Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > … Қазіргі балаларды Алпамыспен, Қобыландымен таңғалдыра алмайсың

… Қазіргі балаларды Алпамыспен, Қобыландымен таңғалдыра алмайсың

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген талаптар

… Тостаған мен торсық ұрсысып қалады. Тостаған толы құрт, ал торсыққа құрт салынбайды. Тостаған соны меңзеп, торсықты өкпелетіп алады. Торсық: «Тостаған, ақылға ақыл қоспаған, сенде тіпті өрнек те жоқ» деп бұртиып, мазақтайды. Саба-ана ожауға екеуін татуластыруға тапсырма береді. Бұл не? Фантастика. «Балапан» арнасында көрсетілетін «Ырысты ыдыстар» мультфильмінің бір сериясы. Қиял-ғажайып ертегі. Әйтпесе, ыдыстар сөйлемейді ғой. Бірақ осындай қиял-ғажайып нәрселер баланың қиялын шарықтатып, қызыққа кенелтеді. Бала түгілі кейде ересектер де нақты өмірде бола бермейтін фантастикалық шығармаларды сүйіп қарайды, оқиды.  Біздің сұхбаттасымыз жас оқытушы, жас  жазушы, жас сценарист Әлихан Жақсылық та осындай тақырыптарға құмар. Оның әңгімелерінде де түсініксіз бір оқиғалар болып жатады. Әлиханның жазушылығы бір төбе. Былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен жас ақын-жазушылардың он шақты жинағы жарық көрген болатын. Соның ішінде Әлиханның «Алты құрлық» деген кітабы да бар. Жас жазушының шығармашылығы туралы белгілі жазушылар, сыншылар біраз жазды. Өзі де республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбаттар беріп, пікірін батыл айтып жүр. Әлиханның тағы бір қыры бар, ол — шебер сценарист. «Балапан» арнасындағы бірнеше сериялы мультфильмдер мен балаларға арналған көркем фильмдердің сценарий авторы. Жоғарыда айтқан «Ырысты ыдыстардың» да сценарийін жазған осы жігіт. Бұл жолы Әлиханмен осы тақырыпта сөйлестік.

— Былтыр Гетенің «Фаустын» оқыдым.  Шығармадағы Фауст, Мефистофель, қайырымсыз рухтар мен періштелер секілді көптеген мифологиялық кейіпкерлерге қатты қызықтым. Сөйттім де, осы кейіпкерлерді, басқа да ежелгі мифтер мен аңыздарда кездесетін кейіпкерлердің бәрін біріктіріп, үлкен мифологиялық шығарма жаздым. Бұл шығармамда 70-80 шақты кейіпкер бар. Мәселен, зұлымдық әміршісі Уэйкед, есек аяқты түн елесі Эмпуза, Түркі тайпаларының аңызындағы тотем Ашина, алтын мүйізді, алып қанатты жүйрік, ұша алатын қанатты пырақтар, грек аңыздарындағы шашының орнында жыландар өрілген зұлымдық кейіпкері Медуза, өлілердің мазасыз рухтары Лемурлар, жерасты патшасы Плутон, тоғызбасты алып жылан Лерней, зұлымдық әскерлері — диюлар, қанатты жыландар, мүйізді диюлар, бір көзді дәулер, айдаһарлар, құбыжықтар — өте көп кейіпкер бар. Хикая «Альпіні азат ету. Мәңгілік пирамидалар» деп аталады. Ол Тибетте басталған зұлымдықты жеңу туралы хикая. Шығарманы Anyzfilm  киностудиясына жіберіп көргенмін, ондағылар: «Мультфильмге сұранып тұр екен», — деді. Осылайша мен сценарий жазып, Anyzfilm студиясына жолдадым. Anyzfilm киностудиясының директоры, режиссер  Тұрдыбек Майдан бастаған аниматорлар, режиссерлер қатты қызықты, бірақ есептеген кезде бұл мультфильмді жарыққа шығару үшін 200 миллион теңге керек екенін, ондай қаржының жоқтығын айтты. «Сценарийді қаншаға бағаласаңыздар да, мейлі. Ең бастысы, мультфильм шықса екен, балалар көрсе екен», — дедім. Себебі қазіргі балалардың сұранысы басқа. Қазіргі балаларды Алпамыспен, Қобыландымен таңғалдыра алмайсың, оларға бренд пен тренд керек. Ал мына сценарий бойынша анимациялық фильмдер түсірілетін болса, онда өте қызықты кейіпкерлер бар, балаларға ұнайтынына бек сенемін. Қазіргі уақытта «Альпіні азат ету. Мәңгілік пирамидалар» хикаясын ағылшын тіліне аударып, әзірлеп қойдым. Шетелдік байқауларға ұсынғым келіп отыр.

Кейін Anyzfilm киностудиясының жігіттері бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Бардым. Түркияның ТРК арнасының тапсырысы бойынша бірлесіп бірнеше жоба әзірледік. Мен 12 сериялық фильмге сценарий жазып бердім. Одан соң Қытайдағы қазақтардан тапсырыс келді. Жеке адамның тағдырына қатысты түсірілетін «Өткір өмір» атты фильмге сценарий жаздым.

— «Балапан» арнасының тапсырысы бойынша да бірқатар жобалар жасапсыз?

— Иә, «Ырысты ыдыстар» атты шағын, әрқайсысы шамамен 5 минуттық мультфильмдер біздің, Нұрсәуле Толқын екеуміздің бірлесіп жазған сценарий негізінде түсірілді. Нұрсәуле екеуміз 10 сериядан бөліп алып, 20 сериялық сценарий әзірлеп, «Балапанға» жолдадық. Бір-екі аптаның ішінде «Балапаннан»: «Бастаңдар!» деген жауап келді. Бұл мультфильмдер қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтары туралы. Қазақ халқы ежелден ас сақталатын ыдыс-аяқтарға ерекше көңіл бөлген ғой, ыдыстарды тек таза табиғи материалдардан жасаған. Ыдыстарды жасаудың өзі қазақтың қолөнерінен, ұлт тұрмысының өмір салтынан көрініс береді.  Демек бұл мультфильмдер қазақтың байырғы өркениетін көрсетеді. Бұл «қазақта тарих болмаған» дейтіндерге жақсы жауап. Торсық, тостаған, саба, мес, астау, зерен, шара, тегене, тас диірмен, көзе, үрілген қарын, самаурын, қазан  секілді неше түрлі ұлттық ыдыстар туралы бірнеше сериялы анимациялық фильмдер бүгінде «Балапанның» көрерменінің сүйікті фильмдерінің бірі.  Anyzfilm киностудиясының жігіттері түсірді. Алдағы уақытта тағы да «Балапанның» тапсырысы бойынша осы «Ырысты ыдыстардың» 20-30 сериясын түсіруді жоспарлап отырмыз.

Сонымен бірге «Үкілі әуен» деген 12 сериялы балалар фильміне сценарий жаздым. Ол фильм де түсірілді. Бұл фильм ертеректе жаудың қолына түсіп қалған сиқырлы сыбызғы туралы. Балалардың ішінде тек біреуіне ғана үнемі сыбызғының үні естілетін болады. Балалар ауыл ақсақалдарынан сыбызғы туралы аңызды естігеннен кейін оны іздеп таппақ болады. Аңыз бойынша ертеректе жау шапқан кезде сиқырлы сыбызғының үні естіліп, ауыл жаудың көз алдынан ғайып болатын болған. Бір күні сыбызғы жаудың қолына түсіп, жоғалып кетеді. Ол сыбызғының иесі әлгі оның үнін үнемі еститін баланың бабасы екен. Осылайша қазіргі технологияны жетік білетін балалар аңызда айтылған жер аттарын картаға түсіріп, сыбызғының жасырылған жерін тауып алады. Бұл фильм де «Балапаннан» көрсетілді.

— Қазір қандай сценарий жазып жатырсыз?

— Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бұрынғы ректоры Бауыржан Ердембековтің ұйытқы болуымен ақбөкендер туралы мультфильмнің сценариін жазып, әзірлеп қойдық. Елімізде Ырғыз, Торғай аумағында мекендейтін ақбөкен — бабаларымыздың көзінің қарашығындай сақтап, қорғаштап, ұрпағына аманат етіп кеткен дарқан даланың еркелері ғой.
Бауыржан аға: «Ақбөкендер кезінде бірнеше мемлекеттің жерінде мекен еткен. Кейін браконьерлердің әсері бар, табиғаттың әсері бар — ағысып-ығысып, тек бір-екі мемлекеттің жерінде ғана қалған. Оның ішінде Ырғыз, Торғай жерінде сақталған. Осы туралы жақсы бір фильм түсірілсе», — деп ой тастағаннан кейін бірден сценарий жазуға кірістім. Бір ерекшелігі — бұл фильм тілсіз, көрермен тек динамика арқылы түсінеді. Фильмде Нұрғисаның «Махамбет», Қорқыттың «Қобыз», Махамбеттің «Жұмыр қылыш» секілді бірнеше күйлері ойналады. Сөз жоқ. Яғни, бұл фильмді қай ұлттың адамы көрсе де, түсіне алады. Дайын өнімді шетелдік сайттарға да ұсынуға болар еді.

15 минуттық жобаға ректорат қаржылай қолдау көрсетіп, 5 миллион теңге көлемінде грант беру туралы шешім шығарған болатын. Қазір сценарий жазылып, тіпті «Қажет фильм групп» студиясында  фильм түсіріле бастаған еді. Бірақ, бұрынғы ректорымыз Бауыржан Ердембеков басқа жұмысқа ауысып кетті. Бұл жобамыздың тағдыры әрі қарай не болатыны белгісіз болып тұр.

— Қазір бірыңғай осы жұмыстармен айналысып жатырсыз ба?

— Қазір Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті колледжінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Нағыз мұғалім қияли болуы керек, мұғалім шығармашылық адамы болмаса, ғылым дамымайды. Мұғалім алдында отырған шәкіртінің шығармашылық қабілетін аша білуі керек. Баланың қиялын дамыту өте маңызды. Қияли емес адам мұғалім бола алмайды. Мульфильмдерге сценарий жазғанда да адамның миына сыймайтын, фантастикалық оқиғалар ойлап тапқанды жақсы көремін.

— Былтыр Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының ұйытқы болуымен бірнеше жас ақын-жазушылардың кітаптары жарық көрді. Арасында сіздің де кітабыңыз бар. Сіздің оқуға құмарлығыңызға кім себеп болды?

— Ойыл ауданы Саралжын ауылының баласымын. Анам ауылдағы мектептің кітапханасында жұмыс істейтін. Әлі де сонда жұмыс істейді. Бұрын мектепте оқыған кезде сабақтан шыққаннан кейін кітапханаға, анамның қасына барып, ол жұмыстан шыққанша күтіп отырушы едім. Сол кезде «Айгөлек», «Балдырған» журналдарын тапжылмай отырып оқитыным есімде. Кейін «Аңыз адам» журналымен дос болдым. «Аңыз адамға» шыққан Махатма Ганди, Нельсон Мандела, Фидель Кастро секілді үлкен саяси тұлғалардың тағдырлы өмірі туралы қызыға оқитынмын.

9-сыныпқа көшкенімде Ақтөбедегі Мақсот Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына ауыстым. Мектеп директоры бізді Шығармашылық үйіндегі айтыс ақыны Оралбай Кәметия жүргізетін айтыс үйірмесіне жаздырды. Оралбай ағамыздың қолдауымен бірнеше рет республикалық ақындар айтысына қатыстым, жүлделі орындар да алдым. Осы үйірмеге барып жүргенімде оқуға жазуға деген ынтам оянды. Бұған Оралбай ағамызбен қоса, Саралжын мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тілектес Бисалиева қаладағы мектептегі Айгүл Әділова деген ұстаздарымның да әсері болды деп ойлаймын. Қазақ әдебиетіндегі, әлем әдебиетіндегі шығармаларды көп оқыдым. Біздің қазақ әдебиеті қаламгерлерінің потенциалы әлем әдебиеті жазушыларынан бір мысқал кем емес. Тек сол потенциалын барынша пайдалана алмаған сияқты, шығармашылықтарын тар шеңберге қысып тастаған сияқты болады да тұрады. Мүмкін оған аға буын жазушылар өмір сүрген уақыттардағы идеологиялық цензура да әсер еткен болар. Меніңше, біздің қазақ әдебиетінде осындай бір шикілік, осындай бір бос орын бар секілді. Сол бос орынды толтыруға деген құлшыныс бар. Ақын Бауыржан Бабажанұлы менің «Жан азасы», әңгімемді «Қазақ әдебиеті» газетіне шақыруға ықпал етті. Осы шығармамды оқыған Төлен Әбдік маған хабарласып, біраз ақыл-кеңесін берді. Осындай ағаларымның ықыласы да менің әдебиетке деген құмарлығыма әсер еткені айқын. Төлен аға: «Ауыл жайлы жазудан қашық болыңдар. Бүгінгі уақыт урбанизацияның уақыты. Қазақ қалаға келді. Уақыттың ағымы басқа», — деген ақылын айтты.  Мен де тұтас адамзатқа ортақ тақырыптарды жазғанды жақсы көремін. Бір ғана жеке адамның басында болған оқиға жалпы халықтық сипат ала алмайды.

 

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=97355