Среда, Март 3, 2021
Басты > Жаңалықтар > Түлектерді жұмыспен қамту — басты назарда

Түлектерді жұмыспен қамту — басты назарда

Жұбанов университетін биыл бітіретін түлектерге аудандық жерлерден сұраныс көп. Бүгін аталған білім ордасында өткен онлайн жиында Мұғалжар, Хромтау, Алға ауданының өкілдері  түлектерді болашақ жұмыс орындарымен және оларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлерімен таныстырды.

Аудан өкілдерінің мәліметінше, математика, физика, биология, химия, музыка, тарих, орыс тілі, ағылшын тілінің мамандары жетіспейді. Сондықтан да, жас мамандарға сұраныс көп.  Жұбанов университетінің мәліметіне сүйенсек, кадр жетіспеушілігін толтыра алатын 300-ге жуық болашақ маман 2021 жылы аталған мамандықтар бойынша оқу бітіреді.

Батыс өңіріндегі маңдайалды оқу орындарының бірі саналатын Жұбанов университетін биыл 2061 түлек аяқтағалы отыр. Әсіресе, педагогтар ауылдық жерлерге қажет-ақ. Айтулы шараға қатысқан аудан әкімдері мен аудандық білім бөлімінің басшылары жұмысқа келетін жас мамандарға барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Бұл ретте, «Дипломмен – ауылға» және «Жұмыспен қамту –2020» жол картасы бағдарламаларының мүмкіндіктері пайдаланылмақ.

Өз кезегінде аудан басшылары студенттерге аймақты дамытудың басым бағыттары, сонымен қатар педагогикалық, медициналық кадрлар мен спорт саласы мамандарының тапшылығы туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол жас мамандарды мемлекеттік қолдауға, атап айтқанда 265 100 теңге мөлшерінде жәрдемақы алуға, 1500 АЕК көлемінде тұрғын үй сатып алуға берілетін несиеге баса назар аударды. Бұл шамамен 0,01% пайыздық үстемемен 4 миллион теңгені құрайды.

Кездесуде Хромтау ауданы мен Алға ауданың өкілдері «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасының мүмкіншіліктерін кеңінен баяндап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен перспективалары, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы, кадрлардың қажеттілігі туралы сөз қозғады.

– Білімді ұрпақ — ел болашағы және қоғам дамуының негізі драйвері екендігі белгілі, сондықтан біздің міндетіміз сапалы білім беру жағдайларын жасау болып табылады. Бүгінгі күні аудандарға жас мамандар көптеп қажет. Ауданымызда педагог мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, ауыл мектептеріне математика, физика, химия, орыс және ағылшын тілдерінің мамандары тапшы. Егер диплом алған түлектер қаладан шалғай орналасқан елді-мекендерде қызмет атқаратын болса, оларға барлық жағдай жасалады, – дейді Хромтау аудандық білім бөлімінің басшысы Нұргүл Қалниязова.

Онлайн шарада аудандық білім бөлімінің басшылары жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, тұрақты жұмыс орындары, мемлекеттік қызметке орналасу сынды мәселелерге жіті тоқталды.

Бүгінде Жұбанов университетінде 8 бағытта 54 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Қазіргі таңда 12872 студент білім алып жатыр. Оның ішінде «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша — 204, ауылдық квотамен — 80, грант негізінде — 509 және ақылы түрде 1268 студент білім алады.

Айта кетейік, университет рейтингін анықтайтын басты көрсеткіштердің бірі – бітіруші түлектердің еңбекке орналасу деңгейі және жұмыс берушінің пікірі. Аталған білім ордасының еңбекке орналастыру бағытындағы стратегиясының жүзеге асырылуы негізінде түлектердің еңбекпен қамтылу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл ретте, мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының мәліметі бойынша университетті 2019 жылы бітірген түлектердің бір жыл ішіндегі жұмысқа орналасу көрсеткіші 95%-ы, еңбекпен қамтылу деңгейі 96,6%-ті құрап отыр. 2018 жылы бітірген түлектерге қатысты көрсеткіш бір жылда 74,5%-ы құраған болатын.

Сонымен қатар оқу орнында білім алушылардың өндірістік практикасын ұйымдастырудан бастап жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қызметті «Кәсіби даму және мансап» орталығы үйлестіреді. Орталықтың тынымсыз жұмысының нәтижесінде көптеген жұмыс берушілермен тиімді қарым-қатынас орнатылған. Университетте жұмыспен қамту бағыты бойынша жаңа оқу жылынан бастап шаралар жоспарлы ұйымдастырылады. Олардың қатарында, Ақтөбе қаласындағы 81 мектеп директоры мен мектепке дейінгі 19 ұйым басшыларының қатысуымен «Университет-Мектеп: өзара ынтымақтастық моделі» жобасы аясында конструктивті-кәсіби диалог ұйымдастырылды, апта сайын нақты жұмыс берушілермен «Мансаптық кездесулер», пандемия жағдайында «Тікелей эфирлер» өткізілді. Сондай-ақ, педагогикалық емес бағыттағы түлектерді жұмысқа орналастыру мақсатында, өңіріміздің ірі мемлекеттік мекемелері мен бизнес-құрылым өкілдерімен «Ашық алаңдағы» («Open space») кездесулер ұйымдастырылды. Биылғы оқу жылында да бұл кездесу жаңа форматта – қашықтықтан «НR-кездесу» форматында жалғасын тауып отыр.

Аталмыш орталық облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектептермен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасайды. Еске салсақ, былтырғы оқу жылында «Жұбанов керуені» жобасының аясында қала мен аудан мектептерінде университеттің кафедра филиалдары ашылып, бес ауданда жергілікті атқарушы билік пен университет арасында меморандумдарға қол қойылды. Бұл жоба «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын одан әрі дамыту, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнатуға ықпал етті.

Жиын соңында жастарды еңбек жолын ауылда бастауға шақырған аудан басшылары түлектерге еліміздің мықты тұлғасы боп қалыптасуларына тілектестік білдіріп, университет ұжымына алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, аталған шара «Мансап» апталығының аясында  аудан әкімдерінің, аудандық білім бөлімі басшыларының, университет басшылығының және түлектердің қатысуымен өткізілді.