Пятница, Декабрь 2, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Тасқопадан Сармат көсемі табылды

Тасқопадан Сармат көсемі табылды

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен жылдың жазында Темір ауданы Тасқопа елді мекенінен 2 шақырым жердегі «Тасқопа 1» қорымынан табылған сармат көсемінің қалпына келтірілген бейнесі қойылған арнайы зал ашылды. Б.з.д. V ғасырға жататын сармат тайпасы көсемінің обасы биіктігі 3 метр, диаметрі 40 метрге жуық қорғанды қазу кезінде табылды.

Ә.Марғұлан атындағы Архео­логия институтының мамандары қорғанның 5,7 метр тереңдігінен адам сүйегін, қанжар, найзаның ұшы, қамшы қалдығы, жақсы сақталған садақ қабы мен қо­рам­сақ, алтын әшекейлер, жыл­қы сүйектерін тапты. Қорам­сақта жеті оққа арналған тері­ден жасалған қаптама болды. Қап­тама сыртындағы сіңір жіп­термен тігілген жапырақшалы алтын­дарға алтын спиральдер оралыпты. Қорамсақтың ортаң­ғы бөлігі қызыл түсті. Одан кіш­­кентай темір ұштары бар жүз­деген жебе қалдықтары шықты. Жебе ұштары үш жүзді, біліктері ағаштан жасалынған. Жебелердің ұзындығы – шамамен 600 мм. Қорамсақтың төменгі жағында алтын жіптері мен моншақтары төгіліп жатқан әбден тозған ша­ғын сөмке табылды. Әу баста жұқа былғарыдан немесе жібек матадан жасалған осы дүниені жауынгер белбеуіне таққан.

Бойы 1,80 метр, ірі денелі, шамамен 40 жасқа жетпей қай­тыс болған тайпа көсемінің тері­ден тігілген киімдеріндегі өрнек­телген алтын бұйымдарға ежелгі мифтік бейне – грифонның басы, конус түріндегі қоңырау, балық, күн, өсімдіктер кескінделген.

Археологтер 2500 жыл бұрын бар сән-салтанатпен жерленген тайпа көсемінің мүрдесіне жетпес бұрын қорғанның жоғарғы бөлігінен 3 жерлеу орнын тапты. Оның бірі ғұрыптық жерлеу­ге ұқсайды. Көсем сүйегінен сәл жоғары топырақ қабатында жыл­қы сүйектері мен алтын әше­кейлер шашылып жатқан. Бұл өте ерте заман тонаушыларының әрекеті.

«Бұл – ерте темір дәуірінде өмір сүрген ықпалды тайпа көсемінің обасы. Бұл жерден табылған садақ пен жебеге арнал­ған қо­рамсақтың Қара Теңіз бо­йын­­дағы сақ тайпаларынікімен бірдей екендігін айтып өткен жөн. Ол заманда Қара Теңіз бо­йын­дағы сақ тайпалары ағаш пен теріден қымбат қорамсақтар жасаумен аты шыққан. Тасқопаға қымбат қорамсақтар керуен жол­дарымен келуі мүмкін. Жасы 40-қа жетпей қайтыс болған тайпа басшысын алтынмен көм­керілген қымбат заттарымен жайғастырып, үстіне биік етіп қорған тұрғызған. Қорғандарды киіз үй пішінінде дөңгелете соғып, саз бен балшық аралас­тыра үйген. Әрине 2500 жыл ішінде бұл қорғандар кішірейіп шөк­кен. Ерте темір дәуірінде Қазақ­станның батысында өмір сүр­ген сармат тайпаларының Кав­каздағы сақ тайпаларымен қарым-қатынастары жақсы болды. Бұлар – туыс тайпалар», деді Ә.Марғұлан атындағы Ар­хеология институтының ди­рек­торы, тарих ғылымдарының докторы Б.Байтанаев сармат кө­­семінің ғылыми реконструк­циясының ашылу салтанатында.

Экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, археолог Арман Бисембаев Тасқопа көсемінің әшекей бұйымдары Башқұртстандағы Бешқопа оба­­сынан табылған заттармен бірдей екендігін айтады. Тасқопа көсемінің өмір сүрген уақыты 1969 жылы Есік қорғанынан табылған Алтын адаммен бірдей.

«Б.з.д. І мыңжылдықтың ортасы мен екінші жартысында Қазақ­станның батысында өте қуат­ты көшпелі сармат тайпалары одағы құрылды. Олар сыртқы сая­сатқа жақсы араласқан. Сар­маттардың парсылармен ең бірінші әскери қақтығысы Кир құ­рып, кейін Дарий нығайтқан одақпен соғыстан бас­талып, кейін Александр Македонский мен оның ұрпақтарымен болған шайқастарға жалғасты. Бұл – б.з.д. ІV ғ. болған оқиғалар. Содан кейін Батыс Қазақстанның сармат тайпалары күшейіп келе жатқан Рим империясына қарсы соғысқа кірді», дейді Арман Бисембаев.

Біздің жеріміздегі ерте темір дәуі­рінің адамдары табиғаты шұрайлы суы мол жерлер мен жа­йылымдарды мекендеген. Жер үшін талас, жайылым үшін талас, керуен жолдары үшін талас ежелгі өркениеттерді де айналып өтпеген. Биік етіп қорғандар үю сол замандағы жердің иесін айғақтайтын белгі де болған. Бүгінде Еуразия кеңістігінде созылып жатқан, тізбектеле ор­наласқан қорғандарды ерте дәуірдегі ата-бабаларымыздың қалдырған белгісі, шекарасы деу­ге болады.

Сармат тайпалары Қырым мен Солтүстік Черногориядағы сақ тайпаларымен керуен жолдары арқылы байланысқан әрі бірлесе сыртқы күштерге қар­сы жиі жорыққа шыққан. Та­рихшылар қазіргі Моңғолия же­рінен Молдавияға дейін 5 мың ша­қырымға созылып жатқан Еуразия кеңістігін «Даланың ұлы белдігі» деп атайды. Осы дала белдігінде өмір сүрген тай­­­палардың тілдері мен әдет-ғұрыптарында аздаған айыр­машылық болса да, өз заманында ортақ мәдениет пен экономика қалыптасты. Олардың арасында жақсы жолға қойылған керуен, пошта байланыстары болған. Бұл сол заманның жақсы бизнесі де еді.

Бауыржан Байтанаев ІХ-Х ғасырдағы араб саяхатшы­ла­ры­ның «Әлемдегі ең күшті пошта – түркілердің поштасы. Олар жарты ай жүретін хабарламаны бар-жоғы екі күн ішінде жет­кізеді» деген жазбасын еске тү­сірді. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пош­та байланысының сармат дәуіріндегі керуен жолдарымен қалыптасқаны ақи­қат. Ал тарих ғылымында пошта байланысы Шыңғыс хан дәуірінде күшейді деп жиі айтылады. Осыдан-ақ Шыңғыс хан, түркілерден де бұрын сармат-сақ дәуірінде жылдам хабар жеткізу нүктелері жақсы қалыптасқанын білуге болады.

«Ақтөбе облысында жүргізіл­ген архео­логиялық қазба жұмыс­тары кезінде та­былған ерте темір дәуірі жәдігерлерінің Сол­түс­тік Черногория сақтары мен Арал бойы массагеттері, Орал мен Сібір тайпаларының ма­териалдық мәдениет үлгі­лері­мен өте ұқсастығын айтып өт­кен жөн. Жерлеу ғұрып­тары да бірдей. Тасқопа оба­сының өте ерте дәуірде тонау­шылыққа ұшы­рағанын әшекей бұйым­дары, қару-жарақ пен жылқы сүйек­терінің шашылып жат­қанынан көруге болады. Кейінгі заманда тоналғанын қазба жұмыс­тары кезінде топырақтың түсінің өзеруінен білуге болады немесе қорғанның жоғарғы қабатынан саңылаулар тапқан болар едік. Жерлеу орнындағы монолитте белбеу қалдықтары, оқшантай, мүрде таңбалары өзгеріссіз жатты. Бұл осы заттарға ежелгі заман тонаушыларының қол ти­гізбегенін көрсетеді. Бұл билік бір қолдан екінші қолға өткен кездегі ғұрыптық тонау. Сол заманда өштескен тайпалар жерленген көсемнің алтындарын шашып, киімдерін, қаруын лақтырып кеткен. Бірақ ештеңе алмаған. Өйткені ол заманда көсемнің денесінен алған алтындарын тай­паластары бірден таниды. Көсемнің заттарын қай зергердің жасайтынын олар жақсы біледі», дейді Тасқопа обасындағы қазба жұмыстарын жүргізген археолог Арман Бисембаев. Ақтөбе облысы аумағында киіз үй пішінді сармат қорғандары бастапқы үйілген бейнесінде сақталмаған. Ал Қызылорда облысы аумағында сармат заманында соғылған сегіз қырлы, саз балшықтан тұрғызылған қорғандарды көруге болады.

Санкт-Петербург Материал­дық мә­дениет институтының реставраторы Владимир Курганов обадан табылған сүйектерден көсемнің бейнесін қалпына кел­тірсе, беліндегі бес қаруын жер­гілікті шебер Ерқосай Әбілев түгендеді. Ақтөбелік зергер Болат Атыраубаев бастаған 7-8 маман 3 мыңға жуық алтын көшірмелерді дайындады. «Украина мен Ресейден қосымша ақ­парат алып, теориялық дайындықтан кейін ғана жұмысқа кірісіп, Ә. Марғұлан атындағы Архео­логия институты ма­мандарының ақыл-кеңесімен жүр­гіздік. Ақтөбеде бірінші рет сар­мат көсемінің бейнесін жа­са­дық деп айта аламын. Кір­пі­гін, сақалын, бөлек-бөлек тік­тік. Нәтижесінде шайқастан шы­ғып келіп, дем алып отырған көсем бейнесі шықты. Мұқият қара­саңыз, қолының тамырларына дейін көрініп тұр. Үш мың алтын бұйымды былғарыға тігу де оңай болған жоқ. Барлығын жергілікті шеберлер әзірледі», дейді Болат Атыраубаев.

Қазіргі уақытта 2021-2025 жыл­дарға арналған «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы» аймақтық ғылыми бағдарламасы әзірленіп, бірнеше бағыт бойынша жұмыстар әзір­леніп жатыр. Соның ішінде Мұ­ғалжар ауда­ны Төлеубұлақ үң­гірінде сақталған алғашқы қауым­дық құрылыс адамдары таңбалаған петроглифтер мен ежелгі мал өсірушілер мен метал­лургтерді зерттеу, Хромтау ауданындағы Моңғолсай және Ойсылқара тарихи-мәдени ке­шендерін, Жезді-Доңызтау ай­­мағындағы оғыз дәуірінің ес­керткіштерін зерттеу қамтылып отыр. Осы жұмыстар Әлкей Мар­ғұлан атындағы Археология инс­титуты, Ш.Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титуты, Қ.Жұбанов атындағы Ақ­төбе өңірлік мемлекеттік уни­вер­ситеті ғалымдарының бір­­лес­кен жұмысы арқылы жүзеге аспақшы. Зерттеу жұмыс­та­рының қорытындысы бойын­ша осы жылдың соңында моно­графиялық еңбек шығару жос­парланып отыр.

 

Ақтөбе облысы

© egemen.kz