Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бекқұл баба ауылының маңынан көне жәдігерлер табылды

Бекқұл баба ауылының маңынан көне жәдігерлер табылды

Ақтөбе облысы археологиялық ескерткіштерді жою тізімінде алғашқы орындарда тұр. Өңірде қазба жұмыстары жүргізілмеген жерлер көп. Қазір ескерткіштер орнына баспаналар тұрғызылып жатыр. Ал, мұнай-газ компаниялары қазба жұмыстары кезінде археологтарды шақырмайды. Археологтардың айтуынша, ескерткіштерді қорғау туралы заң болғанымен, әзірге күші болмай тұр. Дегенмен, жетістіктер де жоқ емес. Археологиялық ескерткіштер аумағынан биыл табылған жәдігерлер қазір қалпына келтіріліп жатыр. Солардың бірі — қала маңындағы Бекқұл баба ауылы маңынан табылған алтын сырғалар. Ерте темір дәуірі кезінде соғылған сырғалар мамандардың айтуынша, шолпы ретінде де пайдаланылған. Ақтөбедегі зерттеу жұмыстарын Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Ресейдің Шығыстану институтымен және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетімен бірлесе жүргізіп жатыр. Биыл 3 қазба, 2 ғылыми зерттеу жұмысы жүргізілген. Облыс орталығынан 400 шақырымдай жерде археологтар «Жезді қала» орнын тапты. Қола дәуірінен бастап жаңа заманға дейін үздіксіз мекен болған шаһар Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының шекараларында орналасқан. 2006 жылдан бері 10 ауданның археологиялық ескерткіштері тіркеліп, жинақ жасалған. Қалған Шалқар және Байғанин аудандарының аймағындағы ескерткіштер алдағы 2 жылдықта түгенделеді. Облыстық арнайы комиссияның қарауына 100-ге тарта ескерткіш ұсынылған. Соның тоғызы республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне іліккен. Ал, жергілікті маңызы бар 47 ескерткіш комиссияның қарауына ұсынылған.

источник