Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бағдарлама және басым бағыттар

Бағдарлама және басым бағыттар

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың жүйелі тәсілдері». Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» конференц-залында осындай тақырыпта облыстық семинар өтті.

Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов төрағалық етті. Басқосуға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өкілдері онлайн режимінде қатысты. Сондай-ақ облыстық басқарма басшылары, басқармаға қарасты мемлекеттік мекемелердің және аудандық бөлімдердің басшылары, жоғары оқу орындарының бағдарламаға жауапты мамандары жиналды.

Жиынды ашып сөз сөйлеген Айбек Көпенов:

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы — болашаққа бағдарланған түйінді идеологиялық құжат. Онда біздің қоғам дамуының іргелі мәселелері нақты көрсетілген.

Семинар-практикумның мақсаты — «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың сапалы тәсілін ұсыну, облыстық салалық және оларға қарасты мемлекеттік мекемелердің, қалалық, аудандық әкімдіктердің және жоғары оқу орындарының жауапты мамандарына әдістемелік көмек көрсету, — деді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында қоғамдық сананы жаңғыртудың 6 бағыты айқындалған. Олар: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму, сананың ашықтығы.

— Бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының 6 бағыты мен 17 арнайы жоба бойынша облыс көлемінде тиісті жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту мақсатында «Туған жер» арнайы жобасы аясында жергілікті меценаттарды белсенді тарта отырып, «Тәуелсіздікке тағзым» жобасын іске асыру жоспарланды. Сондай-ақ «30 жыл — 30 нақты іс» жобасы аясында облыстағы әлеуметтік, идеологиялық, экономикалық, ауылшаруашылық және инфрақұрылымдық салалар бойынша 30 нақты әрі мазмұнды жобалар жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, археологиялық қазба жұмыстары бойынша ерте көшпелілердің элиталық ескерткіштерін зерттеу, облыс бойынша ескерткіштерге QR-кодтар орнату секілді жұмыстар жоспарланып отыр, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

Шара барысында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының сарапшы-менеджері Серік Молдағалиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың тиімділігі жөнінде жасалған  әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша баяндама жасады.

Өткен жылдың 10 айында пандемияға қарамастан, бағдарлама аясында өткізілген іс-шараларға қатысқан адам көп болыпты. 27 625 шара ұйымдастырылып, оған 8 миллионға жуық адам жиналған. Демеушілер мен меценаттардан түскен қаражат көлемі — 45 миллиард теңге.

«100 оқулық» жобасы аясында 77 кітап аударылып, жарық көрді. 23-і жариялану кезеңінде. Еліміз бойынша 780 киелі нысан бар. Бүгінде соның 44-і жаңартылды.

«Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы аясында да ауқымды жұмыстар тындырылды.

Басқосу барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген арнайы жобалар бойынша тиісті басқармалардың және жоғары оқу орындарының қызметкерлері баяндама жасады.

— Осы уақыт ішінде Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» мақаласы мемлекеттік маңызға ие үлкен бағдарламаға айналды. Бүгінгі шара бірлескен жұмысты одан әрі жандандырып, негізгі мақсатымызға жетуге үлкен үлес қосады деген сенімдемін, —  деп Айбек Көпенов жиынды түйіндеді.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=98134