Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылымға телінген ғұмыр

Ғылымға телінген ғұмыр

Жұбанов университетінде педагог ғалымдар  республикалық ғылыми-әдістемелік семинарда бас қосты. «ЖОО-да этномәдени білім мен тәрбие беру мәселелері» деп аталатын бұл жиын профессор, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, «ЖОО  үздік оқытушысы – 2019» мемлекеттік грантының иегері,  «Педагогика, психология және бастауыш оқыту»  кафедрасының меңгерушісі Гүлшат Бахтиярованың  50 жылдығына арналды.

Жиынды ашқан университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров  өз құттықтау сөзінде Гүлшат Бахтиярованың өнегелі өмірі мен ғылым жолындағы еңбегі, іскерлік және  ұйымдастырушылық ерекшеліктері туралы баяндап, университеттің кәсіподақ ұйымының атынан мерейтой иесінің иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Университет басшысының жылы лебізі салтанатты шараға қатысушы үзеңгілес әріптестерінің жылы сөздерімен жалғасты.  Өз кезегінде білім ордасының стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры Алтыншаш Бекбауова мен әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев дара тұлғаның даналығы мен педагогика саласына қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалады.

Ғалымның көпжылғы еңбектері ғылыми республикалық ғылыми-әдістемелік семинарға арқау болды.  Республикалық  шарада жоғары оқу орындарындағы педагог-ғалымдардың  баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, жиынға мерейтой иесінің үзеңгілес әріптестері мен  шәкірттері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, құрылым басшылары қатысып, жүрекжарды лебіздерін арнады.

Профессор Гүлшат Бахтиярова — өзінің еңбек жолында үлкен ұжымның ыстық ықыласына бөленіп, білім мен ғылым саласын қатар ұстап, абырой мен зор беделге ие болған ғалымның бірі бірі. Бүгінде профессор 3 монография, 8 оқу құралы, 200-ге жуық ғылыми-публицистикалық және әдістемелік мақалалардың авторы.

Гүлшат Бахтиярованың жүздеген зерттеу жұмыстары, ғылыми еңбектері мен  оқулықтары жас мамандар, жас ұрпақ үшін мәңгі құнды мұра болып қалмақ.

Бахтиярова Гүлшат Рахметжанқызы  Атырау облысы, Томарлы ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Қайыршақты қазақ орта мектебін бітіріп, еңбек жолын Атырау облысы «Ленинградский» селосындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі қызметінен бастады.

1989 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогика институтының педагогика факультетінің «Мектепке дейінгі педагогика және психология» мамандығына күндізгі оқу бөліміне  оқуға қабылданып, 1993 жылы аталған оқу орын үздік дипломмен тәмамдады.  Ал, ғылыми педагогикалық еңбек жолын 1993 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогика институтының «Мектепке дейінгі педагогика және психология» кафедрасында оқытушылық қызметтен бастады.

Марапаттары: Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Ғылыми Кеңесінің шешімімен «Құрметті кафедра меңгерушісі» (2009 жыл); Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының «Үздік оқытушысы»  (2010 жыл); Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 50 жылдық мерейтойлық төсбелгісі (2016 жыл); ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесін үшін Алғыс хаты (2019 жыл); «Қазақстандық салалық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы (2019 жыл); «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2019 жыл);  ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хаты (2020 жыл); Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 85 жылдық мерейтойлық төсбелгісі (2020 жыл); «ҚР Білім беру саласының көшбасшысы – 2020» төсбелгісі мен арнайы І дәрежелі Диплом иегері (2020 жыл).