Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жемісті ынтымақтастық

Жемісті ынтымақтастық

Бүгін Жұбанов университетінде «Қазақстан Польша: ынтымақтастық көкжиегі» апталығының жабылу салтанаты гала-концертпен аяқталды.  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық шара Қазақстан мен Польша елдерінің арасындағы тығыз қарым-қатынасты орнатуға, ортақ мәдениет алмасуға, білім және ғылым саласын байланыстыруға негізделіп отыр.

Салтанатты шара  университет студенттері мен оқытушыларынан құралған «Ақжелең» ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйімен ашылды.

Салтанатты жиынды Жұбанов университетінің ректоры міндетін атқарушы, РИТА жобасының координаторы, профессор Рахым Беканазаров  құттықтау сөзімен ашты.

Бұдан соң мінберде сөз кезегін алған  университеттің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі, профессор Төлеген Ботагариев шетелдік меймандарға алғысын жеткізіп, ынтымақтастық өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

— Біздің кафедра аталған университетпен жеті жылдан бері Быдгощ қаласындағы Экономика университетімен ынтымақтастық орнатып, бірге жұмыс жасап келеміз. Біз осы уақыт аралығында академиялық ұтқырлық, оқытушылармен алмасу және өзге де маңызды іс-шараларды іске асырғанымызды атап өткім келеді.

Мен өзімнің және кафедра ұжымының атынан  профессор Александр Скалий бастаған Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің делегациясына алғысымды білдіремін. Олар пандемияның қиын жағдайында біздің университетімізге келіп, оқытушылармен семинар-тренингтер өткізді. Біздің барлығымыз дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету саласында өз біліміміз бен дағдыларымызды жетілдірдік деп ойлаймын. Алдағы уақытта осындай жағдайлар туындаса, біз осы дағдыларды іске асыра алатынымзға үміттенемін.

Университет басшылығы мен қонақтарымызды кафедра мүшелері стратегиялық серіктес жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бойынша қолда бар жетістіктерді сақтау және арттыру үшін бар күш-жігерін салатынына сендіргім келеді. Бұл ынтымақтастық өз жалғасын табатынына сенемін,  — деді Т.Ботағариев.

Польша мемлекеті — тәуелсіздік жылдары Қазақстанмен  дипломатиялық байланыс орнатқан 183 елдің бірі. Қазақстанның әлемдік білім нарығына шығуы және Болон конвенциясына қосылуы елдегі жоғары оқу орындарының ғылым-білім саласы бойынша шет елдермен байланыстарын нығайта бастады. Бұл ретте Жұбанов университеті   еуропалық жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда.

Жұбанов университеті —  2013 жылы Польша мемлекетінің Быдгощ қаласындағы Экономика университетімен Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Бүгінгі таңда қос жоғары оқу орны  сенімді серіктес атанып, бірлесе жаңа жобаларды атқаруда. 2018 жылдан бастап Быдгощ қаласындағы Экономика университетінде «Qazaq eli» мәдени орталығы жұмыс жасайды. «Qazaq eli» мәдени орталығы — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шара болатын. Бұл жерде қазақ елінің мәдениеті мен ғылым-білімін әрмен қарай толықтыру үшін және қазақ халқының мәдениетін насихаттау мақсатында құрылды. Бүгінде Жұбанов университетінде қос мемлекеттің  достығы мен ынтымақтастығын нығайтуда Быдгощ Экономика университетімен бірлесе құрылған  «Поляк тілі мен мәдениеті» орталығы жұмыс жасайды, мұнда ақтөбелік студенттер поляк тілін меңгереді.  Сондай-ақ, апталық аясында университетте поляк-американдық халықаралық қорының «Аймақтағы трансформациялар» RITA гранттық жобасының негізінде «Өмір қауіпсіздігін сақтау және құтқару» Поляк-қазақ өңірлік орталығы ашылды.

Жұбанов университеті соңғы бес  жылда Польшаның бес жоғары оқу орнымен (Быдгощ қаласындағы Гданьск университеті, Экономика университеті, В.Корфанти атындағы Жоғарғы Силезия экономикалық университеті, Николай Коперник атындағы университеті, Слупск қаласындағы Помор академиясы) тығыз байланыс орнатты. 2017 жылдан бастап аталған шетелдік жоғары оқу орындарында  академиялық ұтқырлық және қосдипломды білім беру бағдарламалары бойынша 125 студент білім алса, шетелдік ғалымдар Жұбанов университетінде дәріс оқыды.

Бүгінгі шарада Жұбанов университетінің басшылығына алғысын жеткізген  Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің Дене шынықтыру және спорт институтының директоры Александр Скалий қос жоғары оқу орнының жемісті және пайдалы ынтымақтастығы үшін алғысын жетізді.  Өз кезегінде А.Скалий  «Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетудің заманауи әдістері» халықаралық семинарының қатысушыларына сертификаттар табыстады.

Салтанатты рәсім соңы  университеттің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының ұжымы дайындаған мерекелік концертке ұласты. Студенттер сарайының сахнасында  күмбірлеген күй тартылды, әсем әндер шырқалды.

Қазақтың төл өнерінің құдіреті дүниені дүбірлетіп, күй сазы тыңдағанды елітіп, айтып болмас әсерлі сәттерді тарту етті. Шетелдік қонақтар, екі ішекті домбырада күрделі шығармалардың орындалуын тыңдап, ұлттық аспабымыздың құпиясы неде екені білуге қызығушылық танытты.