Суббота, Апрель 10, 2021
Басты > Жаңалықтар > Үздіктер өзара бақ сынайды

Үздіктер өзара бақ сынайды

Жуырда Жұбанов университетінің Оқу-әдістемелік жұмыс және қашықтықтан білім беру орталығы аталған оқу ордасының профессорлық-оқытушылық құрамына  арналған  «Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-нің  Үздік әдіскер-оқытушысы»   байқауын жариялаған болатын.

Аталған байқау білім ордасында алғаш рет өткізіліп отыр және оны өткізу тәртібі арнайы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Сондай-ақ байқау  университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының білім беру қызметіндегі озық тәжірибелерін таратуға, білім алушыларға сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатындағы оқытушылардың оқу-әдістемелік бағыттағы кәсіби шеберлілігі пен құзіреттілік деңгейін анықтап, академиялық жетістіктері мен табыстарын ынталандыруға бағытталған.

15-19 ақпан аралығында өткізілген факультетішілік байқаудың  бірінші  кезеңінің тәртібі бойынша педагогикалық еңбек өтілі үш жылды құрайтын 31 оқытушы қатысып, комиссия шешімімен жиынтық балы отыз балдан кем емес 23 оқытушы екінші  кезеңге жіберілген болатын.

Бүгін  байқаудың университетішілік екінші  кезеңі басталады. Байқау Ережелеріне сәйкес іріктеуден өткен үміткерлерге оқу-әдістемелік қызмет бағыттары бойынша оқу жылына арналған жеке жұмыс жоспары және күтілетін нәтижелер, университеттің оқу-әдістемелік жұмыстарын ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі ұсыныстары мен жаңа идеяларын қорғау, оқу үдерісінде қолданылатын оқу-әдістемелік, ақпараттық құжаттардың үлгілерін көрсету талаптары қойылды.

Екінші  кезеңде қатысушылар бағалау критерийлері мен  көрсеткіштерге сәйкес ең жоғары ұпай  алпыс балл, ал жалпы байқау қорытындысы бойынша жиынтық балл – жүз балмен бағаланады.

Айта кетейік, факультетішілік өткен байқаудың бірінші кезеңінде декан өкімі негізінде комиссия құрамы бекітілді және комиссиялар отырыстарының хаттамалары рәсімделді. Университет ректорының бұйрығы негізінде құрылған комиссия байқау қорытындысын шығарады және кәсіби құзіреттіліктің жоғары деңгейін көрсеткен жеңімпазға университеттің «Үздік оқытушы-әдіскері» атағы беріледі және номинациялар тағайындалады.

Бұл ретте үздік жеңімпаз университет қаржысы есебінен жоспарланған  бір миллион теңгені құрайтын жүлде қорына ие болса,  жүлделі орынды иеленген жеңімпаздар ақшалай сыйлықтар мен дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ, байқауға қатысқан кәсіподақ мүшелеріне  университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымы да қаржылай демеушілік жасап отыр.