Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Геноцидті мойындату — тарихи әділдікті талап ету!

Геноцидті мойындату — тарихи әділдікті талап ету!

Ашаршылық тағылымы

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен 2020ж. мемлекеттік комиссия құрылып, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары басталып кетті. Елордадағы  басқосуда үлкен пікір алмасу барысында өзекті мәселелер қозғалды, кейін де пікір алмасу жалғасуда. Осыған орай кейбір мәселелерге назар аударуды жөн көрдік.

Біріншіден, елордадағы ғалымдармен кездесуде ашаршылық тотаритарлық жүйенің өрескел қателіктерінен болды деген пікір қайта-қайта айтылды. Бұл өткен тарихқа байланысты ресейлік тарихшылардың бүгін жиі айтатын пікірі. Олар Кеңес Одағының ыдырауын тоталитарлық социализімнің ұлттарды құрсауда ұстау саясатынан туған емес, жоғары басшылардың қателіктерінен көріп, бұрынғыны аңсауда. Шындығында тоталитарлық жүйе қателіктерге ұрынған жоқ. Егер билік жүйесі жергілікті жердің дәстүрлі тұрмыстық ерекшелігін, шаруашылығын есепке алса, ол тоталитарлық емес демократиялық билік болғаны.

Ал қатігездік, күшке салып зәбірлеу, шындықты бұрмалау, жасыру, ұлтты жікке, тапқа бөліп бір-біріне айдап салу, асыра сілтеу тоталитарзмнің мәні, оның табиғи болмысы. Жаппай ашаршылық ұрда-жық саясаттың бір көрінісі. Ұлттық мүддені сыйламайтын билік халықты тығырыққа тіреді, ол қателік емес, тоталитаризмнің заңды логикалық әдіс-амалы.

Таптық концепцияны басшылыққа алған идеология тарихшыларды өз уысынан шығармады. ХХ ғ. 50-60 жылдарындағы олардың еңбектерінде Қазақстанда  социалистік ауыл шаруашылығының дамуы коллективтендірудің оңды әлеуметтік-экономикалық жемісі, қанаушы таптарды, байлар мен құлақтардың жойылуының салдары делінді. Кейін социализм ыдырығаннан соң 20-30-ыншы жылдары большевиктердің саясаты елді аздырды, тоздырды, халық аштан қырылды, босқындарға айналды деді. Осылай тіпті бір автор өзіне өзі қарсы болды. Бұл тек ауылшаруашылық тарихын зерттеушілерге ғана емес, басқа да кеңес заманының  зерттеушілеріне тән. Коммунистік таптық идеология ға сенген ғалымдар шын ниетімен кеңес үкіметіне сенді, байлар мен құлақтарды қудалауды ақтады, тіпті солақай саясаттың құрбаны болған өзінің ата-бабаларына да жаны жібімеді. Кейін бірте-бірте коммунистік идеологиядан түңілді, көптеген құндылықтарға басқаша қарады, өткеннің бейнесі аянышты да қасіретті сипат алды. Дегенмен, әлі де санамызда бұрынғы идеологияның іздері ашаршылықты тоталитаризмнен көрмей тек, ғана қателіктер жіберілді деп жүрген дейміз. Осылай большевизмнің барлық қылмысын қателіктер деп ақтауға да болады.

Екіншіден, қазақ тарихшылары «қазақ неге шыбындай қырылды»? деген сауалға жауап іздеуде. Ғылыми әдебиетте шынайы тарихи плюрализм дәстүрінде ашаршылықтың себептері мен салдарын анықтауға байланысты әртүрлі пікірлер ұсынады: климатқа байланысты құрғақшылық, қолдан жасалған аштық немесе, жан-жақты ойластырмаған қате саясатынан туған деп түйеді. Ғалымдардың ерекше бір тобы ашаршылықты кеңестік биліктің арнайы ұйымдастырған саясаты дей келіп, бұл геноцид деген пікірге келеді. Бұл терең ойландыратын ұстаным.

Ашаршылыққа байланысты Украина мен Ресей ғалымдарының арасында ымыраға келмейтін қарама-қарсы пікірлер айтылуда. Ресейлік ғалымдар әртүрлі тұжырымдар мен негіздемелерін ұсынады. Ресейдің көрнекті «Общественные науки и современность» ғылыми журналында биологиялық версия ұсынды. 1931-33 жылдары Украинаға шегірткелер шабуыл жасап, өсіп келе жатқан бидай өнім бермеді, ал кейінгі жылдары астық тышқандар шабуылына ұшырады делінді. Бұл ашаршылық төңірегіндегі айтыстың қаншалықты өткірлігін көрсетсе керек.

Қазақстанмен қоса ашаршылық Украина, Беларусь, Молдова, Еділ бойында, Солтүстік Кавказ аймағында болды. Әр аймақтың өзіндік әлеуметтік, экономикалық, басқа да әртүрлі себептері мен ерекшеліктері болғаны анық. Біздің өз жағдайымыздан туған өз позициямыз болуы қажет.

Қазақтар үшін ең өзекті мәселе – геноцид туралы. Егер ғалымдар: «Қазақ неге шыбындай қырылды», десе, қарапайым халықтың өзегін өртейтін мәселе: «Неге шыбындай қазақ қырылды», деген сауал. Проблеманың түйіні де осында. Бұл әр қазақты, тұтас қазақ ұлтын ойландыратын жағдай. Шындығында жаппай коллективтендіру Қазақстанда барлық ұлттарға бірдей жүргізілді. Ұлтына қарамай бай мен кұлақтардың мүлкін тәркіледі. Бірақ қазақтардың малын, нанын аямай күшпен тартып алды, неге қазаққа ала бөле озбырлық жасалды деген сауалға жауап жоқ. Халық сол кезде өздерін славяндармен, православ, басқа да дін өкілдерімен салыстырып, коллективтендіруді қазақ мұсылмандарына жасалған әдейі зұлымдық деп қабылдаған. Геноцид мәселесі өзінен өзі осылай санада өрбиді. Академиялық ғылым мен қоғамдық пікір бұл тұста үйлеспей жатыр ғаны анық.

Мәселе геноцидті мойындатып, ұлтымыздың қасіретін саудаға салып, өтемақы талап ету емес. Мәселе тарихи әділдікте, құрбан болғандардың аруағын сыйлауда. Геноцид Қазақстанда болды, ал халықаралық шарттар, конвенциялар әлем халықтарының әртүрлі ұлттық, тарихи айырмашылықтарын ескере бермейді. Сондықтан Израиль, Ресей, басқа да елдер өз тұжырымдарын бәрінен жоғары қояды.

Үшіншіден, ашаршылық тарихын саралау барысында оны саясаттандырмау жөнінде, әсіресе, билік тарапынан сақтандыратын ескертпелер сияқты ойлар айтылады.

Мәселені саясаттандырмаудың өзі де саясаттандыру. Бірақ саясаттандырмаудың мәні таратылмады.

Ашаршылықтың себеп-салдарын саралағанда Мәскеулік, кеңес билігі, оның қаптаған Қазақстанды билеп төстеген, ұлт мүддесін аяққа басқан орыс, басқа да ұлттардан шыққан шенеуніктері, жазалаушы органдардың қызметкерлері болғаны жасырын емес. Олардың қол қойған құжаттарының өзі оны дәлелдейді. Сондықтан әрдайым біз мәскеулік қожайындар мен орыс халқы аражігін  ажыратуымыз керек. Бұл жерде саяси шындықтың бетін ашу, ақ пен қараны анықтау мемлекетаралық та мәселе. Тұтас бір халықты айыптау адамгершіліктен аттау болар еді. Ақиқат бәрінен де жоғары.

Жазалаушылардың қатарында қазақтар да аз болмады. Өзіміздің де кінәмізді мойындап, өзімізді өзіміз сынаудың, жастарды тәрбиелеуде мәні зор.

Төртіншіден, ашаршылық мәселесі тәуелсіздігіміздің қадірін терең түсіну, біртұтас ұлттық сана қалыптастыру, тарихтан тағылым алу үшін өте өзекті. Бірақ біз қазақтың мың өлгенін баса айтып, мың тірілгенімізге мән бере бермейміз. Барлық қуғын-сүргін құрбандарын әлсіз, дәрменсіз адамдар етіп көрсету үрдісі белең алған. Ал олардың бәрі дөрекі саясаттың тек құрбаны, объектісі ғана болған жоқ, олар сол тарихтың субьектісі де, тоталитаризмге қарсы тұрды, күресшулер болды. Жайсыз саяси, экономикалық жағдайлар  басынан өтсе де, қазақ ұлты есін жиып, жауыздыққа қарсы  іштей күш жинады. Қазақ өзін сақтай білетін ұлт. Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл қасиет талай қасіреттен аман алып қалған. Тарихтың осы сабақтарына біз бүгін жастар аудиториясында аса назар аударуымыз керек.

Бесіншіден, көрнекті ағылшын жазушысы, әйгілі «1984 жыл» романының авторы Джордж Оруэлл (1903-1950) «Өткенді билеген болашақты да билейді» деген. Автор қоғам өміріне тарих ғылымының ықпалын айтқан.    Билік «тарихты қалай болды солай жазыңдар» дегенмен, оны өз заманнына қарай бейімдейді, тарихшылырды да биліктің сойылын соғуға икемдейді. Ашаршылық тарихын қайта-қайта жазу осыдан.

Тәуелсіздік заманы тарихын жазғанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы жазғандай, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізу маңызды. Біржақты этноцентризмге де ұрынбай, жеке басқа да табынбай мүмкіндігінше ақиқатқа жақын болғанымыз жөн. Тарихшы ғалымдар  биліктен түгелдей тәуелсіз бола алмайды, дегенмен кейінгі ұрпақ соңғы тарихымызды қайта жазып жүрмесін.

 

Амангелді Айталы,

философия ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры

Abai.kz   

 

 

https://www.abai.kz/post/129636