Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әріптестік аясы кеңімек

Әріптестік аясы кеңімек

Бүгін Жұбанов университетінің басшылығы мен «Ақтөбе облысының Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы  инновациялық экожүйені және индустриялық-инновациялық жобаларды дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Екіжақты кездесуде Жұбанов университетінің ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров алдағы уақытта екі  тарап  арасында тәжірибе алмасу, әріптестік мақсатта түрлі бағыттардағы тиімді іс-шаралардың атқарылатындығына сенім білдірді.

Бұл басқосуда «Ақтөбе облысының Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті  Айгүл Дүйсенова екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын жоғары бағалай келіп, игі бастамаға шын ниеті мен ілтипатты құрметін жеткізді.

Айта кетейік, үкіметтік емес ұйымдар ассоциациасы Ақтөбе облысында 2009 жылы құрылған.  2010 жылдан бастап, Қазақстанның азаматтар альянсының мүшесі. Бүгінде қауымдастық құрамында 60 ұйым мен 3 серіктес бар. Сондай-ақ, 2010 жылдан бастап, үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығы жұмыс жасайды.

Аталған құжатта бірлесе жұмыс істеудің негізгі тетіктері, Қазақстанның стартап экожүйесін қолдау және дамыту,  инновациялық стартап жобаларды, әлеуметтік жобаларды, сондай-ақ оқу іс-шараларын іске асыру, инвестициялық мәдениетті дамытуға және өңір мен индустрия үшін өзекті міндеттерді шешуге бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу, түрлі  қызмет салаларында тәжірибе мен білім алмасу бағыттары көрсетілген.

Келісімге қол қою екі мекеме арасындағы ынтымақтастықтың қисынды жалғасына айналды. Қол жеткізген уағдаластық маңыздылығын ескере отырып, Рахым Бекназаров пен Айгүл Дүйсенова  серіктестік қатынастардың сипаттамасына және сапасына қанағаттанатындарын, ынтымақтастықтың өзге де перспективалық бағыттарын жүзеге асыруға дайын екендерін білдірдірді. Сондай-ақ, тараптар жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша бірлескен ұсыныстарды жүзеге асыру үшін өзара әрекеттесудің және ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылаудың түрлі нысандарын қолдануға, тұрақты негізде ақпарат алмасуды қалыптастыруға келісті.

Еске салсақ,  2019 жылдың қаңтар айында Жұбанов университетінде  Стартап академиясы ашылған болатын. Аталмыш орталық Жұбанов университетіне Қазақстанның Батыс өңіріндегі жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін білім беру және инфрақұрылымды қолдау үшін аймақтық алаң болуға мүмкіндік береді. Бұл жерде университет орталығы өңір студенттерін бизнесті жүргізудегі кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретіп, стартап жобаларды бастапқы идея кезеңінен бастап алғашқы сатылым кезеңіне дейін жеткізуге қолдау көрсетеді. Яғни академияда бизнестің қыр-сырын үйретуден бөлек құқықтық көмек те көрсетіледі. Жастар ойға алған ісін соңына дейін жеткізу үшін барлық жағдай жасалады.

Бүгінгі таңда Стартап академиясы құрамында тігін цехы, өсімдіктердің биотехнологиялық зертханасы, киім пішу, мүсін шеберханасы және аспаздық кабинеті жұмыс жасауда. Тігін цехында оқу шеберлері университеттік оркестр құрамы үшін киім үлгілерін даярлап, шеберлік сағаттары мен оқу курстарын жүргізеді. Ал, киім пішу кабинетінде кәсіби-шығармашылық факультеті студенттерінің дипломдық жобалары сақталады. Өсімдіктердің биотехнологиялық зертханасында студенттер өсімдіктердің морфогенезі процестерін зерттеп, сирек кездесетін және құнды өсімдіктердің клоналды микрокөбеюі мен регенерациясының жаңа тәсілдерін ойлап табумен айналысады. Мүсіндеу кабинетінде қатты не платик өністерінен көлемді формаларды жасау жұмыстары жүргізілсе, түрлі дәмді тоқаштар мен пісірмелер осы жерде орналасқан аспаздық кабинеттен шығатын болады.