Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Адам өмірін қорғау — басты міндет

Адам өмірін қорғау — басты міндет

Азаматтардың өмірін құтқару дағдыларын тек дәрігерлер ғана емес, сонымен қатар басқа да адамдардың білуі өте қажет. Өйткені, дереу көрсетілген алғашқы көмек жазатайым және өлім-жітімді азаюына мүмкіндік береді. Шетелдік мамандар осыған қатысты тәжірибе және кеңестерімен бөлісті.

Мұнда Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің Спорт және дене шынықтыру институтының мамандары  шұғыл жағдайларда дәрігерге дейінгі кәсіби көмек көрсету бойынша қарапайым дағдыларға үйретуде.  Бұл шара Жұбанов университетіндегі «Қазақстан мен Польша: ынтымақтастық көкжиегі» апталығының аясында өтіп отыр.

«Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетудің заманауи әдістері» халықаралық семинарына қатысуға  160-қа жуық адам ниет білдірген. Олар топтарға бөлініп, бес күн бойы практикалық сабақтардан өтеді.  Мұнда жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, мектеп оқушылары мен оқытушылары бар.

Базаргүл Срымова — Назарбаев Зияткерлік мектебінде қызмет етеді, отыз  жылдық тәжірибесі бар «Дене шынықтыру» пәнінің мұғалімі.

Кәсіби қызметім барысында мен дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету тақырыбын бірнеше рет зерттедім. Бүгінгі күні Еуропадан келген әріптестерімді тыңдау және олардың қызмет әдістемесін білу үшін  ойланбастан арнайы тренингке қатысып отырмын, — дейді ол.

Ал шетелдік мамандардың айтуынша дәрігерге дейінгі алғашқы көмек, медициналық көмекті күтпей көрсетілсе, адамның өмірін сақтап қалуда үлкен рөл атқарады. Жедел көмек көрсету машықтарын әрбір адам үйрене алады және үйренуі тиіс.

-Өкінішке орай, адамдардың көпшілігі зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетудің қарапайым қағидаларын білмейді. Адам өмірін құтқару үшін, ең алдымен, кез келген, тіпті қиын жағдайда өзін-өзі ұстауы қажет. Бұл дұрыс шешім қабылдауға және зардап шегушіге ойластырылған, жылдам әрекет жасауға көмектеседі.

Біздің арамызда шешім қабылдай алатын және өзінің және жақындарының өмірі үшін, жанындағы және көмекке мұқтаж адамдардың денсаулығы үшін жауапкершілікті өзіне алатын адамдар бар екендігі қуантады , — дейді шетелдік мамандар.

Айта кетейік, семинар-тренингтің соңында барлық қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар беріледі.