Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ерекше көрме ұйымдастырылды

Ерекше көрме ұйымдастырылды

Бүгін Жастар сарайының фойесінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды.

Көрмеде алаштың ардақты тұлғалары Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев пен Әлихан Бөкейхановтың бейнесі көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан Жұбанов университетінің ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров көрменің мақсатына тоқталды.

Ата — бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясаты мен ерен еңбегі арқасында еліміздің жеткен жетістіктері мен рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке таныту және ұлы тұлғаларымызды ұлықтау мақсатында көрмені ұйымдастырып отырмыз, — деді.

Еске салсақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен Мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялаған болатын.

«Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – жаңа дәуірдегі Қазақстанның негізін қалаған ұлы қайраткер. Оның есімі жасампаздық жылнамасына Қазақ мемлекетінің авторы ретінде жазылды. Міне, егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан, мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан соң жиналғандар Жастар сарайының екінші қабатындағы «Art House» студенттік клубының ашылу салтанатында бас қосты.

Студенттік клуб университеттің кәсіби-шығармашылық факультетінің «Дизайн» мамандығының 1-4 курс студенттерінен құралып отыр. Көрме экспозициясына қылқалам шеберлерінің 50-ден астам туындылары қойылған. Көрмеде бейнеленген әр сурет көрерменді бейжай қалдырмады.

Студенттік клуб мүшелерінің айтуынша, олар «Мың тағзым сізге, дәрігер!» көрмесінде бірнеше айдан бері әлемді алаңдатқан ауыр індетпен күресіп, мыңдаған адамды ажал аузынан құтқарған ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегін үлгі ету мақсатында портретін бейнелеген. Сонымен қатар көрмеде індет кезінде көз жұмған университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерілерінің суреттері ілінген.

Көрмеге жиналғандар коронавирус пандемиясынан қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.