Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өңірлік комиссияның алғашқы отырысына қатысты

Өңірлік комиссияның алғашқы отырысына қатысты

Облыстық әкімшілік ғимаратында  Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Отырыс Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өтті. Алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия  жұмысының алғышарттарын атап өтті.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту жөніндегі өңірлік комиссиясы» құрылды.  Комиссия құрамын мемлекеттік органдардың, әлеуеттік құрылымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, өлкентаушылар, тарихшылар және басқа да құзыретті тұлғалар құрады.

Жиында сөз алған  Жұбанов университеті ректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы  Рахым Бекназаров  «Тәуелсіздік және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған өкілдерін анықтау мен ақтаудың өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, мемлекеттік комиссияның атқаратын міндетттеріне жіті тоқталды.

ҚР Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында сабақтастықты ұстанып келе жатқаны баршаға мәлім. Өткен жылдың мамыр айындағы өз мәлімдемесінен кейін көп ұзамай, қыркүйек айында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құру жөніндегі заңның жобасы жарияланған болатын. Бұл құжат бойынша мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті —  саяси репрессия құрбандарын толығымен заңнамалық және саяси тұрғыда ақтау болып табылады. Комиссияны Қазақстанның мемлекеттік хатшысы басқарып, оның құрамына ғалымдар, мемлекеттік органдардың жетекшілері, Ұлттық және мемлекеттік мұрағат жетекшілері, қоғамдық ұйымдар өкілдері кіреді.  Жұмыс топтарына республикалық және жергілікті деңгейдегі сарапшылар тартылады, — деді Р.Бекназаров

Тарихшы, ғалым Рахым Бекназаровтың айтуынша, комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі категорияларын анықтау мен ақтау мақсатында жұмыс топтарын құра алады және олардың сараптамалық қорытындыларын өз мәжілістерінде қарайды. Сондай-ақ, репрессияға байланысты жабық қорлар мен құпия құжаттарды ашуға байланысты шешім қабылдайды, заңнамалық және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жасауға, ұсыныстар айтуға қатысады және тағы да  басқа да мемлекеттік комиссияның міндеттерінен туындайтын шараларды жүзеге асырады.

Отырыс барысында комиссия мүшелеріне комиссияның қызметі, міндеттері және жұмыс жоспарлары таныстырылып, ұсыныс-пікірлер талқыланды. Комиссия  саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін зерттеу, тарихи  ақтаңдақтарды анықтау, ұсыныстар енгізу және  тарихи баға беру мақсатында құрылды.

Отырыс қорытындылары бойынша өңірлік комиссия төрағасы Мейрамбек Шермағанбет мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға комиссия қызметі жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жабылып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады.