Среда, Апрель 17, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білім беру мен жастармен жұмыс мәселелесіне айрықша көңіл бөлінеді

Білім беру мен жастармен жұмыс мәселелесіне айрықша көңіл бөлінеді

Жұбанов университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен құрылым басшылары Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің есеп беру кездесуіне қатысты. Аймақ басшысының есеп беру​ кезінде өңірдің 2020 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесі баяндалып, биылғы жылдың міндеттері белгіленді. Шектеу шараларына байланысты кездесу онлайн түрде өтті.​

Оңдасын Оразалин пандемияның өңір экономикасына әсерін тигізгенін атап өтті.

Экономиканың күрт төмендеуіне жол бермейтін және​ оны кейін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданды. Жыл соңына қарай жағдайды тұрақтандыра алдық. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады: өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар 1,8 трлн. теңгеге өнім өндіріп, өңдеуші сектор өндірісінің көлемі 103,9%-ға дейін өскені байқалады.

Биыл облыс басшылығы алдарына 800 млрд теңге тарту міндетін қойып отыр: мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттың, диализатор шығаратын кәсіпорынның, мобильді бұрғылау қондырғыларының және т.б. құрылысы жоспарлануда,-деді облыс әкімі.

Өңір басшысы мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі болып табылатын білім беруді дамыту, педагогтерді қолдау, білім сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды.

Оңдасын Оразалин педагог мәртебесін көтеру бағытында облыстың білім беру қызметкерлері үшін біржолғы сыйақы төленетін жергілікті ерекшелік белгілері, атап айтқанда «Ақтөбе облысының үздік педагогикасы» төсбелгісіне ие болғандар — 500 АЕК және «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағына ие болғандарға 300 АЕК көлемінде сыйақы белгіленін тілге тиек етті.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен педагогикалық мамандықтарға 40-қа жуық грант бөлінді, облыс педагогтерінің 50%-ы ұлттық біліктілік тестілеуінен өтті және жалақыға 30-50% мөлшерінде үстемеақы алды, — деді Оңдасын Оразалин.

Есеп беру кездесуінде өңір басшысы жастарды қолдауға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді.

Оңдасын Оразалиннің айтуынша, бүгінгі күні жастар өңір тұрғындарының 5-бөлігін құрайды немесе олардың саны — 178,7 мың адам. Облыстағы жастардың әлеуетін жүзеге асыру үшін жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған «Өз арманыңа жет!» арнаулы жобасы тұңғыш рет жүзеге асырылған. Жоба барысында 29 жасқа дейінгі 16 адам 2 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде қайтарымсыз қаржылай грантқа ие болған.

Сондай-ақ маңызды мәселелердің бірі жастарды жұмысқа орналастыру болып табылады, оны шешу үшін облыста «Жасыл ел», «Дипломмен — ауылға!», «Жастар практикасы» және «Серпін-2050» сияқты акциялар мен бағдарламалар жүргізілуде және жүзеге асырылуда.

Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің сөзіне сүйенсек,  жастармен жұмыс ағымдағы жылы да жалғасын табады, онда жастардың өзекті мәселелерін анықтау және пікірлерін талдау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізу, еріктілердің «кооперативтік» және басқа бағыттарын қолдау, жастар арасында экологиялық мәдениетті көтеру мақсатында «Жасыл ел» жобасын және кешенді экоакциясын жалғастыру және тағы да сол сияқты шаралар қамтылады.

Есеп беру кездесуінде аймақ басшысы өңірді цифрландыру проблемаларына тоқталды.

Біздің облысымыз еліміздегі неғұрлым қуатты дамыған аймақтардың бірі болуы үшін 2020 жылы Ақтөбе облысын трансформациялау және оны қазіргі заман талаптарына бейімдеу жобасы жүзеге асырылды. Осылайша трансформациялау барысында өңіріміздің экономикалық және инвестициялық әлеуетін бағалау жүргізілді, тиімді кадрлық саясат жасақтау, халықтың тыныс-тіршілігін жүйелі цифрландырумен қамту, сондай-ақ еститін, пайдалы іс-әрекет жасай алатын мемлекетті дамыту шаралары қолға алынды, — деді Оңдасын Оразалин.