Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Нәзік жандар құрметке бөленді

Нәзік жандар құрметке бөленді

Жұбанов университеті жыл сайынғы дәстүр бойынша 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін сән-салтанатпен қарсы алды. Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада  нәзік жандылар төрден орын алды.

Мерекелік жиынды ашқан университет ректорының міндетін атқарушы, профессор  Рахым Бекназаров  нәзік жандардың іскерлік белсенділігі  жайлы айта келе, ізгі тілегін жеткізді.

— Қымбатты ханымдар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын!

8 наурыз – ер-азаматтардың назарынан тыс қалмайтын бірегей мереке. Осы күнді ақ шашты қариядан бастап жас жеткіншектерге дейін асыға күтеді. Бұл күн – аяулы әжелереміз бен аналарымыздың, ханымдарымыздың, аруларымыз бен қыздарымыздың төл мерекесі.

Ана қуанышы, әйел шаттығы – әр шаңырақтың, әр отбасының беделі, Отанымыздың мерейі десек еш қателеспейміз. Осынау шуақты мерекенің біздің барлық үміттеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі де жақсылықтың керемет көрінісі, әдемі нышаны болса керек. Көктем табиғат оянар  жыл мезгілі болса, әйел заты – әлемді сәбиіндей тербетер періште ана, өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі, ұрпақ тәрбиешісі.

Хәкім Абай: «Әйел адам – гүлмен тең», — дейді. Сонда да нәзік жандыларымыз тарих беттерінен тыс қалған емес, олар өздерінің сұлулығымен және ақылымен әлемнің, жеке адамның, тұтастай бір мемлекеттің тағдырына ықпал ете білді. Мысалы, ақылдылығымен аты шыққан Қарашаш пен Бопай, ел анасы атанған Айғаным мен Зере, сұлулығымен аңызға айналған Қыз Жібек пен Баян сұлу тәрбие үлгісі болса, ел билеген Томирис, Отан қорғаған Әлия мен Мәншүк, егемен еліміздің келешегі үшін күрескен Ләззат пен Сәбира есімдері бүгінде 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге жетуге үлес қосқан тұлғалар!, — деді.

Профессор Рахым Бекназаровтың айтуынша, Жұбанов университетінде  қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер – еліміздің мақтанышына айналған талай ұлағатты аналардың жалғасы. Олардың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі жаңа Қазақстанда жалғасын тауып келеді. Аталған білім ордасында  жұмыс жасайтын оқытушы, қызметкерлердің саны – 1212 адам, соның 72 пайызын әйелдер құрайды. Ал, әйелдердің 71 пайызы профессор-оқытушылық қызметін атқарады. Сондай-ақ, университеттегі  15267 білім алушының  ішінде 63 пайызын қыз балалар,  ал магистранттардың 68 пайызы мен  докторанттардың 82 пайызын  нәзік жандар құрайды.

— Әйел — тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекет өміріне және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Солардың ішінде тәрбиелі адам, білікті маман даярлау ісінде кезінде ұзақ жылдар тер төккен, қазір жемісті еңбек етіп жүрген ұстаз әріптестеріміздің, өз ісінің шебері болуға дайындалып жүрген шәкірт қыздарымызың орны айрықша. Қазақ халқы қашанда қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Ол – отбасының алтын діңгегі. Осы қыз балалар ертеңгі күні ұлтты тәрбиелеуде үлкен үлес қосады деген сенімдемін.

Егемен еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне атсалысып жүргендеріңіз үшін барша әйел қауымына университетіміздің ер-азаматтары атынан алғысымды білдіремін!

Арулар – асыл жандар! Тамаша мереке қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға бақыт, шаттық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін!,— деді Рахым Бекназаров.

Бұдан соң университеттің экс-басшысы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков   мерекемен құттықтап, ерекше видеоқұттықтауын жолдады.

Мерекелік кешті тамашалауға келген барша аналар мен аруларға ерекше құрмет көрсетіліп, университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының атынан университеттің ер азаматтары гүл шоқтарын таратты.

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Елде жүрген өнер адамдары да бұл шарадан тыс қалған жоқ. Ақтөбелік ағайынды Көшербаевтар сазгер Кемеңгер Өтептің «Гүл сыйлайық әйелге» атты әндерімен елдің көңілін бір көтеріп тастады.

Оқу ордасының  оқытушылары  мен студенттері бастаған ерлер қауымы  өз  өнерлерін ортаға салып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Атап айтқанда, «Ханшайым», «Ана», «Как  ты красива сегодня», «Біз  еркектер» әндері кештің сәнін келтірсе, Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің арнайы мерекеге дайындаған «Махаббат бекеті» қойылымы жиналған қауымның ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Кинотеатрды сағынған көрермен Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» атты отандық туындыны ерекше көңіл-күймен тамашалады. Сондай-ақ, сахнада «Музыка және хореография» кафедрасының  би тобы «Мама» биін орындаса, аталмыш кафедраның ұстаздар қауымы «Ана»  әнін орындағанда тыңдармандардың толқымағаны қалмады.

Мерекелік жиында ыстық ықыласқа кенеліп, құшағы гүлге толған асыл  аналар мен арулар арнайы ілтипат білдірген университет басшылығына  өз ризашылықтарын білдірді.

Әйел — ең алдымен, ұрпақ бақытына, өз шаңырағына, сондай-ақ Отанымыздың болашағына жауапты тұлға. Сұлулық пен нәзіктіктің иесі, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен жандар қашан да зор қошеметке ие.