Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шәкіртақыға ие болды

Шәкіртақыға ие болды

Жұбанов университеті соңғы төрт жылдың ішінде үздік студенттерді,  мүмкіндігі шектеулі балаларды және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарды қолдау үшін демеушілермен жұмыс жасап келеді.  Игі бастама білім ордасында әдемі дәстүрге айналды. Соның жалғасы бүгін де көрініс тапты.

Бүгін университеттің Ғылыми кеңесінің кезекті отырысында «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі,  профессор Төлеген Ботағариев пен жұбайы Светлана Көбеева  «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 2-курс студенті Бекзат Жақсыбаевқа өз атынан шәкіртақы табыстады.

Айта кетейік, кәсіби-шығармашылық факультетінде үстіміздегі оқу жылында он бесінші студентке демеушілер тарапынан 220 000 (екі жүз жиырма мың) теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалды. Аталмыш факультетте жыл сайын аз қамтылған отбасылардың балаларына тағайындалатын шәкіртақылар  «Қолдау» акциясы аясында беріліп отыр.  Шәкіртақылардың басым бөлігі оқуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып жүрген белсенді, әрі әлеуметтік қорғалмаған және аз қамсыздандырылған студенттерге бөлінеді.

Ұсынылған демеушілік шәкіртақы студенттердің оқу үлгерімін жақсартуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыруға және қоғамның интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға ықпал ететіні анық.

Одан кейін кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселеге ойысты.  Университет қызметінің цифрландырылуы және Smart Zhubanov University жобасының орындалуы,  Smart Zhubanov University жобасын  дамытудың жаңа бағыттары, электронды құжат айналымы және әртүрлі мәселелер қаралды.

Отырысқа  ғылыми кеңес мүшелері, университет құрылымдарының басшылары мен  кафедра меңгерушілері, факультет декандары қатысты.