Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Амал мерекесін тойлады

Амал мерекесін тойлады

14 наурыз — Көрісу мейрамы. Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Көрісу күні әр үйдің қазанында міндетті түрде ет асылады,  дастарханға тәттілерін қояды. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген.  Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Ежелгі кезде, қазақ халқы көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан уақытта, көктемдегі күн мен түннің теңелу құбылысына бір аптадай уақыт қалған кезде өздерінің мал-жанын түгендеп, қыстан аман шыққандарына қуанып, қуаныштары мен сәтсіздіктерін әңгімелеп, келе жатқан Наурыз мерекесіне дайындалған.

«Амал» мерекесін бүгінгі таңда Қазақстанның батыс аймақтары ғана емес, еліміздің барлық аймағында да атап өтетін болды.

Ұлттық мереке, дәстүр, әдет-ғұрыпқа ерекше мән беретін Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық факультеті де  бұл мерекені ескерусіз қалдырмады.

Самарқанның көк тасы еріп, барша тіршілік атаулы ұйқысынан оянатын жаңару мен жаңғыру кезеңі атанған Наурыз мейрамы – университет студенттері асыға күтетін ерекше мереке.  Аталмыш шараға білім ордасының басшылығы, оқытушылары мен студенттері қатысты.

Мерекелік шара ардагер ұстаздардың  ақ батасымен ашылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Концерттік бағдарлама «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының  білім алушыларының «Қызғалдақтар» биімен ашылды. Мың бұралған биші қыздардың әсем биі де көрермен қошеметіне бөленді.

Береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мерекемен құттықтаған білім ордасының ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров университет ұжымына ақжарма тілегін жеткізді.

Мерекелік шарада тойдың басты дәмі «Наурыз көже» таратылды. Мұнда  ұстаздар мен студенттер дастарханнан ауыз тиіп, думандатты. Қазақтың салты сақталып, дәстүрі дәріптелген шарада түрлі ұлттық ойындар өткізіліп, «Қара жорға» биінен жарыс ұйымдастырылды.   Мұнда  жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Университеттің өнерлі жастары мен профессор-оқытушылары әуелете ән шырқады.

Амал тойға жиналған қонақтарды құттықтаған факультет деканы Сабыржан Мұхтаров әр шаңыраққа бақ-береке мен  игі бастамаларға сәттілік тіледі.

Мерекелік басқосуда факультеттің талантты жастары бар өнерлерін ортаға салып, қазақ халқының атадан балаға мұра болып қалған салт-дәстүрін еске түсірді.

Оқу ордасының ардагер ұстаздары кимешекпен, жастары оюланған комзолда, үкілі бөрікпен шығып, ұлттық салт-дәстүрімізді, қазақы құндылықтарымызды сақтайтындығын, құрметпен қайратынын тағы да бір көрсетті.

Наурыз мерекесіне орай өткізілген бұл шара ұлттық мерекенің мәнін түсіндіре отырып, татулық пен бейбітшілікті сақтауға бағытталды.