Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жастар саясаты > Берері мол жаңа жоба

Берері мол жаңа жоба

Бүгін «Жұбановшылар бастамалары» гранттық қолдау байқауына қатысушылар өз жобаларын қорғады.

Аталмыш байқуды университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті  студенттік өзін-өзі басқару органдары қызметінің тиімділігін арттыру, жастардың қоғамдық белсенділігін қолдау, республикалық, халықаралық гранттық қолдау жобаларына қатысу мақсатында ұйымдастырып отыр.

Жоба университеттегі студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарын «ProActive академиясы» негізінде қолдау мен дамытудың тиімді тұтас жүйесін жаңғыртуға бағытталған.

Екі  апта бойы Жұбанов университетінің  студенттік ұйымдарының өкілдері  бюджеттік жоспарлау, команда құру, БАҚ-пен жұмыс және әр түрлі бағытта өз жобаларын ұсынды.

Студенттік ұйымдардың өкілдері өздерінің жобаларын әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор, комиссия төрағасы Нұржан Бердыбаев,   облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқанов, Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрсұлтан Қалдыбай, «Ақтөбе-Адалдық алаңы» сарапшысы Айтуған Тәжімұратов және университеттің  «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Ақылбек Нурлин, стратегиялық жоспарлау орталығының маманы Зарина Сидешова бағалады.

Бүгінгі шарада шығармашыл жастар студенттерге арналған SMM-маркетинг курстары, мектеп оқушылар үшін кәсіби бағдар беру және мамандықты дұрыс таңдауда  QR-коды бар интерактивті қабырға, сондай-ақ университет корпустары мен жатақханаларында қоқыстарды сұрыптайтын қоқыс жәшіктерін орнатуға арналған экологиялық жобаларын ортаға салды.

Үздік жобалар — жобаның тақырыбы, өзектілігі, жобаның құрылымы, дайындығы, күтілетін нәтижелер, әлеуметтік маңыздылығы, әсері, және жобаны қорғау деңгейі кретерийлері бойынша анықталып отыр.

Байқау жеңімпазының есімі мен 1 миллион теңге иегері 10 наурыз күні  жарияланатын болады.