Вторник, Июнь 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттің үздік әдіскер-оқытушысы анықталуда

Университеттің үздік әдіскер-оқытушысы анықталуда

Жуырда Жұбанов университетінің Оқу-әдістемелік жұмыс және қашықтықтан білім беру орталығы аталған оқу ордасының профессорлық-оқытушылық құрамына  арналған  «Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-нің  Үздік әдіскер-оқытушысы»   байқауын жариялаған болатын.

Аталмыш байқаудың мақсаты   профессорлықоқытушылық құрамның білім беру қызметіндегі табыстары мен жетістіктерін ынталандыруды арттыру және оқу процесін сапалы ұйымдастыру тәжірибесін насихаттау.

Байқаудың басты идеясы — Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан. Байқауды ұйымдастыру және өткізу —  «Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-нің Үздік әдіскер-оқытушысы» байқауы туралы Ережеге (ҒК. 04.11.2020 ж. №4 хаттама) сәйкес жүзеге асырылады. Байқаудың жалпы жүлде қоры — 1 000 000 (бір миллион) теңге.

Байқау екі  кезеңде өткізіледі, 15 -19 ақпан аралығында өткізілген І кезеңде университеттің  сегіз факультеттен қатысқан   31 үміткердің оқу-әдістемелік қызметтерін бағалаудың критерийлеріне сәйкес, екінші кезеңге  факультетішілік комиссия шешімі негізінде 23 оқытушы  жіберілді.

Айта кетейік,  байқаудың факультетішілік бойынша өткізілген  алғашқы кезеңінде І кезеңінің ұйымдастырылуы мен өткізілуі туралы Ережеде көрсетілген тиісті құжаттамалар (байқауға қатысушылар тізімі, факультетішілік комиссия құрамы, оқытушының портфолиосы, факультетішілік комиссия отырысының хаттамасы) университеттің оқу-әдістемелік жұмыс және қашықтықтан білім беру орталығында  жинақталды.

Ал байқаудың екінші кезеңі 2-3 наурыз күндері өткізіледі. Байқауға жоғары білім беру саласында кем дегенде 3 жылдық еңбек өтілі бар факультет оқытушылары қатысып отыр.

Байқау қорытындысында жүлдегерлер университетішілік комиссия шешімімен анықталады. Сонымен қатар  университет ректорының бұйрығы негізінде байқау жеңімпазына «Үздік әдіскер-оқытушы» номинациясы тағайындалып, жеңімпаздар ақшалай сыйақымен, дипломдармен марапатталады.