Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жастар саясаты > Маңызды кездесу

Маңызды кездесу

Бүгін Елбасы кітапханасы мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бірлесіп, «Болашақ» президенттік стипендиясының білікті 30 түлегі» интерактив кездесуін өткізді. Жиын Елбасы кітапханасының «Ұлы дала тарландары» жобасы аясында ұйымдастырылды.

8 наурыз мерекесі қарсаңында «Болашақ» бағдарламасы арқылы білімін жетілдіріп, түрлі секторда қызмет атқарып жүрген әйелдер қауымымен ауқымды кездесу өтті. Салтанатты жиында түлектер өзінің тәжірибесі жайында баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Шараның алғашқы кезеңінде жиынға қатысқандар елбасы кітапханасының музейін аралады.

Жиынды алғысөзімен ашқан  Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай халықаралық әйелдер күні қарсаңында елбасының кітапханасы Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесіп, «Болашақ» бағдарламасының табысты ару түлектерінің бастарын қосып отырғанын атап өтіп, нәзік жандыларды мерекемен құттықтады.

Бұдан бөлек, шараға қатысқан ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жиынның маңызына тоқталды. Ол қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасының түлектері еліміздің экономикасына, әлеуметтік саласына, ғылымына, біліміне өз еңбегін сіңіріп жүргендерін қуанышпен жеткізді. Министрдің мәліметінше, осы жылдардың ішінде жалпы 14 мың қазақстандық осы бағдарламаның степендиаты атанған. Қазіргі уақытта бағдарламаның 11 мың түлегі ел экономикасын дамытуға үлесін қосып жүр. Солардың 5754-і – әйелдер.

Аталмыш  жиында ғаламтор желісі арқылы «Болашақ» стипендиясымен шетелде білім алып жатқан жастар мен еліміздегі жоғарғы оқу орындарының студенттері, оқытушылары қатысып өз сауалдарына жауап алды. Бұл ретте Жұбанов университетің білім алушылары интерактивті кездесуге қатысты.

Кездесуге қатысқан  университеттің «Мұнай-газ ісі» мамандығының 4-курс студенті Венера Шурина өз әсерімен бөлісті.

Бүгін мереке қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің нәзік жандылармен кездесуі мен үшін әсерлі болды.  Бұл кездесуде «Болашақ» бағдарламасының түлектері де қатысты. Мұнда сөз сөйлеген спикерлердің баяндамалары  студенттерге мотивация болды ғой деп ойлаймын.  Жалпы өзім мұнай-газ саласында оқығандықтан, әйел адамдардың «Мужественная профессияда» мансаптық биікке шығып қана қоймай, өздерінің лайықты екенін дәлелгендері маған үлкен қолдау болды.  Мұндай  кездесулер елімізде гендерлік теңдікке мүмкіндікті беретін «Болашақ» бағдарламасы аясында  ұйымдастырылғаны қуантады. Осындай білімді, жаңашыл азаматшылары бар Қазақстанның болашағының жарқын болатына  кәміл сенімдімін, — дейді ол.

 

P.S. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен 1993 жылы бекітілген «Болашақ» стипендиясы бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған жас мемлекеттің жемісті жобасы болды. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен білім алған 11 мың маман еліміздегі экономика саласының алдыңғы қатарлы мекемелерінде қызмет етіп, білім, ғылым, техника, мәдениет, денсаулық сақтау салаларына қатысты идеяларын жүзеге асырып жатыр.