Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұстаз рухына тағзым

Ұстаз рухына тағзым

Ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Қожабек Ниязмағамбетов көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Осыған орай Жұбанов университетінде еңбек ардагері, ғалым Қожабек Ниязмағамбетұлы Ниязмағамбетовті еске алу шарасы өтті.

Қожабек Ниязмағамбетов — өмірінің тең жартысын білім саласына арнаған тұлға.  Әуелде мұғалім, кейін білдей бір білім ұясын басқарған азамат талай өнегелі шәкірт тәрбиеледі. Ұстаздық еңбек жолын Қопасордағы сегіз жылдық Қызылту мектебінде оқытушы, оқу ісінің меңгерушісі, Шалқар аудандық оқу бөлімінің инспекторы қызметінен бастап, Ақтөбе педагогикалық институты негізінде құрылған, қазіргі Жұбанов университетінде ұстаздық жұмысын 50 жыл бойы жалғастырған. Жоғары оқу орнында ұстаздық қызметімен қатар, оқуға түсушілердің дайындық бөлімінің меңгерушісі, қабылдау емтихандарының жауапты хатшысы, факультет деканы қызметін атқарушы, оқу бөлімі меңгерушісі, ғылыми Кеңестің хатшысы қызметтерінде үзбей еңбек етті.

Бүгінгі еске алу шарасын кіріспе сөзімен ашқан университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров артына өшпестей із қалдырған ұлағатты ұстаздардың лайықты істері  дәріптелуі керектігін алға тартты. Сөз соңында университет басшысы ғалымның жұбайы Кәдірбай Айтпаеваның  иығына шапан жауып, сый-құрметін білдірді.

Өз кезегінде Кәдірбай Айтпаева  көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, университет ұжымына алғысын жеткізді.

Қожабек — жақсы ата болды, жақсы әке де болды. Жақсы жолдас та болды. Қожабекпен тату-тәтті өмір сүрдік, 3 баланы тәрбиелеп өсірдік. Балаларымызға жақсы білім бердік. Жарымның игі қасиеттері көп-ақ, студенттерін де өз балаларындай жақсы көретін.  Істеген жұмысы, істеген ісі көрінді елге. Еске алып, құрметтеп жатқан университет ұжымына рахметімді айтамын және  Қожабектің 300 дана авторлық кітабын университеттің кітапханасына сыйға тарту етеміндеп түйіндеді сөзін.

Айта кетейік, былтыр «Жұбанов университетінің  85 жылдығына — 85 кітап» эстафетасы бастау алған болатын. Бүгінгі сый осы дәстүрлі  эстафетаның жалғасы іспеттес.

Еске алу кешінде ғалымның көзін көрген жандар үлгілі істерімен бөлісті. Жиында профессорлар Жайшылық Сартабанов пен  Қуанышбек Шүңкеевтер сөз сөйлеп, ғалым Қожабек Ниязмағамбетовтің  өмірдерегі мен жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Жиынға қатысқан  әріптестері мен достары ғалым жөнінде ерекше тебіреністе сөйлеп, Қожабек Ниязмағамбетовтің  ұстаздық және шәкірт тәрбиелеудегі айрықша қасиеттері жайында әңгімеледі.

Қожабек Ниязмағамбетов  талай жылғы адал еңбегінің жемісі ретінде үкімет тарапынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен (1982), «Еңбек ардагері» медалімен (2016), «А.Байтұрсынов атындағы қола медальмен» (2016) және  университеттің төсбелгілері мен  алғыс хаттарына ие болды.

Қожабек Ниязмағамбетов — талай шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Бүгінде олардың барлығы – еңбектерімен көпке үлгі. Ұстаздарын еске алу шарасына Қожабек Ниязмағамбетовтің алдында тәлім алған жандар да көптеп келді.

Саналы ғұмырын өз елінің болашағына арнаған бірегей тұлға, қазақстандық математика ғылымының дамуына қомақты үлес қосып, осы жолда мыңдаған шәкірт тәрбиелеген, әрбір шәкіртінің биік белестерден көрінуіне тілекші болған, өзінің нағыз ізденімпаз ғалым екенін таныта білген, белгілі ғалым-ұстаз Қожабек Ниязмағамбетовтің жарқын бейнесі жадымызда сақталады. Қ.Ниязмағамбетовтің ғаламдық математикалық ой-танымның қазынасына айналған ғылыми мұрасы – келешек ұрпақ игілігі екендігі анық.

Жиында  ел құрметіне бөленген азаматтың рухына арналған арнау өлеңдер  де оқылды. Сондай-ақ, ғалымның  өмір жолы мен еңбегі туралы деректі фильм көрсетіліп, келушілердің жанарына еріксіз жас ұялатты. Жиналған қауым өзінің артынан жарқын із қалдырған тұлғаның аты ешқашан ұмытылмайтынына сенімді.