Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өңірде «Алтын адам» ғылыми реконструкциясы таныстырылды

Өңірде «Алтын адам» ғылыми реконструкциясы таныстырылды

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көрме залында «Алтын адам» ғылыми реконструкциясы таныстырылды. Бірегей археологиялық жәдігер 2019 жылы Темір ауданындағы бірінші Тасқопа қорымының элиталық қорғанынан табылған. Аталған шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сондай-ақ облыс басшылығы қатысты.

Ұсынылған зерттеулер ҚР Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының міндеттерін жүзеге асыру аясында әзірленіп, көне тарихты кешенді зерттеуге және Ақтөбе облысының бай тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталды.

2019 жылы Темір ауданындағы бірінші Тасқопа қорымының элиталық қорғанынан б.з.д. V ғасырдың «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігері табылды. Табылған археологиялық материалдарды консервациялау және ғылыми тұрғыда реставрациялау жұмыстары аяқталды: жәдігерлер бірінші рет тазартылып, консервацияланды, сондай-ақ, жерленген көсем толықтай қалпына келтіріліп, садақ пен оның қабы, жебе, екі белдеу, қамшы және тағы басқаларының көшірмесі алынды. Сармат көсемінің киімдері қайтадан тігілді. Барлық бұйымдардың көшірмелері алтын жалатылған күмістен жасалған.

Жұбанов университетінің «Тарих және дінтану» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бисембаевтың айтуынша, сақталған алтын заттар сармат қоғамының элита өкілінің жерленуі туралы айтуға мүмкіндік береді.   Жарқын нысандар сармат қоғамының жоғары деңгейде дамығандығын айғақтайды.

Ғылыми қайта құру үдерісінде орындалған және толық көлемде дайындалған реконструкциялық макеттер батыс Қазақстан аумағанда өмір сүрген ежелгі сарматтардың киім үлгісі мен жерлеу мәдениетін түсінуге үлес қосады және мұражайға келушілер үшін айтарлықтай қызығушылық тудырады.