Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мемлекеттік тілдің кейбір мәселелері

Мемлекеттік тілдің кейбір мәселелері

 

Аманкелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, профессор

Әлемдегі мемлекеттік тіл мәртебесі

Мемлекеттік тілді ғылыми әдебиетте ресми тіл деп те атайды. Қазақстанда Конституцияның 7-бабының 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» – деген сөздерді қате түсініп, мемлекеттік қызметкерлер, тіпті Парламент депутаттары орыс тілін ресми тіл деп өрескел қатеге барады.

Мемлекеттік тіл мемлекеттің тұтас аумағында, болмаса белгілі бір аймағында заңдық мәртебесі мемлекеттегі басқа тілдерден ең жоғары бекітілген тіл.

Мемлекеттік тіл ең алдымен осы мемлекеттің Конституциясының тілі, сондықтан, Конституциясы жоқ елдің мемлекеттік тілі де жоқ деп есептеледі. Мемлекеттік (ресми) тіл көп жағдайда осы мемлекеттің сан жағынан басым, байырғы ұлттық тілі. Сондықтан да, барлық ресми маңызды құжаттар мемлекеттік тілде дайындалады. Сондықтан да, әлемде мемлекеттік тілді ресми тіл дейді. Қажет болған жағдайда ресми құжаттар (заңдар, т.б.) басқа тілдерге аударылады.

Мемлекеттік тілдің ресми түрде заңға сәйкес балаларға білім беруге құқы бар шағын этникалық топтардың тілдерінен де  айырмашылығы зор. Мысалы, Қазақстандағы орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдері ана тілінде білім беретін ғана тілдер.

Әлемде 100-ден астам елдің мемлекеттік тілі бар және ол жалғыз ғана тіл. Бірқатар елдерде бірнеше тіл мемлекеттік тіл болып есептеледі. Мысалы, Беларусьте орыс тілі үстем тіл болғандықтан орыс тілі мен беларусь тілдері мемлекеттік тілдер. Ал, Иран, Италия, Испания, Ресейде барлық елге ортақ мемлекеттік тіл бар, сонымен бірге автономиялық республикалар мен аймақтардың да мемлекеттік тілдері бар. Мысалы, Татарстанда татар тілі де мемлекеттік тіл. АҚШ-та ортақ мемлекеттік тіл жоқ, бірақ әр штатта мемлекеттік тіл америкалық тілі (ағылшын), сондықтан, ол тіл мемлекеттік тіл қызметін атқарады. Енді бірқатар мемлекеттерде арнайы заңды мемлекеттік тіл болмаса да, мысалы, Швеция, Люксембург, Эритреяда бір негізгі тіл қызмет атқарады, өмірдің өзі сол басым тілді пайдалануға икемдейді. Ол елдерде басқа тілдерде жарияланатын ресми құжаттардың тізімі бекітілген.

Кейбір африкалық елдерде, Филиппинде бұрыңғы отарлаушы елдің тілдері мемлекеттік болып сақталған және білім беру де сол тілдерде жүргізіледі, ол ағылшын немесе француз тілдері. Біздің солтүстік көрші ағайындар осы үлгіні күні бүгінге дейін аңсайды. Ал африкалық елдерде тұратын негізінен ұсақ этникалық топтар, бір тілді мемлекеттік тіл деп жарияласа, этникалық жанжалдар туатындықтан да барлығы білетін, барлығына ортақ отарлаушылардың тілін сақтаған.

Ирландияда елдің үштен бірін құрайтын ирландықтардың тілі ұлттық тіл және мемлекеттік тіл деп жарияланған. Ал елдің басым халқының пайдаланатын ағылшын тілі екінші мемлекеттік тіл деп бекітілген. Ирландықтар ана тілдері үшін бел шешіп күресуде. Мемлекеттік тілді сыйлаудың үлгісін француздар көрсетіп келеді. Еуропалық Одақтың парламентаралық сессиясында Одақтың Орталық банкісінің басшысы француз Жак Клод Грише ағылшын тілінде сөйлегенде француз делегациясы залдан шығып кеткенін үлгі етіп көптеген елдерде айтылғаны белгілі. ХХІ ғ. басында Францияның мәдениет министрі Тубон «Француз тілінің қолдануы» атты заңға бастамашы болып қолдау тапты.

Тілді қорғаудың Францияда бай тарихы бар. Алғашқы тіл туралы заңдар осыдан бес ғасыр бұрын 1490 ж. қабылданған. Ең алдымен сот француз тілінде жұмыс жасады, сот протоколдарын француз тілінде толтыру талап етілген, себебі бұрын латынша толтырылған. Енді алғаш рет француздар ана тілінде сотта сөйлеп, сот істері құжаттары ана тілінде жүргізілген. Тілдің орфографиялық, басқа да нормалары қалыптаса бастаған, аймақтық диалектілер ығыстырылады. Бірақ тіл төңірегінде дау, жанжалдар да болмай қалған жоқ, ұсақ корольдіктер, әртүрлі аймақ тұрғындары қарсылық білдіреді. 1635 жылы Францияда тіл ережелерін ұқыптылықпен дайындайтын Академи Франсез – Тіл Академиясының негізі қаланды. Академия тіл тазалығына, тіл мәдениетіне, тіл мамандарын таңдауға зор мән берді. Диалекті тілдерінде сөйлеуге, жазуға тыйым салынды, мектептерде диалекті тілінде сөйлейтін оқушыларды таяқпен жазалаған. Бүгін де тіл тазалығына аса назар аударылып, тілдердің ақпараттық технология, кулинария, бұқаралық ақпарат құралдарында озбырлығымен күрес жүріп жатыр. Француз тілінде сауатты сөйлеу мен жазу мәдениеттіліктің, француз азаматтығының, рухының белгісі болып табылады. Шетелдерден келетін тауарлардың этикеткасы, жарнамалар және пайдалану нұсқаулары француз тілінде болуы керек. Осы талапты орындамаған компанияларға айыппұл салынады. Сол сияқты шетелдік телекомпаниялар, радиостанциялар, кинотеатрлар, театрлар  мен концерттер бағдарламаларының француздық мазмұны 60%-дан кем болмауы керек, себебі бұлар идеологиялық қызмет атқарады. Мемлекет француз тілін, мәдениетін қорғайды. Француз халқы бұл талапты қолдайды. Оларға басқа ұлт өкілдерінің француз тілінде сөйлегені ұнайды. Француздар ана тілін сүйетіні соншалықты, не туралы әңгіме болса да әсем, көркем бейне тілмен ауызша және жазбаша ойларын жеткізеді, көркем тіл қажеттілікке айналған. Француздар өз мәдениетін ең озық мәдениет деп құрметтеп, әлемге таратуға тырысады.

Жаhандану заманында ағылшын тілі жылдан-жылға өз үстемдігін жүргізуде. Шабуыл жан-жақты сипат алып ұлттық тілдерге қауіп туғызуда. Француз тіліне де өз тазалығын сақтау оңай болмай тұр. Тіл саясаты үшін оларды шовинист, басқа тілдерді сыйлай алмайды деп кінәлауда. Француздар үшін француз рухын биік ұстау – аман қалудың амалы. Бірақ француздар өздерін қапаста ұстап отырған жоқ: ғылым, білім, технология саласында жаңалықтарды енгізуде. Өз тілдік намысын қорғау үшін ғылым мен білім саласын қаржыландыруда, жаңа жобалар енгізуде, аэробус пен жүйрік поездар жүргізуде. Мектепте француз тіліне, оның грамматикасына, оқушының ой-пікірін француз тілінде сауатты жаза алуына аса зор мән береді. Француз тілінде сауатты шығарма жазу университетке түсудің басты шарты. Француз тілі дипломаттар тілі болуына бес ғасыр бойы айрықша назар аударылып келеді. Қай елде де мемлекеттік тілдің мәртебесі ұлттық тілден жоғары. Ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді меңгеруді Конституция барлық азаматтарға міндеттейді.

Қазақ тілінің өрісі кеңейді, бірақ…

Мемлекеттік тіл жалпы мемлекеттік саясатқа, ҚР Конституциясына негізделеді. Теория және практика жүзінде де қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде басымдық берілді. «Тілдер туралы» заңмен, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тілді қолдау жүзеге асырылып келеді.

Қазақ тілінің тәуелсіздік жылдарында  білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында өрісі кеңейді. Дегенмен елімізде мемлекеттік тіл өте қайшылықты ортада өмір сүруде.

Этнолингвистика ілімі тілдік оппозиция немесе тілдік бәсекелестік деген мәселеге мән береді. Қазақ тілінің мәртебесінің өсуі тілдік оппозицияны күшейтті. Біріншіден, ол оппозиция тек орыс тілінде сөйлейтін, жазатын, ойлайтындармен негізінен екі тілде сөйлейтін, жазатын, ойлайтындар арасында. Әлі де орыс тілінің артықшылығын сақтағысы келетін ниет, психология, қазақы құндылықтарға, әсіресе қазақ тілі мен мәдениетін іштей менсінбеушілік, тәкаппарлық, «ұлылық» дерті басым. Бұл бәсекелестіктің салдары шиеленістерге де апаруы мүмкін. Екіншіден, бұл қайшылық тек орыс тілді қазақтар мен қостілді қазақтар арасында көрініс алады. Тілдік нигилизм, ана тілін менсінбейтін, ұлттық құндылықтарды мойындамайтындар мен ұлттық патриоттар арасында көрініс алып отыр. Үшіншіден, қазақтар арасында қоспа, былық, қойыртпақ, орыс-қазақ сөздерін араластырып сөйлеу кең етек алды. Бұл қарапайым адамдар түгіл, интеллигенция, ақын, жазушылар, ғалымдар арасында да белең алып барады. Сауатты, әдеби тілдің үлгісін көрсететіндер күнделікті өмірде азайып бара жатыр. Украинада суржик   деген құбылысты көп айтады. Суржик бидай мен қара бидай, қара бидай мен арпа, тағы да басқа қоспаларды білдіреді. Осыдан украиндықтар орыс-украин, украин-орыс тілдік қойыртпақты да суржик деп кеткен. Суржик, жергілікті тіл мен үстем тілдің қоспасы, қойыртпағы, негізінен отарланған елдерге тән, бара-бара адамдар қатынасының үйреншікті құралына айналып, тұрмыстық тілден әдеби тілге бәсекелес  тіл болып, кейін тіпті әдеби тілді де ығыстыруы мүмкін әлемде ондай жағдайлар  кездеседі. Суржик немесе біздің бүгін етіміз үйренген шұбар тіл әдеби тілімізге  оппозиция болып отырғаны анық.

Тілдер нарығы

Тілдер арасында тілдер нарығы, тіл­дер маркетингі деген құбылыс бар. Әр мемлекетте тілдердің өз алдына әлеуметтік топтардың мәртебесін айқындайтын ықпалына байланысты өз  «бағасы», өз құндылығы бар. Тіл адамдық  капитал ретінде оны меңгергендердің қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, саяси мәртебесін айқындайды, сондықтан, ол тілге сұраныс та жоғары. Негізінен ол қызметті мемлекеттік тіл атқарады.

Бүгін қазақ тілі алуан түрлі бәсеке­лестікке түсіп отыр: экономикалық салада, интеллектуалдық, ғылыми, мемлекеттік қызмет, мәдениет, өнер, БАҚ, құқық, денсаулық, отбасы, дін, әскери қызмет, сыртқы саясатта бәсекелестік күшеюде. Бүгін тіл мәселесін барлық салаларда тек заңмен реттей алмайтындығымызға көзіміз жетті. Мысалы, отбасы, күнделікті тұрмыстық қатынастарда, базар, сауда, көлік, денсаулық, басқа да салаларды қазақ тіліне заңмен икемдеп,  жөнге салу қиын. Ол мәдениет, ұлттық намысқа, тәрбиеге байланысты.

Әлемдік  тәжірибеде сан жағынан басым ұлттың тілі  қолданыста басым тіл де болатыны белгілі, оны мамандар үстем тіл, басым тіл (доминантный язык) дейді. Қазақстандағы жағдай өзгеше, сан жағынан аз халықтың, орыс диаспорасының тілі басым, үстем тіл (доминирующий язык)болып отыр. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі әлі толыққанды, жан-жақты, қоғамның барлық салаларында қолданысқа ие бола алмай отыр. Бірқатар авторлар бұл жағдайды мемлекеттік тіл саясатының сәтсіздікке, дағдарысқа ұшырауы деп бағалайды. Миллиардтаған қаржы босқа жұмсалды, ол қаржыны тиімді жұмсаса, Қазақстан қоғамын тұтастай қазақша сөйлетуге болар еді дейтін пікірлер айтылуда.

Көптеген сарапшылар мемлекеттік тілдің қолданысының тарлығын оқулықтардан, оқу методикасының жетілмегендігінен көреді. Ол сын орынды да шығар. Бірақ ешқандай мемлекетте барлық елдің көңілінен шығатын оқулық та, оқу методикасы да жоқ. Ресей сарапшылары, ғалымдары, мысалы, орыс тілін оқытудың  деңгейіне көңілдері толмайды, бірақ олар тілді меңгеруіне емес, орыс тілді білмейтін ресейлік жоқ, тіл мәдениетіне назар аударады.

Бәсекеге қабілетті кеңістік қалыптаспады

Отарлаушы ұлт қай елде де жартылай Құдай, өз айтқандарын істетеді, өз мәде­ниетін, тілін, дінін таңады. Отарланған ұлт өкілдері отаршылардың айтқанын екі етпей тілін, мәдениетін қабылдайды. Тіпті өзінің тілін, мәдениетін кемсітумен, төмен санаумен, менсінбеумен келіседі, тек аз ғана топ қарсылық білдіреді, кейбіреулерінің жүйкесі тозады, өз құндылықтарынан да айрылып қалмауды ойлайды.

Ал отарлаушы ұлт өкілдері отарланған ұлтқа  бейімделмейді, оларда астамшылық сана қалыптасады. «Біз» деп өздерін белгілі бір дистанцияда ұстайды, «оларға» менсінбей, мүсіркеп қарайды, «олардың» тілі, мәдениеті, дәстүрінен оқшауланып тұрады, олармен рухани араласуға мүдделі емес. Осылай отарланған елдерде шовинистік, авторитарлық пен меншілдік тұлға қалыптасады. Отарланған ұлт тәуелсіздігінен олар есалаң жағдайға түседі, өздері менсінбеген ұлттың бас көтергенінен қорқады, оларды сыйлап өспеген отаршылар метрополияға қоныс аударады.

Нарциссизм, өзін-өзі сүю, жоғары баға­лауға үйренген отарлаушы ұлттың өкілдері  отарланған ұлттың тарихына да астамшылықпен қарай береді. Олардың тарихын кемшін, төмен санау тұрғысынан бағалап, отарлауды мәдениет, өркениетке қол жеткізу деп есептейді, отарлауды отар­лаушы генералдардың, шенеуніктердің, миссионерлердің, ғалымдардың ерлігі деп қабылдап, отарланған халықтың ұрпақтарын соған сендіреді. Сол рухта тәрбиелейді. Тіпті тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де отарлаушы ұлттың тілі, мәдениетсіз тұйыққа тірелетіндей, өз күштерімен мүмкіндіктеріне сенбестік туғызатын психологиялық ахуал қалыптастырады, әлі де өз ықпалында ұстауға тырысады, енді оларды  «өз  еркімен» отарлануға итермелейді. Батыс зерттеушілері африкандықтарды «ақ нәсілдердің рухани түрмесінде мәңгілік қамалған» деп суреттейді. Еркіндікке қол жеткізу үшін тәуелділіктен арылу ұзақ тарихи мерзімді қамтиды.

Біздің діліміздегі немқұрайдылық, самарқаулық, немкеттіліктің тарихи тамырлары терең. Өткен тарихтың бүгінгі ауыр салдарының әлі де жалғасып жатқаны, ұлт саясатына тілдік ахуалың жағымсыз ықпал ететіндігі, мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілетті болмауынан елімізде әлеуметтік-психологиялық орта қалыптаса алмады. Сондықтан да, бәсекеге қабілетті қазақ тілді ақпараттық кеңістік қалыптаспады: ол телеарналарда, радиода, газет пен журналдардан көрініп тұр. Біз Рессейдің ақпараттық отарлығында қалып отырмыз деуіміз осыдан: Бұл қасіреттің басты себебінің бірі – қазақтардың орыстануында. Орыс тілін қазақ тілінен артық білу қазаққа қауіпті екенін енді-енді түсініп келеміз.

Тіл – ұлттық намыс

Билік басындағылардың ана тілінде сөйлеуі төңірегіндегі психологиялық ахуал бөлек мәселе. «Мүмкін, жұрт «Біздің Президентіміз неге қазақша  сайрамайды, ылғи да біраз сөйлеп келіп, орысшаға ауысып кетеді» деп ойлайтын шығар. Мен мұның бәрін білемін» – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытаудағы жүздесуде. «Халық – қазы, пікір – таразы» дегендей, Елбасының қазақ тілінде сөйлеген сөзін, пікірін халық сүйсініп тыңдайды, ойға түйеді, сөйлей берсе екен, басқа қазақ шенеуніктері үлгі алсын дейді, себебі тіл – ұлттық намыс.

Бірқатар қазақ депутаттары, министрлер мен әкімдерге де халықтың  айтатын сыны баршылық. Сарапшылар арнаулы баяндамалар неше минут қазақ тілінде сөз сөйленді, ол барлық уақыттың қанша пайызын құрайды, баяндамаларда неше сөз айтылды, оның қаншасы қазақ сөздері деп талдау жасайды. Сонда олар қазақ тілінде сөйлеген сөздің уақытымен, қазақ тілінде айтылған сөздердің үлесімен қазақ тіліне деген құрметтің өлшемін айқындауға тырысады. Сарапшылармен келісуге де, келіспеуге де болар, бірақ қазақ халқының аса ынтамен назар аударатыны, кейде қызу талқылап жататыны белгілі. Ал мемлекеттік тілдің үлкен мінберлерден қолданылуы әртүрлі  этностық топтар арасында әрқилы ой да туғызады. Баяндамалардың орыс тілінде оқылатындығын, қазақ  тілін меңгермеген қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің депутаттары келелі мәселелерді талдауға қазақ тілінің мүмкіндігінің шектеулі, сөздік қорының тапшылығынан деп ойлайтындар көп. Сондай-ақ мемлекеттік тілде қазақ азаматтарының басым көпшілігінің тілді меңгермеуі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола алмай отыр.

Кадр таңдау

Дегенмен жұмысқа қабылданғанда, лауазымды қызметке тағайындалғанда, ең алдымен қазақтарға міндетті болмағандығы бірқатар ата-аналар мен жастар арасында қазақ тілін білудің қажеттігі туралы әртүрлі ой туғызып отыр. Баласының ертеңгісін ойлайтын қазақ отбасылары бүгін үлкен ойлау, таңдау үстінде: қазақ ұлты өкілі ретінде баласының ана тілін меңгергенін қалайды, ал мемлекеттік тілге сұраныстың төмендігін ойласа, орыс мектебінде оқығанын, ағылшын тілін білгенін қалайды. Сондықтан, қазақ бала­лары орыс мектебінде оқып жатыр. Қызметке тағайындағанда тілдік фактордан гөрі іскерлікке артықшылық беру жөн деген уәж алға тартылады. Осылай мемлекеттік тілді меңгеру тұлғаның іскерлік қабілетіне қарсы қойылатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл қалалық ортада көп байқалады. Шындығында, бүгін мемлекеттік қызмет­те, құқық қорғау органдарында, сот жүйесінде, денсаулық сақтау, басқа да салаларда қазақпен қазақша, орыспен орысша сөйлесетін, екі тілде жаза алатын мамандарға сұраныс басым. Кадрларды  іріктеу барысында ол сұраныс ескеріле бермейді. Қазақ тілі бірте-бірте өзінен-өзі қоғамдық сұраныссыз мемлекеттік мәртебеге ие болады деу де қате пікір. Ал ол сұранысты ұлттық намыс қамшыласа қазақ тілі өз тұғырына мінеді.

Демографиялық жағдай еліміздегі славян текті диаспоралардың, соның ішінде орыстардың қартайып бара жатқанын көрсетеді. Мысалы, 40-49 жастағылар қазақтар арасында 13,4% құраса, орыстар арасында –13,7%, ал 50-59 жастар   арасында сәйкесінше 5,4% пен 8,0%, 60-69 жастағылар елімізде 3,7% пен 8,2%, 70-тен асқандар арасында 2,6% пен 9,1%. Сондықтан да, елімізде орыстар 1989 жылы 37,6%, 1999 жылы – 29,9%, 2009 жылы – 23,7% құрады. Жылына 40 мынға жуық жастар тарихи отанына көшеді, сондықтан, солтүстік облыстарда туғандардан гөрі өлгендердің саны басым. Бұл табиғи үрдіс. Күні ертең қазақ өз елінде 70-80% құрап, бірақ қазақ тіліне сұраныс болмаса, жағдай шиеленісіп кетпесіне кепілдік беру қиын. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер етеді. Ең қатерлі жағдай шыдамды, көнбіс халықтың көтеріліс екенін тарих дәлелдеді.

Мемлекеттік тілге бірте-бірте көшу

Қостілділіктің Қазақстанда деңгейлері көп: жеке тұлғаның екі тілді білуі; аймақ тұрғындарының екі тілді меңгеруі; ұлттың екі тілді меңгеруі (мысалы, қазақтардың басым көпшілігі, екі тілді); бұқараның қостілділігі. Қазақстандықтардың бұқара­лық қостілділік – орыс-қазақ, қазақ-орыс тілін меңгеруі ұзақ тарихи кезең алады. Сондықтан, бүгін қостілді мамандарға ұлтына қарамай жол ашатын уақыт келген сияқты. Сондай-ақ, кейбір аймақтарды да (Атырау, Қызылорда, тағы басқа да облыстар) мемлекеттік тілге аударып, аудармашылардың көмегіне жүгінбей-ақ жұмыс жасайтын мүмкіндік бар. Бұл аймақтарда қазақ тілінде жазатын, ойлайтын мамандарды  қай салаға да іріктеп алуға болады. Басқа ұлт өкілдерін де жұмысқа тарту жөн, бірақ оларға мемлекеттік тілді меңгеруге қатаң талап қою міндетті емес. Қазақ тілдік орта оларды тіл білуге бірте-бірте икемдейді. Ең бастысы қазақтың қазақ тілін меңгеруі.

Ұлттық рух

Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы қазақ ұлтының әлі де кемшін психологиясы, тарихи санасында жатыр.

Ұлы ақын А.С.Пушкиннің орыстық  астамшылығы да зор болған. Кавказды зар еңіреткен генерал Ермоловты қолдап: «Смирись Кавказ: идет князь Ермолов», – деген. Тек князь П.Вяземский шын көңілінен ұлы ақын болса да Пушкинді сынаған: «Что тут хорошего? Что он, как черная зараза, губил, ничтожил племена? От такой славы кровь стынет в жилах и волосы дыбом становятся. Если бы мы просвещали племена, то был бы, что воспеть. Поэзия – не союзница палачей…».

Поэзия ғана емес, тарих ғылымы да қанішерлермен бірлеспеуі керек еді. 2007 ж. Ұзынағаш түбінде басқыншы Қоқан хандығының әскерін талқандағанына 140 жыл толуын атап, «кемеңгер» Колпаковскийге ескерткіш орнатты. Оған Ресейден, алыс шет елдерден казактар мен славян бірлестіктерінің өкілдері қатысты. «Айтпайын десем, ақым кетіп барады, Айтсам ағайынның көңілі қалады» дегендей, айтпауға болмайтын жағдайлар да бар. Өкініштісі, «тойдың» ортасында белгілі ел азаматтары, мәжіліс депутаттары жүрді. Кезінде И.Жансүгіров Колпаковскийдің қалай да Жетісуды орысқа шегелеп ұстауға мықтап күш салғанын айтқан. Кейін Түркістанның генерал-губернаторы Фон Кауфман «Ұзынағаш соғысындағы жеңісіміз біздің орыстың бүтін Орта Азияны жаулағандағы жеңісіміздің анасы болды» деді. Отаршылдарға ескерткіш қойған тек қазақтар ғана. Бұл қазақ рухын сындыру.

Сондай-ақ оған шын тілін үйретудің өз қисындары бар. Біріншіденоқушы ана тілін толық меңгергенде ғана екінші тілді оқытуға болады. Екіншіденоқу бағдарламасында ана тілінің басым, негізгі тіл болып қалуын мықтап қадағалауды көздейді. Ана тілі мен екінші тілден тура аударма арқылы салыстырып оқытылғанда оқушы  өз ана тілін де терең меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл әлемдік тәжірибе. Біз ағылшын тілін қазақ тілі емес, орыс тілі арқылы үйретіп, тағы да ұлттық рухымызды әлсіретіп отырмыз, қазақ сырттан келген қауіпке қарсы тұру, қолайсыз, жайсыз, әлеуметтік-психологиялық жағдайда, іштей күш жинап, өзін сақтау қабілеті басым ұлт. Ғасырлар  бойы қалыптасқан бұл қасиет орыстану саясатынан да аман алып шықты, социализм  қазанында  қайнап, басқаға сіңіп кетпеді, тілін, мәдениетін негізінен сақтап қалды, сондықтан, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда болашаққа  зор сеніммен қарауға негіз бар. Ал қазақ ұлты ана тілін толық меңгергенде ғана мемлекеттік тіл мемлекет азаматтарының басын біріктіреді.

Орыстанған қойыртпақ, негізінен орыс тілді кириллица жазуы басым қоғамда да латынға көшуге аса ынта жоқ. Сондықтан, бүгін ойланар мәселелер баршылық. Желпініп латынға көшсек барлық мәселе шешіледі деп даурықпай, дайындық жұмысына ыждаһаттықпен қарау жөн.

 

http://aqiqat.kazgazeta.kz/