Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өнер саласының мамандары бас қосты

Өнер саласының мамандары бас қосты

Бүгін Жұбанов университетінде аймақтық «Рухани құндылықтар (саз және би) принципі негізінде оқытудың әдістері» атты семинар өтті. Семинар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы жылы аталмыш шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

Таңғы сағат 9-да өңірге танымал өнерпаздар мен белгілі өнер қайраткерлерінің шеберлік сағаттарымен басталған семинар, түс қайта әдістеме мен теориялық білім тоғысқан үлкен жиынға ұласты.

Семинар модераторы ретінде сөз алған кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров саз бен би өнерінің біліммен қатынасына тоқтала келіп, семинардың ерекшелігін атап кетті.

Бұдан соң мінберде Жұбанов университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бибігүл Абенова сөз сөйледі.

Біздің ең басты мақсатымыз – сапалы маман дайындау.  Ал, сапалы маман дайындау үшін біз бен сіз ортақ тәжірибе алмасып, ең маңызды мәселелерді талқылауымыз керек.  Міне, бүгінгі семинардың негізгі тақырыптарының бірі де осы, — деді. Өз кезегінде университет проректоры Б.Абенова оқу ордасында  білікті, толық, кемел адамды қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.

Ал, университет қабырғасында қызмет ететін тәжірибеші-маман, оқытушы Мербол Куспанов ұсынған хор және хормен жұмыс жасау практикумы пәнінде пайдаланылатын дауыс жаттығулары жиналған қауымды біріктіріп, семинарға ерекше атмосфера сыйлады.

Осылайша, семинар барысында өткізілген өнердің барлық салаларын қамтитын шеберлік сағаттар, заманауи мектеп мұғалімінің тұлғасын анықтайтын баяндамалар, дидактикалық ойындарды пайдалану арқылы рухани құндылықтарды дәріптеу турасындағы тренингтер өнер саласының мамандары үшін қызықты тәжірибе алмасу болғаны анық.

Айта кетейік, Жұбанов университеті облыстық және қалалық мектептер, мемлекеттік ұйымдар, ірі өндірістер базасында кафедралар филиалдарын ашқан болатын.

Бүгінгі семинар барысында осындай бірлескен жобаларға жол ашатын филиалдар саны тағы да арта түсті. Жұбанов университетінің серіктестер қатарына енді Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжі және Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы қосылды.

Университет ұжымына жоғары дәрежеде ұйымдастырылған семинар үшін Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжі  директоры Аманжол Исмагулов алғысын жеткізсе, Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы директоры Лейла Омарова университет ұжымына «Ер Едіге» атты 60 сағаттық жыр кітабын сыйға тартты.

Сонымен қатар, университет басшылығы бірнеше облыстық және қалалық серіктес ұйым басшылары мен қызметкерлеріне арнайы Алғыс хаттар табыстады.

Бір күнге созылған ғылыми-әдістемелік семинар университет ұжымы мен студенттері дайындаған концертпен аяқталды.