Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жастар саясаты > Білім ордасы жасыл университетке айналады

Білім ордасы жасыл университетке айналады

Жұбанов университеті студенттерінің «Жұбановшылар бастамалары» байқауында ұсынылған идеясы қаланың эко-белсенділерінің қызығушылығын тудырып, «Жасыл университет» ауқымды жобасын жалғастырады.

Студенттік еріктілер ұйымының қатысушылары қоқыстарды бөлек жинау және Жұбанов университетінің оқу ғимараттарына арнайы жәшіктер орнату жобасын жасады. Бұл идея университеттің ең үздік әлеуметтік жобасы байқауында айтылды.

«Актобе, дыши!» қауымдастығының жетекшісі Евгений Лазарчук пен Ақтөбедегі ECO Network желісінің өкілі  Айман Сексенова  EcoARU қозғалысы қатысушыларының жобасына қызығушылық танытты.

Еске салсақ, 2018 жылдың соңында құрылған ECO Network компаниясы Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған және Ақтөбе қалаларында Green-Office жобасын іске асырған 80-ге жуық ұйымды біріктірді. Бұл компаниялардың қызметкерлері тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайды, су мен электр энергиясын үнемдеуге назар аударады. Тіпті кейбірі бір рет қолданылатын пластикалық ыдыс-аяқтардан толығымен бас тартты. Енді олар Жұбанов университетінде де экокультураны дамытуды көздеп отыр.

Бұл ретте белгілі эко-белсенді Евгений Лазарчук те осы жобада жан-жақты қолдау мен барынша ынтымақтастық болатынына сенім білдірді.

Кеше студенттер мен әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің басшылығы эко-белсенділермен кездесіп, жастар арасында экологиялық мәдениетті дамыту мәселелерін талқылады.

Ал бүгін жобаны қолдауға ниет білдірген ECO Network компаниясы университетке 50-ге жуық өнімді (экобоксты) жеткізеді. Әзірге университеттің эко-еріктілері бас ғимаратына, физика-математика, техникалық факультетіне жәшіктер орнатса, алдағы уақытта  барлық ғимараттар мен студенттер үйіне қоқыстарды бөлек жинауға арналған  қоқыс жәшіктері қойылады.

Бұл Жұбанов университетінде ECO Network желілік жасыл кеңсесін ашуға және оқу орнын «Жасыл университет» ретінде дамытуға жасалған  алғашқы қадам болатыны сөзсіз.