Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > ҰБТ — 2021

ҰБТ — 2021

Бүгін еліміздің барлық өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталып, ақпанның 5-іне дейін жалғасады. Бүгінде Жұбанов университетінің ғимраттарының  бірінде 284 қатысушы өз білімін тексеруде. Тестілеуге 11 (12) сынып оқушылары, өткен жылы ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер және шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша басқасына ауысқысы келетін студенттер қатысады. Алты күн ішінде  1,5 мыңнан астам адам тестілеуден өтеді.

Тестілеу бес пән бойынша өтеді: 3 міндетті және таңдаған мамандығына байланысты 2 бейінді пән. ҰБТ қатысушыларына барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша 15 сұрақ, математикалық сауаттылық бойынша 15 сұрақ, оқу сауаттылығы бойынша 20 сұрақ және бейінді пәндер бойынша 35 тапсырмадан болады.

Тестілеу тапсыруға 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ-ға қатысушылар барлығы 140 балл жинай алады.

Өңірлерде ҰБТ өткізу ережелерінің сақталуын жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылайтын болады. Сондай-ақ өңірлердегі тестілеу барысын Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері қадағалайды.  Тестілеу үрдісін арнайы мониторингтік топтың және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері бақылауда ұстайды.

Тестілеу тапсыратын орындарда бейнебақылау камералары орнатылып, онлайн-трансляция жүргізіледі. Коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында ҰБТ өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталатын болады. Тестілеу барысында қатысушылар арасында кемінде 2 метр қашықтық қамтамасыз етіліп, аудиториялардағы адамдардың саны 50%-ға қысқартылды.
ҰБТ басталар алдында аудиториялар бактерицидті шамдармен зарарсыздандырылатын болады.

Еске сала кетсек, тест тапсырушылар қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысқаннан кейін маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін байқауға қатысу мүмкіндігінен айырылмайды.