Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеде бас қосты

Ақтөбеде бас қосты

Ақтөбеде «Алаш қозғалысы: тарихы, зерттелуі және жаңа ізденістер» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр.

Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған конференцияны облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, сондай-ақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Орынбор мемлекеттік педагогикалық институты сынды оқу орындары бірлесіп ұйымдастырып отыр. Конференцияда Астана, Алматы қалаларынан, еліміздің басқа да өңірлерінен келген зерттеуші ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, музей ісінің мамандары бас қосты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Қ.Жұбанов атындағы дәрісханасында өткен пленарлық мәжілісте зерттеушілер Алаш партиясы және «Мәңгілік ел» идеяларының тарихи негіздері, Алаш қозғалысына қатысушы көрнекті тұлғалар, т.б. тақырыптарда баяндама оқыды.

Алдымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдуллаев «Алаш», «Алаша хан» ұғымдарының әлі де терең зерттелуі керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, ол қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық Алаш партиясына біріккен ұлт зиялыларының ғылым-білімге үйрету, жер, т.б. мәселелердегі ұстанымдары төңірегінде сөз қозғады.

ҚР Президенті архивінің жинақтау және құжаттама басқармасының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлия Сүлейменова кеңестік «партиялық тазалаулар» кезінде жапа шеккен қайраткерлер жөнінде айтып, әсіресе, Аспандияр Кенжиннің тағдырына тоқталды. А.Кенжин 1917 жылы «Еркін дала» ұйымының мүшесі ретінде І дүниежүзілік соғыста патша жарлығымен тыл жұмысына алынған, орыс тілін білмейтін қазақтарға көмек көрсеткен, оларды тыл жұмысынан босаған соң, елге қайтару ісімен айналысқан. Кейін Алаш партиясының Батыс Қазақстандағы белсенді өкілдерінің бірі болған.

Зерттеуші Ә.Сүлейменова конференцияға қатысушылар назарына архивтерде сақталған Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімнің мөрі, оның Жымпитыдағы ғимараты, т.б. құнды құжаттар суреттерін ұсынды.

А.Кенжин 1929 жылы жүргізілген «партиялық тазалаудың» құрбаны болған.

— «Партиялық тазалаулар» 1921 жылдан бастап жүргізілген. Бастапқы «тазалау» науқаны Алаш көсемдерін лауазымды қызметтерден шеттетумен аяқталса, 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында Аспандияр Кенжин сынды Алаш көсемдеріне үлкен көмегі тиген, Алашорда үкіметінде әскери кеңеске мүше болған қайраткерлер тергеуге алынды, — деді Ә.Сүлейменова.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің археология және этнология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сәрсембина «Әлихан Бөкейхановтың шығармаларындағы ұлттық идея» тақырыбында баяндама жасады. Алдымен Қошке Кемеңгерұлының «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азаматтың тобы болды. Бұл топты баулыған — Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» — деген сөзін тағы бір еске салған баяндамашы Әлиханның қаламынан туған барлық шығармада ең бірінші ұлт мүддесі, қайткенде ұлтты өсіру жайы қозғалғанын жан-жақты талдады. Ал: «Әлихан Бөкейханов халықтың жаман мен жақсыны айыру мәселесіне де ерекше көңіл қойды. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1918 жылғы 258-265-сандарында жарияланған «Демагогия» деп аталатын мақаласында: «Европа тілінде «демогогия» деген сөз бар. Ол сөздің мағынасын толық көрсетіп, баспа-бас төлеуіне тұрғандай қазақта сөз жоқ. Тұлпар төлеуіне тұғыр бергендей етіп, «демогогияны» қазақша айтсақ, жұртқа жақсы атты көріну болады. Жұртқа жақсы атты болу бар, жақсы атты көріну бар. Екеуінің арасы айыра білген адамға жер мен көктей. Халыққа жақсы атты болған адамдар ақылымен, білімімен, таза құлқымен жақсы атты болады. Жақсы атты көрінетін адамдар көбінесе көңіл аулап жақсы көрінбек» — деп жазыпты», — секілді мысалдар баяндама мазмұнын аша түсті.

Пленарлық мәжілістен кейін конференция жұмысы «Алаш қозғалысы және Алаш үкіметінің ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудағы орны», «Алаш қайраткерлерінің өмірі және қоғамдық-саяси қызметі» және басқа секцияларда жалғасты.

Конференция Ертең де жалғасын табады. Сонымен қатар, қатысушылар 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандары жерленген Түйетөбе мен Бестамақ ауылындағы Есет Көкіұлы кесенесін зиярат етуді жоспарлап отыр.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

источник