Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақстан мен Польша: ынтымақтастық көкжиегі

Қазақстан мен Польша: ынтымақтастық көкжиегі

Жұбанов университеті  — еуропалық жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда.  Аталған оқу ордасы соңғы бес  жылда Польшаның бес жоғары оқу орнымен (Быдгощ қаласындағы Гданьск университеті, Экономика университеті, В.Корфанти атындағы Жоғарғы Силезия экономикалық университеті, Николай Коперник атындағы университеті, Слупск қаласындағы Помор академиясы) тығыз байланыс орнатты.

2017 жылдан бастап аталған шетелдік жоғары оқу орындарында  академиялық ұтқырлық және қосдипломды білім беру бағдарламалары бойынша 125 студент білім алды. Ал, шетелдік ғалымдар Жұбанов университетінде дәріс оқыды.

2018 жылдан бастап Быдгощ қаласындағы Экономика университетінде «Qazaq eli» мәдени орталығы жұмыс жасайды. «Qazaq eli» мәдени орталығы — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шара болатын. Бұл жерде қазақ елінің мәдениеті мен ғылым-білімін әрмен қарай толықтыру үшін және қазақ халқының мәдениетін насихаттау мақсатында құрылды.  Сондай-ақ, былтырғы жылы Жұбанов университетінің жанынан Поляк тілі мен мәдениеті орталығы ашылған болатын, мұнда ақтөбелік студенттер поляк тілін меңгереді.

Осы және өзге мәселелер жөнінде бүгін «Қазақстан мен Польша: ынтымақтастық көкжиегі» апталығының ашылуында айтылды. Айтулы шараға стратегиялық әріптес жоғары оқу орны  Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің делегациясы қатысты.

Өз кезегінде Жұбанов университеті ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров Қазақстан мен Польша арасындағы тарихи тамырдың бұрыннан бар екендігін айтып,  бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан дипломатиялық байланыстардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Польша мемлекеті — тәуелсіздік жылдары Қазақстанмен  дипломатиялық байланыс орнатқан 183 елдің бірі. Қазақстанның әлемдік білім нарығына шығуы және Болон конвенциясына қосылуы елдегі жоғары оқу орындарының ғылым-білім саласы бойынша шет елдермен байланыстарын нығайта бастады.

Жұбанов университеті 2013 жылы Быдгощ қаласындағы Экономика университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын, осы жылдар ішінде ғылым мен білімді дамыту үшін үлкен бірлескен жұмыстар жүргізілді, — деді Р.Бекназаров.

Сөз соңында университет басшысы шетелдік делегацияға  ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің Спорт және дене шынықтыру   институтының ғылыми қызметкері Татьяна Скалийге қосдипломды білім беру бағдарламасын дамытуға ықпал еткені үшін  «Құдайберген Жұбанов» медалін табыстады.

Өз кезегінде Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің Спорт және дене шынықтыру институтының директоры Александр Скалий Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовке, сондай-ақ Польша мен Қазақстан арасындағы білім беру және ғылыми байланыстарды дамытуға ықпал еткен Жұбанов университетінің басшылығы мен қызметкерлеріне арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Мінберде сөз алған Александр Скалий жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың жемісі —  поляк-американдық халықаралық қорының «Аймақтағы трансформациялар» RITA гранттық жобасын іске асырудың алғашқы бастамасы болғанын ерекше атап өтті.

А.Скалийдің айтуынша,  2020 жылдың жаз айында өтінім беру жобаларын ұсынған 80 қатысушының арасында американдық-поляк сарапшылары 13 жобаны қаржыландыруға шешім қабылдаған болатын. Олардың арасында  Жұбанов университетінің өтінімі Польшаның «Еуропалық құтқару және қауіпсіздік орталығымен» бірлесіп рейтингте бірінші орынды иеленіп,  ең жоғары ұпай жинады.

— Жұбанов университеті біраз жылдан бері сенімді серіктесімізге айналып келеді. Сондықтан біз мұнда жаңа құтқару орталығы ашылатынына қуаныштымыз. Алдағы уақытта біз дәрігерге дейінгі көмекті үйретуді және Қазақстанның балабақшалары мен мектептерін жаңа жабдықтармен жарақтандыруды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі алғашқы медициналық көмекті уақтылы немесе дұрыс көрсетпеу салдарынан Қазақстан халқының өлім-жітімін мүмкіндігінше болдырмау жөніндегі маңызды жұмыстың бір бөлігіне айналатынына сенімін, — деді А.Скалий.

Айта кетейік, «Қазақстан мен Польша: ынтымақтастық көкжиегі» апталығының аясында «Әлем таныған Қазақстан» көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ,   «Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетудің заманауи әдістері» халықаралық семинарының ашылуы және «Қауіпсіздік сақтау және құтқаруға үйрету  поляк-қазақ аймақтық» орталығының тұсаукесері өтті.

Бірнеше күн бойы мұнда шетелдік мамандар жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттеріне, мектеп оқушылары мен мұғалімдерге шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізеді.