Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Зағип жандарға көмек

Зағип жандарға көмек

Мүгедек жандарға көмек көрсету – еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.   Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та халыққа арналған Жолдауларында мүгедек жандарды жан-жақты қолдап, олардың мәселелерін шешуге барынша атсалысу қажеттігін үнемі айтып келеді.

Осы бағытта Жұбанов университетінің  стартапшылары нашар көретін ақтөбеліктерге өз көмектерін көрсетуді жөн көрді.

Мұнда жас стартапшылар мүмкіндігі шектеулі жандарды барынша қолдап, олардың мәселелерін шешуге атсалысу мақсатын көздеп отыр.

Бұл ретте студенттер университеттің физика-математика факультетінің оқытушысы Асхат Раманқұловтың басшылығымен технологиялық бағыттаушы роботты ойлап тапты.  Бұл қарапайым құрылғы әдеттегі таяқшаны алмастыра алады.

Бүгін жас өнертапқыштар сынақ аппаратын  Ақтөбе облыстық Қазақ зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнына тапсырды.  Мұндағылар енді  күнделікті өмірде технологиялық таяқшаны пайдалана алады.

Өз кезегінде Қазақ зағиптар қоғамының өкілдері студенттерге көрсеткен   қамқорлығы үшін алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, оқу-өндірістік кәсіпорынында көру қабілеті нашар 23 мүгедек жұмыс істейді. Олар түрлі бұйымдарды тігумен айналысып,   экологиялық қағаз пакеттер шығаруды қолға алып отыр.

Қоғамда кез-келген жан әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тең құқылы.  Бұл тұрғыдан ұйым мүшелеріне алдағы уақытта да үлкен қамқорлықтар жасалады. Себебі – мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.