Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Спартакиада жеңімпаздары анықталды

Спартакиада жеңімпаздары анықталды

Жұбанов университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен  қызметкерлері арасындағы спартакиада өз мәресіне жетті. Бір айға созылған спартакиадаға қатысушылар 9 спорт түрінен додаға түсті. Өздерінің спорттық даярлықтары мен шеберліктерін көрсетуге 400-ге жуық  астам қызметкерлер мен оқытушылар ниет білдірген.

Білім ордасының 85 жылдық мерейтойын мерекелеу  мақсатында ұйымдастырылған додада ұстаздар мен қызметкерлер стритбол, ату, дартс, үстел теннисі, шағын футбол, волейбол, шахмат сияқты спорт түрлері бойынша сынға түскен болатын.

Айта кетейік, бірнеше жылдар бойы университет әкімшілігі мен  бастауыш кәсіподақ ұйымы  спартакиаданы тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Жарыста университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері өздерінің білім мен ғылымда ғана емес, спортта да мықты екендіктерін дәлелдеді. Бұл күн нағыз мерекеге айналды, оған себепші болған қатысушылар мен жанкүйерлердің көтеріңкі көңіл-күйі мен атмосфера таңқаларлық түрдегі бәсекелестік пен достық рухын біріктірді.

Айтулы додада топ жарғандарды университет ректоры Бауыржан Ердембеков  марапаттап, алғыс хаттарды табыс етті. Тұрақты ұйымдастырылатын дәстүрлі доданың қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды университеттің Жоғары колледжі, екінші орынды техникалық факультеті иеленді. Ал, бірінші орынды әкімшілік ұжымы жеңіп алды. Қатысушылар мен командалар алғыс хаттармен және кубоктармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, бұқаралық спортты дамытуға арналған шара алдағы уақытта да жалғасатын болады.