кәсіби даму және мансап» орталығының тынымсыз жұмысының нәтижесінде көптеген жұмыс берушілермен тиімді қарым-қатынас орнатылған. Биыл ұйымдастырылған бос орындар жәрмеңкесіне 25 білім беру ұйымдары мен 30-ға жуық компания қатысып, түлектердің арасынан өздеріне қажетті мыңға жуық мамандарды таңдап алды. Аталмыш орталық  облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектеп­термен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасайды.

Сонымен қатар «Кәсіби даму және мансап» орталығы түлектерді жұмысқа орналастыру бағытында жаңа идеялар мен жұмысқа орналастырудың жолдарын іздеуде. Осындай инновациялық жобалардың бірі – электронды еңбек биржасы. Бұл ресейліктермен бірге алғаш қолға алынған жоба болатын. Онлайн-жәрмеңке мамыр айының соңында «Факультетус» платформасында ұйымдастырылды. Қашықтықтағы еңбек биржасы бір күнге жұмыс беруші мен түлек арасындағы байланыстырушы «көпірге» айналды. Алдын-ала тіркелген жұмыс берушілерге түлектердің түйіндемелеріне қолжетімділік беріліп, онлайн-жәрмеңкеге 45 компания мен мекемелерден 200-дің үстінде бос жұмыс орындары түсті. Осы бос жұмыс орындарына түлектер өз шешімдері бойынша қызметке орналасты.