Суббота, Апрель 10, 2021
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеге жыр оралады

Ақтөбеге жыр оралады

Көршілес Маңғыстау, Қызылорда облыстарының, шекаралас Қарақалпақстанның қазақтарымен салыстырғанда, Ақтөбе өңірінде жыршылық-жыраулық дәстүр өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап әлсірей бастағаны белгілі.

Әрине, ел ішінде жыршылық өнерді серік еткен жандар, бірен-саран да болса, күні кешеге дейін жүруі де мүмкін. Бірақ олар мәдени-көпшілік шараларға шақырылған жоқ, зерттеушілер назарына ілікпеді, шығармашылықтары, ұстаздары мен өздерінің есімдері бізге жетпеген, еленбеген күйі, белгісіз қалды. Қазір зерттеушілер Үкі жырау, Жаскілең Бекбергенұлы (оның әкесі Бекберген де жыршы болған), Нұрпейіс Байғанин, Айса Байтабынов, Жалғасбай Есенғалиев және басқа да көптеген белді өкілдері болған Ақтөбе жыршылық мектебінің (бәлкім, мектептерінің?) үзіліп қалғаны жөнінде айтып жүр.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Ақтөбе өңірінде қазақ халқының жыршылық өнерін қайта жаңғырту үшінбірнеше рет бастама көтерілді. Бұған, мысалы, Бесқала жыршылық дәстүрінің көрнекті өкілі, Наурызбек жыраудың шәкірті Өсербай Сәрсенбайұлын тарту көзделді, т.б. Дегенмен сәті түспесе керек, ол қадамдардың нәтижесі күткеніміздей бола қоймады. Енді өткен жылдан бастап Ақтөбеде осы бағыттағы талпыныстардың қайта жанданғаны бізді қуантады.

Бұдан бұрын да жазғанымыздай, 2020 жылыоблыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығыНоғайлы дәуірі жырларының антологиясын шығару ісіне кіріскен еді. Оның нәтижесі күз соңында қолымызға «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбом болыптиді. Альбомда 60 сағаттық жыр бар. Бұл жырлар ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы-термеші Алмас Алматовтың жетекшілігімен жазылды.Осыған байланысты Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларында «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылып, қазақтың жыршылық өнері мен оны әрі қарай дамыту, «Едіге» эпосының зерттелуі мәселелері талқыланды.

Жыр кештері — Тәуелсіздік тойына сый

Сондай-ақ Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұжымы да қазақтың жыр-дастандарын насихаттау, тарату ісіне тәуекел етіп, жыр кештерін өткізе бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсетілген «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерін жаңғырту мақсатында бұл бастаманы қолға алған — аталмыш ұжымның басшысы Елубай Кенжалиев.

Филармонияда қызмет ететін ҚР мәдениет қайраткері Перуза Нарман,ҚР мәдениет саласының үздігі Елдос Жұмағұлов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары:  ҒазизаӘбдірова, Нұрлан Әбдібеков, ӘділетКүзенбаев, Мәншүк Мұқанова, Динара Шынарбаева сынды дәстүрлі әншілер тобының күшімен жыр кештерінің тұрақты өткізілетіні туралы хабарды өнерсүйер қауым зор қуанышпен қабылдады. Ал аталған әншілердің бәрінің есімі жұртшылыққа жақсы таныс: Елдос Жұмағұлов жыршы-термеші Өсербай Сәрсенбайұлының шәкірті болса, Өсербай — Наурызбек жыраудың шәкірті; Ғазиза Әбдірова — атақты Ғарифолла Құрманғалиевтың немере шәкірті (тікелей ұстазы — Сәуле Жанпейісова); Перуза Нарман —Сыр бойы әншілік-термешілік мектебінің жалғастырушысы…

— Ән де, жыр да халық қазынасы. Жыр кештерін өткізу жөніндегі бастаманы құптағандағы ойымыз, бір жағынан, дәстүрлі жыршылық өнердің болашағына жол ашсақ, талантты жастарды осы өнерге қызықтырсақ деген мақсат болса, екінші жағынан, біздің эпостарымыз халқымыздың өткен тарихын, ата-бабалардың ел қорғау жолындағы батырлық, ерлік істерін дәріптейді. Бұл жастар үшін үлкен тәрбие. Жыр-дастандар арқылы жастардың жүрегінде өткенімізге, ата-бабаларға деген сүйіспеншілік оты тұтанса, бұл оларды түрлі жат ағымдардың ықпалынан сақтар еді деп ойлаймын, — дейді облыстық филармонияның дәстүрлі әншілер тобының жетекшісі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің музыка және хореография кафедрасының оқытушысы Ғазиза Әбдірова.

Филармонияның дәстүрлі әншілер тобы бүгінге дейін тыңдармандар алдында «Нарқыз» дастанын (Нұрпейіс Байғанин), «Асау-Барақ» жырын жырлады. Енді алдағы наурыз айында көпшілікке «Мәулімнияз — Едіге» жыры (Нартуған нұсқасы) ұсынылмақ.

— Бізге ата-бабадан мирас болып қалған әр жыр қымбат, әр жыр ыстық. Сондықтан жұртшылық алдына алып шығатын жырды таңдау тіпті де оңайға түспейді. Әзірге осы өңірде, осы топырақта көп таралды-ау деген жырларға баса назар аударып отырмыз. Қазір «Мәулімнияз — Едіге» жырын жаттап, әзірленіп жүрміз. Алдағы уақытта «Қобыланды батырды» жырлау да жоспарымызда бар, — деді Ғазиза Әбдірова.

Біз, уәде етілгендей, жыр кештері жыл бойы үзбей жалғасады деп күтеміз. Сонымен қатар бұл жоба филармония ұжымының Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына сыйы, шашуы екенін де айта кеткіміз келеді.

«Ер Едіге» жыр мектебі ашылады

Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұжымы да «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбомның жарыққа шығуына ұйытқы болумен шектеліп қалмай, халқымыздың жыршылық дәстүрін қайта жаңғырту жолындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра бермек. Осы мақсатта «Ер Едіге» жыр мектебін ашу жоспарланған.

— Бұған дейін де орталық жанынан жыр мектебін ашуға талпыныс жасалып, түрлі себептермен іске аспай қалған еді. Ең алдымен, шәкірт тәрбиелейтін жыршылар табу қажет. Бұл жолы біз белгілі жыршы-термеші, республикалық жыршы-термешілер байқауында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған Демеубай Жолымбетов пен дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, Наурызбек жырау мектебін жалғастырушы Әділбек Саринге, Қазанғап атындағы Шалқараудандық музыка мектебінің мұғалімі Нұрбек Сансызбаевқа ұсыныс айттық. Олар ұсынысымызды қабыл алып, «Ер Едіге» жыр мектебінің негізін қалауға келісім берді. Бұл — үлкен қуаныш, үлкен қадам. Ал жыр мектебінен дәріс алуға тілек білдірушілердің қатары көп. Олардың ішінде ақтөбеліктер жақсы танитын айтыскерлер де бар, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Оның айтуынша, жыр мектебін ашу арқылы жас жыршыларды тәрбиелеп қана қоймай, ел ішінен есімдері белгілі, белгісіз жыршы-жыраулар, олардың репертуарлары жөнінде, эпостарда көрсетілген жерлер мен тұлғалар туралы деректер жинастыру, осы мақсатта экспедициялар ұйымдастыру да көзделіп отыр. Бұл экспедицияларға өнертанушы мамандар шақырылмақ.

Орталықтың халық шығармашылығын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Елеуова:

— Қазақтың өзінің дәстүрлі, төл өнеріне деген құштарлығы ешқашан суымайды. Бала күнімізде бәріміз де қазақ теледидары мен радиосынан берілетін жыр-термелерді сүйіп тыңдап өстік. Енді осы мұраны кейінгі ұрпаққа жалғау — біздің парызымыз, — дей келіп, бізді «Ер Едіге» жыр мектебінде шәкірт тәрбиелегелі отырған Демеубай Жолымбетовтің шығармашылық жолымен, репертуарымен таныстырды.

Демеубай Жолымбетов —  Қызылорда облысының көршілес Арал өңірінің перзенті. Бала күнінен өз әкесінен, жыршы Әбдіқұл Әбдиевтен жыр-термелер үйреніп өскен. Ол — 2001 жылы өткен «Ғасырлар тоғысында» атты республикалық жыршылар мен термешілер байқауының, 2010 жылы Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық байқаудың, 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Өскемен қаласында өткен республикалық байқаудың жеңімпазы, басқа да көптеген байқаулардың жүлдегері, сондай-ақ қазақтың ұлттық өнерін насихаттау мақсатындағы шараларға қатысып, Еуропа елдерінде де болған. Жыршының репертуарында «Қарасай-Қази», «Сартай хан», Абайдың «Ескендір» дастаны, өзге де жырлар, сонымен бірге Кердері Әбубәкір, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет шайыр, т.б. ақындардың терме-толғаулары бар.

«Ер Едіге» жыр мектебінің ашылу салтанаты алдағы Наурыз мерекесі қарсаңында өтеді деп күтіліп отыр.

Жыр киесі…

Ақтөбенің бір кездері жыршылық дәстүрдің гүлденген өңірі болғаны сөзсіз. Жалпы, жыраулар мұрасы — бүкіл түркі халықтарына ортақ қазына. Жырды, жыршылық өнерді түркілер киелі санаған.Мысалы, қазақтың жыршы-жыраулары «Қарасай-Қази», «Хан Әділ» секілді жырлар жырланғанда жаңбыр жауады деп сенген. Бұл жөнінде 1925 жылы Ақтөбе топырағында дүниеге келіп, кейін бүкіл әулетімен қудаланып, Түрікменстанда өскен жыршы Үбіғали Бақтығалиұлы өзінің естелігінде жазып қалдырған («Атамұра» жинағы, 1997 жыл).

Сол секілді ноғай жұрты той жасаса, «Едіге» жырынсыз өткізуге болмайды деп сенген.Ноғайдың белгілі әншісі Арсланбек Сұлтанбекұлыabai.kz сайтына берген сұхбатында: «Менің 18 жасымда Карденова деген кісі фольклор жиып ауылға келді. Оны ертіп, Паша Керей деген адамға бардық. Ол кісі 90 жасқа жуықтаған, заң саласында жұмыс істеген, көп білетін қарт еді. Әңгімесін айтып отырып, «Едіге» жырына келгенде кемсеңдеп, бізге қолымен шығыңдар деп ишарат жасады, көз жасын көрсеткісі келмеді, білем… Сәлден соң бізді қайта шақырып: «Менің неге жылағанымды білесіз бе?» — деп сұрады. Ол кісі: «Мен қарас руының баласымын (бұл ру тұқымымен жыраулар болып келетін), 1937 жылы «Едіге» жырын, басқа да халықтық жырларды жырлайтын адамдарды бір түнде жиып алып, жоқ етті. Суға ағызды, атты, шапты», — деді. Оған дейін тойларда, неке оқылған кезде міндетті түрде «Едіге» жыры айтылатын болған екен. «Едігесіз» той бастамапты. 1937 жылғы жағдайдан кейін жұрттың жүрегі «Едіге» жырын айтуға дауаламайтын болыпты», — дейді (Н.Нұртай, Түркиядан жолданған).

Той жасайтын болса, жыршы іздеп кететін әдет Маңғыстау, Қарақалпақстан, Түрікменстан қазақтары арасында да өткен ғасырдың 70-80 жылдарына дейін сақталған.

…Міне, осы киелі өнер ортамызға қайта оралмақ. Ұзағынан болғай дейміз.

Индира ӨТЕМІС

https://aqtobegazeti.kz/?p=98107