Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жастардың жанашырлығы

Жастардың жанашырлығы

Өткен жыл кім-кімге де оңай болған жоқ. Пандемия кезінде өңірде тұрақты жұмысы мен табысынан айырылғандар, денсаулығына байланысты сақтанып, үйінен шыға алмай қалғандар аз болмады. Осындай кезеңдерде облыстағы еріктілер мен белсенді жастар көп еңбек етті. Олардың бірқатары мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, жанашырлық танытса, енді бірі оқушыларға сапалы білім беруде өз үлестерін қосты. Сонымен…

Алғысқа бөленген Алина

Алға аудандық ауруханасында учаскелік медбике болып жұмыс істейтін Алина Жолдыбаева — індет кезінде көпшіліктің алғысына бөленген ақ халаттылардың бірі.

Ол ауданда тұрғындар арасында санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау, сақтық шараларын насихаттау жұмыстарына атсалысып, мұқтаж, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетті. Сондай-ақ COVID-19 инфекциясымен ауырған науқастарды сауықтыруда тынымсыз еңбек етіп, ерекше белсенділік танытты.

  • Былтыр пандемия кезінде науқастарды емдеп жүріп, өзім де қатты ауырдым. 15 күн үйде жатып, ем қабылдадым. Денсаулығым жақсарған соң жұмысыма қайта оралдым. Пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің көбі ауырғаны белгілі. Алайда әріптестерім науқастарды қараусыз қалдырмай, күні-түні тынымсыз еңбек етті. Соның нәтижесінде көп адам ауруынан айығып, үйлеріне оралып, отбасыларымен қайта қауышты. Инфекциямен күрестің негізгі салмағы бізге түсті. Ушығып тұрған індет бізге, ақ халаттыларға, жауапкершілік жүгін еселеп артып берді. Сол үшін әрқайсысымыз өз жұмысымызды жауапкершілікпен, адалдықпен орындауға тырыстық, — дейді ол.

Алина пандемия кезінде медбике ғана емес, волонтер ретінде де жұмыс істеді. Аудандағы волонтерлік топтармен бірлесіп, тұрғындарға бетперде, қолғап, т.б. қорғаныш құралдарын үлестіріп, бірқатар мұқтаж, көпбалалы отбасыларға тегін азық-түлік жиынтықтарын таратты. Сонымен қатар аудандағы жалғызбасты, қараусыз қалған қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін екпе салып, көмектесті.

  • Қазір аудандық ауруханада коронавирус инфекциясымен ауырып жатқандар жоқ. Алайда індеттің алдын алу үшін жан-жақты сақтық шараларын жүргізіп жатырмыз. Медбике ретінде мен барлық азаматтарға сақтанып, қорғаныш құралдарын пайдаланып жүруге кеңес беремін, — дейді ол.

Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, мейірімді медбике індет кезінде өз қызметін адал атқарып, көптің алғысына бөленді. Әсіресе, алғалық қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың Алинаға деген құрметі ерекше. Жас маманның бұл еңбегі бағаланбай қалмады. Өткен жылы ол облыс әкімінің арнайы Алғыс хатын иеленді.

Алинаның ендігі мақсаты — медициналық білімін жетілдіріп, жоғары санатты дәрігер болу.

Бүгін — ерікті, ертең — заңгер 

Хромтаулық Жанар Алпамыс — пандемия кезінде аудандарда оқушыларға қосымша білім беруде өз үлесін қосқан жастардың бірі.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құқықтану мамандығында оқитын ол өткен жылдың басында еріктілер қатарына қосылған. Өзімен бір мамандықта оқитын курстастарымен бірге университет басшылығының бастамасымен мемлекеттік мекемелер және жол-патрульдік полициясы қызметкерлерімен бірлесіп рейдке шығып, тәжірибе жинақтаған. Ал сәуір айынан бастап Шалқар ауданының орта мектептерінде оқитын 8-11 сынып оқушыларына құқықтық сауаттылық бойынша қосымша білім берген.

— Университет басшылығының бастамасымен өткен жылы бір топ студент бес ауданға бөлініп, мектеп оқушыларына құқықтық сауаттылық бойынша қосымша білім бердік. Атап айтсақ, жол қауіпсіздігін сақтау, мектептегі оқушының құқығы мен әдебі,  мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары және тағы басқалар бар. Сондай-ақ оқушыларға ағылшын тілін үйренуге, компьютерлік білімдерін жетілдіруге көмектестік. Осылайша бір ай ішінде жүзден аса оқушыға жеке-жеке қосымша білім бердік. Сонымен қатар көрші Батыс Қазақстан облысының  Жәнібек, Қаратөбе, Теректі, Бөрлі аудандарында тұратын, биыл мектеп бітіретін түлектерге онлайн режимде құқықтық сауаттылықтан және ағылшын тілінен білімдерін жетілдіруге көмектестім. Мұның бәрі менің болашақ заңгер ретінде тәжірибе жинақтауыма зор ықпал етті, — дейді Жанар.

Оның ендігі арманы — қорғаушы болу. Ол үшін алдымен сот, заң саласында бірнеше жыл еңбек етуі керек. Сол үшін Жанар алдағы уақытта талапшыл, заңды жақсы білетін, жан-жақты заңгер болғысы келеді.

— Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халық арасында адалдық пен парасаттылық қағидаларын нығайту керектігін үнемі айтады. Қазір жастар арасында заңдарды, сондай-ақ өз құқығын білмейтіндер бар. Сондықтан біз болашақ маман ретінде оқушыларға, басқа мамандықта оқитын студенттерге құқықтық сауаттылығын көтеруге көмектесеміз. Заңды сыйлаған адам ешқашан жамандыққа бармайды. Сондықтан еліміздің ертеңі — келер ұрпақ еліміздің заңын сыйлауы керек, оны бұлжытпай орындауы тиіс, — дейді ол.

Жанар — отбасында бес баланың үлкені. Отбасы Хромтау ауданының Көктөбе ауылында тұрады. Қазір пандемияға байланысты онлайн режимде білім алып жатыр. Жасынан зерек болып өскен ол орта мектепте жүрген кезінен-ақ заңгер болуды армандаған. Бүгінде Жанар оқуымен қатар ауылында ерікті ретінде қызмет етіп жүр. Ол айналасындағыларға үнемі көмек қолын созып, жасы кішілерге бар білгенін үйретеді.

Жанардың оқуда жеткен жетістіктері де жетерлік. Атап айтсақ, өткен жылы «Bilim-Orkenieti» ұлттық-инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының І дәрежелі дипломымен, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» төсбелгісімен, «Birgemiz. Bilim» жалпыұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған құқықтық сауаттылық семинарында волонтерлік қызметі үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталған. Сондай-ақ облыс әкімінің атаулы стипендиясын иеленген.

 

 Данагүл ҚАЗИХАН

https://aqtobegazeti.kz/?p=96877