Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жас жұбановшылармен толықты

Жас жұбановшылармен толықты

Жыл сайын Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков бірінші курс білім алушыларымен дәстүрлі түрде кездеседі. Бүгінгі кездесуге проректорлар, декандар, декан орынбасарлары, педагогика, тарих, экономика және құқық факультеттерінің жас жұбановшылары қатысты.

Дәстүрге айналған кездесу студенттерді университеттегі білім жүйесімен, жастардың ізденістері мен шығармашылығын дамыту бағытындағы жоспарлармен, университеттің ішкі тәртіп ережелерімен және түрлі жеңілдіктермен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуде университет ректоры  Бауыржан Ердембеков ең алдымен университет тарихымен таныстырып,  өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндады.

— Бүгінгі таңда 85 жылдық тарихы бар Жұбанов университеті  елімізде және өңірде инновациялық өзгерістерді жүзеге асыратын адами капитал қалыптастыру мақсатында қарқынды дамып келеді. Қара шаңырақ тірлігін заман талабына сәйкестендіріп қайта құру мақсатында уни­верситет миссиясы қайта қаралды, стратегия­сы жаңғыртылып, кешенді жоспар жасалды. Осыған сәйкес университетіміз жоғары білім­ді интернационализациялауға, ғылыми жетіс­тіктерді коммерциялизациялауға және клас­сикалық университет моделінен Smart университет моделіне көшуге ұмтылу үстінде. 61 білім беру бағдарламасы бойынша университет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы рейтингіндегі жоғары оқу орындарының алғашқы ондығына табан тіреді. Бүгінгі таң­да ұлттық рейтингте үздік төрттікке енген оқу орнымыз көздеген меже биік: ұжым халықаралық QS World University Rankings рейтингісінде үздік 500 университет қатарына ену үшін қарқынды жұмыс жүргізуде, — деді, ректор.

Бауыржан Ердембековтің айтуынша, Жұбанов университетінің студенттерінің саны биыл 14032 адамды құрады. Осы оқу жылына 1 курсқа 3 мыңға жуық студент қабылданды. Соның ішінде 207 «Алтын белгі» иегері, 200-ден аса оқу озаттары мен халықаралық дәрежедегі олимпиада жүлдегерлері, спортшылар мен қазақ еліне танымал жас өнерпаздар университеттің студенті атанды.   Қазіргі таңда  78 бакалавр мамандығы, 40 магистратура, 6 докторантура бойынша мамандар даярлайды. Екі диссертациялық кеңес ашылды.  Білім беру процесін 8 факультет, 23 кафедра жүзеге асырады. Осылардың барлығы өңірді   мамандармен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бере алады.

Универсианттардың 50%-ы тегін білім алады. Олардың ішінде ҚР БҒМ білім грантының, университеттің атаулы гранттарының, облыс әкімі грантының және әртүрлі өндірістік кәсіпорындар гранттарының иегерлері бар. «Серпін» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы қалаларынан келген студенттер оқиды.

Сонымен қатар университет қызметін цифрландыру және интеграциялау мақсатында «Smart Zhubanov University» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Автоматтандырылған кітапхана, виртуал­ды білім беру ортасы, онлайн медиаресурс­тар, цифрландыру бағытындағы жаңа білім бағдарламаларының ашылуы, оннан астам IT-кабинеттердің жасақ­талуы – соның айғағы. Smart-технологияларды енгізу бағытында барлық білім алушылар, профессор-оқытушылар мен қызметкерлер, ата-аналарға арналған Smart ARSU мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл жүйе пайдаланушыларына оқу процесінің, кітапхана қорының, емхананың ақпараттық және интерактивтік сервистерінің ыңғайлы қызметімен қамтамасыз етеді.

Кездесуде оқу ордасының басшысы жаңадан ашылған және жаңғыртылған атаулы кабинеттер мен орталықтар, әлеуметтік нысандардың жұмысы, университет жобалары жөнінде баяндап, жоғары оқу орнының болашақта тұрған міндеттеріне де тоқталды. Сондай-ақ, студенттердің жан-жақты дамуына университетте барлық жағдай жасалғандығын атап өтті.

— Сапалы білім алып, студенттік шақтарыңыз қызықты өтуі үшін 6 оқу ғимараты, кітапханалар, 2200 орындық 4 студенттер үйі, студенттік емхана, 3 спорт кешені, 5 спорт алаңы, 3 спорт залы, жаңа, жаңартылған мамандандырылған кабинеттер,атаулы аудиториялар, ІТ құрылым мен зертханалар, Темірқазық СҚКО, Студенттер сарайы, Жастар сарайы, аллеялар, қоғамдық тамақтану орындары, 2 жылыжай, «Зерек» балаларды дамыту орталығы, «Сенім» әлеуметтендіру орталығы, Инновациялар паркі,  Start up академиясы, түрлі көрмелерге ыңғайланған Атриум, Кинозал, «Әдемілік әлемі» салоны, Arsu store дүкені, хореография залы жаңа семестрде жаңа екпінмен жұмысқа кірісті, — деді Б.Ердембеков.

Б.Ердембековтің айтуынша,  Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» деген үлкен жоба іске асуда. Университет қаржысы, эндаумент қоры мен жомарт жанды меценаттардың көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған заманауи озық технологиямен жабдықталған арнайы оқу кабинеттері ашылды

Аталған білім ордасында жастарды әлеуметтік қорғау мақсатында біраз жобалар іске асырылуда. Университетте оқу ақысына жеңілдіктер беру ережесі бекітілген. Мысалы, жетім балалардың оқу ақысына 100%, көп балалы отбасынан шыққан үздік студенттерге 50% жеңілдік беріледі. Сонымен қатар оқуда, спортта немесе шығармашылықта жетістіктері бар талапкерлер мен білім алушылар Қ.Жұбанов атындағы білім грантына немесе стипендияға үміткер бола алады. Университет студенттеріне  өңір демеушілері мен кәсіпорындары қаржылай қолдау көрсетуде.

Еркін форматта өткізілген университет ректорының бүгінгі кездесуінде  оқу-тәрбие процесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстары, ғылыми жобаларды қорғау, шетелдік серіктестермен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламалары,  білім алушылардың академиялық ұтқырлығы және әлеуметтік мәселелер түгел қамылды.

Сөз соңында ректор Бауыржан Ердембеков университет қабырғасына алғаш рет қадам басқан бірінші курс студенттеріне сәттілік тілеп, білікті маман атанып шығатындарына сенім білдірді.

Бұдан соң сөз алған академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бибігүл Абенова академиялық мәселелер мен білім беру қызметіндегі негізгі ерекшеліктерге жіті тоқталды.

Өз кезегінде университеттің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Нарқозы Қартжан студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары туралы кеңінен әңгімеледі.

Нарқозы Қартжанның айтуынша, Жұбанов университеті жоғары білімді мамандар даярлау мен білім ордасының ғылыми шығармашылық әлеуетін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысын жаңашылдықпен жетілдіруде.

Атап айтқанда, жастарды білім мен ғылымға, шығармашылық пен зияткерлікке баулумен қатар, оларды кәсіпкерлікке үйрету нақты жолға қойылған. Дәйекті дәлел ретінде «Заман біздікі элиталар одағы», «Ритор» пікір –сайыс клубтары, «Медмар» бизнес және маркетингті дамыту студенттік клубы, «Жас Отан» ЖҚ, «Ақжелен» студенттік домбырашылар оркестрі, «ARSU League» студенттік шағын футбол лигасы және университеттің еріктілерін біріктіретін бес волонтерлық клубының атқарған ізгілікті істерін алға тартуға болады. «Жұбанов жылуы», «Ізгілік елшілері», «IT Volonteer», «ECOARSU», «Volonteer-2020», «INVO» сынды 20-ға жуық үйірмелер мен клубтар әрбір жастың өзінің мамандығына, икеміне сай жұмыс жасауда. Сондай-ақ, білім ордасында тәрбие жұмысын жетілдіру бағытындағы соңғы бір-екі жылда жаңа құрылымдардың жұмысы жолға қойылған. Мәселен, университетте ProActivе академиясы, Студенттік парламент, Студенттер үйіндегі студенттік тәртіптік кеңес, Кураторлар кеңесі, Жастар ісі жөніндегі комитет құрылып, жұмыс жасап жатыр.

Кездесудің ашық микрофон айдарында студенттер толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, университет басшылығына алғыстарын да жеткізді.

Айта кетейік, бір аптаға жалғасқан университет ректорының  бірінші курс студенттерімен кездесуі ертең филология және техникалық  факультеттерінде жалғасады.