Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбанов университеті таланттары: көшбасшылар, дипломаттар…

Жұбанов университеті таланттары: көшбасшылар, дипломаттар…

(Universum нұсқасы). Білім сапасын көтеру мәселесі бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Баршамыз аяқ басқан жаңа ғасырда біздің алдымызда терең ойлы, еңбекқор, сындарлы, төзімді, ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін, демек, бәсекеге қабілетті ұлт иесін қалыптастыру міндеті тұр» деген болатын. Яғни отандық университеттер ел ертеңін жасайтын әр түлекті соншалықты қабілет пен қасиетті бойына сіңірген талант иесі ретінде дайындауы керек.

Бітіруші таланттардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі бүгінгі күні білім беру мен кадр саясаты саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Еңбек нарығы жаңа тәртіп ережелері негізінде университет түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға көбірек көңіл бөлуді қажет етеді. Бұған тек таланттарымыздың дамуы мен маман ретінде қалыптасуы ғана емес, сонымен қатар еліміздің болашағы да байланысты. Іргелі жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингінде төртінші орынды иеленген, 15 мыңнан астам студенттер қауымын, оның ішінде 8 мың педагогикалық бағыттағы білім алушыларды құрайтын Жұбанов университетін бітіруші таланттардың білім алған ұясы туралы пікірлері қандай? Жұбанов брендін қалай бағалайды? Бұл сұрақтарға жауапты біз «Universum» зерттеуінен аламыз.

«Universum» дегеніміз не? Немен айналысады? Кімге арналған? «Universum» жұмыс берушілердің брендингі мен еңбек нарығын зерттеу саласындағы әлемдік беделді зерттеу орталығы болып табылады. Компания әлемдегі 60-қа жуық елдің танымал, әрі беделді 2000-нан астам университеттерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасайды. Жыл сайын миллионға жуық студенттерді сауалнамадан өткізеді, серіктестік орнатқан 2000-ға жуық жұмыс беруші компанияға университеттер түлектерін танытады. Компания ғылыми-зерттеу және кеңес беру арқылы жұмыс берушілер мен студент-кәсіби маман арасын өзара жақындастырумен, сондай-ақ олардың мансаптық дамуында жоғары оқу орындарына қолдау көрсетумен айналысады. Жұмыс берушілер мен ЖОО үшін даярланып жатқан студенттердің құзіреттіліктеріне қатысты ақпарат алады. «Universum» жүргізетін Talent Research зерттеуінде қазіргі түлектер үшін басым мансаптық құндылықтар, олар армандаған жұмыс берушілер TOP-ына қандай компаниялардың кіретіні, болашақ түлектердің университет брендін қалай қабылдайтыны бағаланады.

Жұбанов университеті таланттарды даярлау және еңбекке орналастыру саясатын жүзеге асыруда аталмыш компаниямен екі жыл бірлесе жұмыс жасап келеді. 2019-2020 оқу жылында Universum Talent Research сауалнамасына Жұбанов университетін бітірушілердің 562-і қатысты. «Universum» талдауы бес негізгі бағыт бойынша жасақталды. Олар: талант профилі; университет брендін қабылдау; мансап орталығы; коммуникация;  мансап пен жұмыс берушілер арасындағы таңдау ерекшелігі. «Universum» талдауында осы негізгі бес бағыт бойынша біздің студенттердің жауаптарын республикамыздың басқа ЖОО студенттерінің жауаптарымен салыстыра көрсетті. Талант профилі – студенттердің демографиялық шығу тегі, олардың құзыреттілігі мен тәжірибесі және осы критерийлердің салыстырмалы топпен байланысы туралы айтылды. Өзінің 31 жылдық зерттеу саласындағы тәжірибесінде «Universum» ерекше адамдардың жұмыс орнында 7 негізгі мінез-құлықтық типтердің орын алатындығын анықтаған.

Олар: интернационалист, көшбасшы, мансапқор, кәсіпкер, дипломат, аңшы, идеалист. Өйткені, әр адамның қызмет орнында өздерін ұстауы, мінез-құлқы, қарым-қатынастағы ерекшеліктері, таңдау дербестігі, қалайтын әрекеттері болады. Мысалы, Жұбанов университеті студенттерінің мансаптық типтеріндегі басымдары – дипломаттар, интернационалистер, көшбасшылар екен. Дипломат – адал қызметкерлер өз әріптестеріне отбасы сияқты қарайды және олар әрқашан команданың мүддесі үшін қосымша міндеттер алуға дайын. Дипломаттар әріптестері риза болған кезде қуанады. Олар берік қарым-қатынас орнатуға бағытталғандықтан, топтық жұмыс олар үшін ең жақсы жұмыс түрі болып табылады. Дипломаттар әрқашан кез-келген тұлғааралық проблемалардың жеңіске жететін шешімдерін таба алады.

Интернационалист – әлемді аралап, мәдениеттерді білуге және жаңа байланыстар орнатуға деген ұмтылыс бұл тип үшін мансап таңдауда басты өлшем болып табылады. Бұл адамдар жер шарының кез-келген бұрышына барғысы келеді, олар үнемі қозғалыста болғанды қалайды. Интернационалистердің кез-келген жағдайға бейімделуге, сондай-ақ жаңа әріптестермен және іскер серіктестермен қарым-қатынас орнатуға таланты бар. Қызығушылығы өте басым. Олар халықаралық әдет-ғұрыптар мен нормаларды тез үйренеді. Сондықтан бизнесті басқа елдерде тарату немесе жаңа жаһандық тізбек құру көбінесе интернационалистерге тапсырылады. Көшбасшы – бизнес-процестер туралы ақпаратқа ие болғанымен, олардың шынайы күші – жүйелі ойлау. Олар нақты міндеттер мен компанияның негізгі мақсаты арасындағы байланысты көреді.

Сонымен қатар, олар өз көзқарастарын басқаларға дұрыс ұсына алады. Осы қабілеттің көмегімен олар әріптестерін алға жылжуға және керемет нәтижелерге қол жеткізуге шабыттандырады. Келесі бағытта студенттеріміздің университет брендін төрт түрлі аспект бойынша қабылдауы бағаланады. Олар: «Бедел мен имидж», «Білім беру қызметтері», «Мәдениет және студенттік өмір», «Жұмысқа орналасу әлеуеті және болашағы». Бұл аспекттер университет үшін қазіргі студенттермен қарым-қатынасты жақсартуға, сонымен қатар жаңа студенттерді тартуда қандай бағыттар жақсы екенін анықтауға көмектеседі. Бұл бағытта студенттер университетті қалай қабылдайтындығына ерекше мән берген.

«Университетті айтқанда, алғашқы қандай ой келеді?» деген сұраққа, жұбановшылар «Ең үздік!», «Жұбанов!», «Үздік!», «Престиж!» сөздерімен байланыстырған. «Университетке қаншалықты көңіліңіз толады?» деген сұраққа жауап нәтижесінен біздің студенттердің өз университетіне деген оң көзқарасының басқалардан гөрі жоғары екенін байқадық. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда да анағұрлым артып отыр. «Университеттің тартымдылығының қозғалтқыштары қандай?» сұрағына студенттер Жұбанов университетіндегі «Білімнің жоғары дәрежесі», «Тартымды, әрі ашық орта», «Оқу бағдарламаларының жоғары сапасы» көрсеткішін белгілеген.

Студенттер жауаптарынан университетіміздің тартымдылығын «Жоғары сапалы біліммен», «Оқу бағдарламаларының жоғары сапасымен», «Қолжетімді оқу бағасымен» байланыстыратынын білдік. Келесі бағытта студенттердің жұмысқа орналасуда қандай мансаптық қызметтерді пайдаланатындығы, олар үшін қандай қызметтер маңызды және қазіргі уақытта ұсынылған мансаптық қызметтерге қаншалықты қанағаттанатындығы көрсетіледі. Бұл университет ұжымына сұранысқа ие және студенттер үшін ең тиімді болып табылатын мансаптық қызметтерге тактикалық тұрғыдан назар аударуға көмектеседі.

Ең танымал мансаптық қызметтер қатарында Жұбановшылар жұмыс берушілердің презентациясын; компанияларға (ұйымдарға) экскурсия жасауды; 3) жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жұмыс берушілермен конференциялар ұйымдастыруды таңдаған. Бұл өз кезегінде жоғарыда аталған мансаптық қызметтердің университет тәжірибесінде қолданыста екендігін аса айтып кеткен жөн. Жыл бойы университеттегі Кәсіби даму және мансап орталығы тарапынан бітіруші түлектерге жұмысқа орналастыру бағыттары бойынша түрлі форматтағы жоспарлы шаралар, нақты жұмыс берушілермен, аудан әкімдерімен «Мансаптық кездесулер» ұйымдастырылып отырады. Университетте бұл шаралардың жүйелі жүргізілгендігін және студенттердің оның тікелей қатысушылары болғандарын түлек жауаптарынан байқадық.

«Мансап орталығының жұмысына қанағаттанасыз ба?» деген сұраққа студенттер тарапынан Кәсіби даму және мансап орталығының жұмыс бағытының қанағаттанарлық деңгейде екені көрсетілген. Келесі бағытта студенттердің жұмыс берушілермен қалай қарым-қатынас жасауды және өзара әрекеттесуді қалайтыны туралы айтылады. Бұл мәліметтер жұмыс берушілерге біздің студенттерді тарту үшін қандай платформаларды пайдалану керектігі туралы хабарлайды. Осыдан Жұбановшылардың көп пайдаланатын коммуникативтік каналдарының қатарында әлеуметтік желілер, блогтар, жұмыс берушілердің Веб-сайттары аталған.

Жұбановшылардың ойынша әлеуметтік желілерде ең әсерлі қатысуымен көрінетін жұмыс берушілер қатарында, университетіміздің әлеуметтік серіктестері: «Казхром» ТҰК, «КазТрансОйл» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Kaspi Bank» АҚ және тағы басқалар аталған. Соңғы бағытта студенттер үшін ең тартымды мәселе жұмыс берушілер мен жұмыс берушілердің атрибуттары қарастырылады. Бұдан біз студенттердің қалауы еңбек нарығының шынайылығына қаншалықты сәйкес келетіндігін білеміз. Осылайша, біз қай жұмыс берушілер біздің студенттер үшін ең маңызды және тартымды екенін анықтай аламыз.

Талдаулар арқылы студенттердің мансаптық таңдаулар қатарында бірінші орында – мемлекеттік қызметті, екіншісінде – жеке кәсіпкерлікті, үшінші орында – халықаралық компанияларда жұмыс жасауды көрсетсе, ең танымал салалар қатарына – білім беру, банк ісі және туризм мен қонақ үй бизнесін қойып отыр. Жұбановшылар жұмыс берушілердің ең маңызды белгілерінің қатарында: компанияның нарықтағы беделін, еңбек жалақысының өсу перспективасын, жұмыс ортасының достық жағымды атмосферасын және кәсіби оқу мен дамуды атаған. Сауалнамадан өткен студенттердің көпшілігі Жұбанов университеті дипломының жұмысқа сәтті орналасып, мансаптық өсуіне көмектесетініне сенімді.

Студенттер Жұбанов түлектерінің арасында нақты мысалдарды да, объективті жұмыс көрсеткіштерін де көргендіктерін, бұл оларға үлкен сенімділік тудыратынын атап өткен. Студенттер Жұбанов университетін халықаралық мансап үшін және кәсіпкерлікке қолдау көрсететін тамаша трамплин деп санайтындығын білдірген. Талдауды қорытындылай келе, университетте студенттер үшін білім алуға барлық жағдай жасалынғанын, Мансап орталығының жұмыс сервисін көпшілік студенттердің пайдаланатындығын сауалнама нәтижелері көрсетіп отыр.

Кәсіби даму және мансап орталығы тарапынан студенттер мен жұмыс берушілер байланысын үйлестіру бағытында ұйымдастырылатын шаралар Жұбанов түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткішін жоғары дәрежеге жеткізді. Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының мәліметі негізінде (10.09.2020 ж.) университетті 2019 жылы бітірген түлектердің еңбекке орналасу көрсеткіші  94,99%-ке сай болды. Бұл – өз кезегінде университеттің академиялық саясатының дұрыс бағытта екенінің, даму стратегиясының нақтылығының көрінісі.

 

Бибігүл Сейілқызы АБЕНОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің академиялық мәселелер
жөніндегі проректоры

 

https://bilimdinews.kz/?p=136343